Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Құдайым-ау, не деген қатыбас уақыт! Жылдар бойы зарығып көргенде, бір ауыз сөзге келтірмеген не деген сұмдық! Соғысқа бара жатсаң, енді қайтып көрісуіміз де екіталай ғой. Тым болмаса, қайдан келдің, халің қалай деп те сұрамадың-ау, Тұрар.
Қыз дәл есіктің көзіне тұрып алып, Рысқұловтың жолын кесті. Әлгі алау сезім, заңғар дүние, бір сәттік керемет кеңшілік кенет тарылып, су сепкендей, айнала қарауыта бастады.
Рысқұлов қызды ренжітпеуге тырысып, иығынан құшып, абайлап қана жолдан ысырып, есіктің жез тұтқасына қол созды.
– Біз жолығамыз, Наташа. Кең-мол отырып, армансыз әңгімелесеміз. Мына оңбаған Осиповтың ойранын көрмейсің бе? Ал қош, көріскенше...
Рысқұловпен бірге ауыз үйге Наташа да шықты. Көмекші Ләзиздің миығындағы қу күлкі лезде лып етіп өшіп, комиссардың әмірін күтіп қалшиды да қалды.
– Қаруың қайда? Жүр соңымнан!
Рысқұлов сыртқы есіктен атырыла шығып бара жатып, артына бұрылып үлгірді. Наташа қара шілтерді бетіне қайтадан түсіріп, көгілдір түлкіні мойнына қымтай орап алған екен.
Түнек бұлт бүркеніп қалған ай сияқты, жаңа ғана жарқырап тұрып, лезде шілтер тұтқаны Рысқұловтың жүрегін жырымдап жібергендей болды. Бірақ аялдауға мұрша жоқ еді. Бұл сағынышты адамның сүйкімді сүйрік саусақтарын сипалап тұрғанда, ту сыртында алай-түлей айқас басталып кетіпті.
Рысқұлов мәрмәр баспалдақтан секіре түсіп бара жатып: «Адресін де сұрап алмадым-ау, – деп қынжылды. – Осы Ташкентте тұра ма, әлде Алматыдан келді ме? Мені неге іздеген? Шыннан ұмытпағаны ма?». Іле-шала тағы бір ой: «Станция басына қалай жетеміз? Қалай топтасамыз? Қару қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қарудың бәрі сонда!» – деп келіп килікті. Ілезде: «Қап, Наташаға бір ауыз жылы сөз айта алмадым-ау. Ол кіріп келгенде тым сіресіп, сыздана қалғаным нем? Ұят-ай», – деді. Іле-шала: «Сағдулла мен Низамеддин Ескі Ташкент қауымын көтерсе, станциядан жұмысшыларды көтерсек, «атаңа нәлет Осипов, ойқастарсың әлі!» – деп кіжінді. Ілезде: Жаңағы Наташа қаңғыған оққа кезікпесе неғылсын? Маған қатты ренжіп қалды-ау, сірә? Жөндеп қоштаса да алмай шықтым-ау!». Іле-шала: «ТүркЦИК қоршауда қалса, қалай бұзып шығарамыз? Қоршамай тұрғанда үлгірсек? Тұрсынходжаев Ескі шаһарға жетті ме екен? Низамеддин Ходжаевты тапты ма екен? Әй, сондағы Кушекиннің Низамеддинге шұқшиғаны-ай. Сенбеді-ау, сенбеді. Ал сенген Осипов не істеді? Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында. Ай, данышпан халқым-ай! Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайымнан шөңге суырылар күн қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қазақ-қырғыз ашықса ашыға берсін, бір тиын қаржы бөлінбесін, қару-жараққа жұмсалсын деп еді-ау».
Рысқұлов қып-қызыл оттың ішінде кетіп бара жатты.
III
Казарма биік дуалмен қоршалған. Жалғыз казарма ғана емес, жалпы Ташкенттің көп үйлерін дуал қамап тұрады. Тұтас көшелер, толайым махаллалар биік дуалдан паранжа жамылып алған. Өзге дүниеден өзін қорғалап, жан-жағын тұйықтап, қорасын бекітіп отыруға қадим замандардан бергі талай-талай талайлар үйреткен болар, Түркістанның қалалары түгел дерлік дуалмен қымтаулы келер еді.
Тіпті жеке-жарым үйлер, көшелер тұрмақ, қала түгел биік қорғанның ішінде тұрған заман болған. Соның бірі – Ташкент қой. Бірақ Ташкент тас қамалмен қанша қымталғанмен, Шыр-шайпаша генерал Черняевтің зеңбіректеріне түк те төтеп бере алмай, қақпалары шалқалай түсіп, ашылып-ашылып жүре берген.
Казарма губернаторлар дәуірінде күйген қызыл кірпіштен мықтап салынған биік дуалдың құндағында еді. Соғыс комиссары Осипов қарауындағы Ташкент гарнизоны осы казармаға орналасқан.
Қаңтар айының қысқа күні күңгірт тартқанда, комиссар Осипов Түркістан басшыларының орнынан табылғандарын түгел казармаға дабылдата шақырады. «Ойбай, жау келіп қалды, ақылдасайық, әскер дайындығын көзбен көріңіздер, жауынгерлерге сәт сапар тілеп, жігер беріңіздер», – деп сендіреді.