Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рысқұлов жан-жағына қарап еді, өзіне қадалған көп көздермен ұшырасты. Низамеддиннің ұсынысын олар да іштей құптаған сияқты. Басшының алдын орап, ықыластың соңында қаларын, Кушекин мұны қырына аларын біле тұра, көп қалауына қарсы келмей, қос қолымен ұзын үстелдің кенерін тірей, орындығын әдейі сықырлата түрегелді. Қимылсыз отырған адамдар арқаларынан ауыр жүк түскендей, қозғалақтай бастады. Кушекин басын көтеріп, Рысқұловқа түйме көкшіл көздерін қаһарлана қадап, «бұл не?» дегендей пішінде қалды. Мәжілісті өзі ашуы керек еді, бірақ енді кешіккенін сезіп, іші-бауыры шоқ түскендей қызып ала жөнелді. «Рысқұлов! Шошаңдамай отыр!» – деп жекіріп тастағысы келді. Бірақ бұл сөздерді үнсіз айтты. Сондықтан да боржыңқыраған қызыл беттегі бұршақтай қара сүйеліне дейін қызарып кетті. Ұйықтап жатып бастығырылғанда адам түсінде ышқына айқайлайды, бірақ үні шықпай қалады. Бір сәтке Кушекин де сондай хал кешті. Әлгі сөздерді дауыстап айта алмайтынына өкінді. Өйткені мына жас комиссар да өзі сияқты президиум мүшесі. Дәрменсіздік долы ашуға айналды да, сол ашуына өзі булығып отыра берді. «Мұның мұндай боларын білгенімде о баста-ақ тұншықтырып тастар едім-ау, – деп өкінді. Марқұм Вотинцевтен болды. Мұны Әулиеатадан алдырған, комиссар тағайындатқан сол. Ә дегенде-ақ лапылдап келді, енді өшіре алмайсың. Алдын орай берейін десең, арыны қатты асау аттай қағып кетеді. Сөзден жеңілмейді, ойдан кенде емес. Қайта ТүркЦИК мәжілістеріндегі көп айтыста мені иықтап кете береді. Жабайы киргизға мұндай дарын қайдан біткен?».

– Жолдастар! – деп Рысқұлов Кушекиннің кіжіншек ойын бөліп жіберді. Рысқұлов қанша сабырлы болса да, алғашқы сөзі дірілдеңкіреп естілді. Бірақ келесі сөздері мүлтіксіз, мүдіріссіз шықты.

– Түркістан революциясы айтып болмас ауыр қазаға ұшырады. Тап жаулары біздің ең табанды жолдастарымызды опат қылды. Опасыз Осипов алдап қолға түсіріп, он төрт комиссарды атып жіберді.

ТүркЦИК төрағасы Вотинцев

Түрксовнарком төрағасы Фигельский

Ташкеңес төрағасы Шумилов

Ташкеңес раисының орынбасары Финкельштейн

Азық-түлік комиссары Першин

Еңбек комиссары Качуринер

Ішкі істер комиссары Малков

ЧК төрағасы Фоменко

Жол-қатынас комиссары Дубицкий

Төтенше әскери сот төрағасы Червяков

Редактор Троицкий

Партиялық жасақ төрағасы Шпильков

Ташисполком мүшесі Гордеев

Ташкент еңбек комиссары Лугин

– Орындарыңыздан тұрыңыздар, жолдастар! Опасыз жау қолынан опат болған қарулас, идеялас, армандас достарымыздың рухын құрметпен еске алайық!

Орындықтар сықырлайды. Бұл сықыр азалы оркестр сияқты. Бәрі де тікелерінен тік тұрып, үнсіз қалған. Бір минут – мәңгілікке ұласқандай көп заман өтті. Осы сәл сәт ішінде бәрі де зілмауыр ойлар ауыртпалығын зарыға көтеріп тұрған. Кушекиннің тізесі дірілдей бастады. Тіпті құлап кететіндей үрей биледі. Өзінің қозғалақтай бергенін ақтамақ болып, қалтасынан орамалын алып, ақ кірпік, көк түйме көздерін сүртеді. Орамалды қалтасына қайта салмақ болады. Дірілдеген қолы қалтаның аузын бірден таппай, өз бөксесін сипалап барып, еріксіз, креслоның арқалығынан ұстай алады.

Рысқұлов Низамеддин Ходжаевтың шықшыты бұлтылдағанын көреді. Оның жанындағы Сағдуллаходжа Тұрсынходжаевтың мұрты өрге шаншылған. Міз бақпайды. Бетінің бір тамыры да бүлк етпейді. Осылайша бір сағат тұра беруге пейіл.

– Отырыңыздар.

Орындықтар тағы сықырлайды. Кушекин бір қанар құм құлағандай, сылқ етіп отыра кетеді.

– Ал біз жауды жеңдік, – деген Рысқұловтың сабырлы даусы құлағына келеді. «Мынау тағы сөйледі-ау», – деп тыржияды.

– Осипов жаралы қаншықтай қаңсылап қашып кетті, – дейді Рысқұлов аспай-саспай. «Осының өзі төраға болғысы келгеннен сау ма?» – деген күдік Кушекинді жегідей жей бастайды. – Тірілердің тіршілігі бар, – дейді Рысқұлов. – Революция тұншыққан жоқ. Алдағы күнді ойлап, іске кірісейік. Мәжілістің ендігі тізгіні өзіңізде, жолдас Кушекин. Еңсеңізді көтеріңіз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий