Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Құдайдан қайтсын де, ортақ Рысқұлов. Адамнан жақсылық қайтар деп кеп дәмеленбеймін. Бұл бала өсіп, өрлеп, менің басыма көк тас қояр деймісің... – деп Мирза-ауф баланың сүлдерін арбадан көтеріп алып, дуалдың түбіндегі арпа ұнынан босаған қаптардың үстіне отырғызып қойды. Ішкі үйге өзі кіріп, қол бақырмен атала алып келіп, баланың аузына тосты. Сонда салғырт, самарқау сүйек кенет тіріліп, шидей қолымен көлбақырды қарыса ұстап, тұмсығын сұғып кеп жіберді. Мирза-ауф баланың басын бақырдан әрең ажыратты.

– Бірден көп ішуге болмайды, бейшара! Көтере алмай өліп қаласың.

– Көтере алмайтындай майы кілкіп тұр ма еді? –деп ызалы мысқылмен Тұрар бір түйреп қалды. Бұл кезде Мирза-ауф қолбақырды әйелдің аузына тосқан. Әйелдің көнектей күлкілдек ерні икемге келмей, аталаның бірер қасығын омырауына төгіп алды. Анаған, анаған бер деп ишара етті байғұс ана баласын меңзеп.

Осы кезде екпіні үй жыққандай ойқастап бір топ адам cay ете қалды. Ортасындағы ақ шекпенді, құндыз бөрікті Айбарды Тұрар бірден таныды, басқаларын түстей алмады. Бірақ түрлері өрт сөндіргендей түтікпе екен.

– А-а, Тұраржан, Меркені бүлдіргенің аз еді, енді қасиетті Әулие-Атаға ауыз салдың ба? Бұл киелі шаһар, әулиелер жайлаған мекен. Сендей ібіліс арамдамаса керек еді бұл қасиет ордасын! – Айбардың сол көзінің алды ырбаңдап тарта беретін болыпты.

– Ақсақал, Меркені бүлдіріп болып, қасиетті Әулие-Атаға ана алты қарыс азуыңызды салып тұрған өзіңіз емессіз бе? Аузыңызда сәлеміңіз жоқ, бірден қабатын әдетіңіз әлі қалмаған екен. – Тұрар айылын жимай, сескенбей сөйледі.

– Сәлем сенің не теңің, бәтшағар. Кісімси қалуың әкеңнің соңынан кетейін деп жүрген жүгермексің ғой. Өлетін бала – молаға қарай жүгіреді. Маған тиісіп нең бар еді? Енді оңбайтын болдың ғой. Әлі де болса, тәубеңе кел де, ана Кәрімбай, Төребек деген төбеттеріңе менің мал-мүлкімді талаттыруыңды тоқтат! Естимісің-ей, мұртың өрге шаншылып тұр ғой өзіңнің!

Тұрар тікірейген бармақ мұртын саусағымен сипап қойып, мырс етті.

– Ақсақал, үп-үлкен кісісіз, әдептен адасасыз. Мәмілеге келетін келелі адам бұлай сөйлеспейді. Ал қоқан-лоқыдан қорқатын кісі біз емес.

– Ал мәмілеге келгенде былай, көбегім. Осы Әулие-Атада менің үш жерде маһазинім бар. Меркеде де бар, өзің білесің. Мұндағы маһазиндеріме әлгі айтқан Кәрімбай Қошмамбетов, Төребек Исабеков дейтін бірі қазақ, бірі қырғыз, Гурбенко дейтін орысы және бар, міне осылар тиісті. Меркедегі мүлкіме Мақсұт Жылысбаев, Қабылбек Сармолдаев дейтіндер қол салды. Олар да сенің адамдарың. Барлығын айдап салып отырған сен. Неге екенін түсінем: менің ұлым, Атамырзамен ата жау болып алдың да, енді сол жаулығыңды маған да салдың. Атамырзаның да түбіне сен жеттің. Дүниеден Атамырза жойылып, сен жайбарақат жайраңдап жүре алмассың. Ана дудар басыңды қан тартып тұр. Енді менің соңыма түстің, бәтшағар. Осының әділет пе? Қасқыр тартып қан шығарса, жаман иттер жұлмалап жей бастайды. Сен аузыңды бір салып едің, енді Әулие-Атаның күллі жоқ-жұтаң қарабақырлары сені көріп, туталақай қылмақшы. Уақытша үкімет мені қорғайды, білесің. Енді болмаса, тура Керенскийдің өзінен бір-ақ шығамын. Ал, оған дейін бәленің бәрін бастаған сенің желкеңді желкектей қиып, ана дудыраған басыңды ағаштағы алмадай жұлып аламын, найсап!

Айбар шал шоқпар шүйдесі ісініп, қалшылдай бастады. Қасындағы ерткендері де арс-арс етіп қалып, көздері қанталап, шатақ іздеп шатынап тұр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий