Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ресей империясының орасан отарлық бөлігі сары бояумен боялған. Неге сары? Күні ыстық, ауасы құрғақ, жері қуаң болғандықтан ба? Бірақ мұнда да жер көгеріп, жасыл желек жамылатын мезгіл болады. Каспийден бастап, шығыстағы Тарбағатай, Қытай шекарасына дейін керіліп жатқан кең дүниеде сары реңді шөлден басқа толып жатқан шұраттар бар. Бірақ карта бояуы сары. Халықтың сары уайым мен ащы запыраны шығар.

1867 жылы тұңғыш рет фон Кауфман билік құра бастаған бұл өлкеге Арал төңірегі, Каспийден бергі Түрікменстан, Үстірт адайлары, Қарақалпақстан, Өзбек елі, Тәжікстан, таулы Қырғыз, байтақ Сырдария губерниясы, Жетісу губерниясы кірер еді.

Рысқұловтың қабағы түйіле қалды. Картада Қазақстанның жартысынан көбі жоқ. «Бөліп ал да, билей бер» деген патша саясатының залымдығын жаңа сезіп тұрғандай, кенет тісі ауырған адамдай бет-әлпеті өзгерді. Жер бетінде қазақ деген халық бар. Оның ғасырлар бойы жаумен жағаласып жүріп мекендеген жері бар. Ал патша келеді де сол қазақтың жерін бөліп-бөліп Арқа мен Алтай жағын «Степной край» деп Омбы генерал-губернаторына бағындырады. Батыс бөлігін Орынбор әкімшілігіне қаратады. Ал Сыр бойы мен Оңтүстік, Жетісу қазақтарын Түркістан генерал-губернаторлығына қосады. «Бөліп ал да, билей бер».

Рысқұлов картадан бармақтай ғана жерді алып жатқан қырғыз еліне қарап, ызалана мырс етті. Патша Қырғыз Алатауының теріскейінде жатқан қырғыздарды Жетісу оязы мен Әулиеата оязына бағындырады да, күнгей қырғыздарды Ферғанаға жыға салады. Ал Түркістанның қақ ортасынан Бұхара мен Хиуа хандықтарын «тәуелсіз» мемлекеттер етіп қояды. Сөйтіп, біртұтас өзбек те жоқ. Бәрі бөлек-бөлек. «Бөліп ал да, билей бер». Бұл залым сөйлемнің төркіні ағылшындардан шыққан: «Рул энд дивайд». Отаршылдықтың жілік майын жұтқан ағылшындардан осы сөзді орыс патшасы қағып алып: «Разделяй и властвуй» деген қағидаға айналдырады. «Бөліп ал да, билей бер».

Рысқұлов алақанымен Әулиеата тұсын сипалап қойды. Құлағына Дәуіт шалдың айқайы келді. «Талас бойына қол ұшыңды бер!» – деп еді. Күні кеше Әулиеатаға Кеңес өкіметін орнатысқан. Бір жылға жетер-жетпес сол Әулиатаны басқарады. Бір жылға жетпесе де, жүз жылға бергісіз. Қуанышы, қасіреті аралас. Қасіреті басым шығар. Аштықпен арпалыс. Солшыл эсерлермен арпалыс. Меньшевиктермен, жергілікті бай, саудагерлермен дамылсыз айқас. Кулактар көтерілісі. Кулактармен арпалыс.

Қасиетті Әулиеата. Күні кеше оның бір түкпірінде топырақ болып томпайып жатқан Рысқұлмен қоштасты. «Көке, сен өмір бойы әділет үшін жағаласып өтіп едің. Әділетті болуға ант етемін», – деді әкесінің қабірі басында.

Ал енді әділетті болып көр. Түркістанның астанасы – Ташкенттің қақ төрі. Алдында – карта. Жаңа өкімет бұған ауыр міндет жүктеді. «Бүкіл Түркістанды аштықтан сақта», – деді. Аштық жайлаған, азап жайлаған Түркістанның қай пұшпағына жедел жету керек? Талас десе, Ферғана қалып барады. Үкімет басшыларымен таласып-тармасып жүріп, жырып алған аз қаржыны Ферғанаға берсең, Сыр бойы ыңырсып тұр. Кулактардың қорлығынан әлі құтыла алмаған Жетісуды қайда қоясың?

Түркістан үкіметінің басшылары бастапқы пәрмен бойынша мұны денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады. Кешегі тар заманда бұл жетім жүрегін сүрелеп, жанталасып жүріп алған білімі әуелі орман-тоғай мамандығы; одан кейін мұғалімдік еді. Әсте дәрігер емес. Ағаштың, тал-дарақтың, бау-бақшаның ауруын емдей алар, ал адамды емдеуді оқымаған. Бірақ денсаулық сақтау комиссары. Егер Түркістан өкіметі Денсаулық сақтау комиссарлығының өзіне тікелей мамандығы жоқ адамды қойса, есіл Түркістанда дәрігерлер қайдан болсын?! Бар болса, мыңға біpey табылар ма екен?

Аз күннен кейін Рысқұлов ТүркЦИК-тің мәжілісінде сөз сөйлеп:

– Қазіргі таңдағы басты апат – аштық, – деді. – Оны жоймай, ешқандай денсаулық сақталмақ емес. Мені денсаулық сақтау комиссары міндетінен босатыңдар. Аштықпен күрес комиссариатын құрыңыздар. Оның комиссары етіп мені тағайындаңыздар, – деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий