Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Жолдас Тұрсынходжаев, мәжілісті сыйласаңыз, бас киіміңізді алып отырыңыз. Ал бас киім шеше алмайтындай кінәрат бар болса, амал жоқ, – деп езуі қат-қабат болып, ыржия күлген.
Сонда Тұрсынходжаев мұрты құлағына жеткенше шаншыла түсіп, басынан құндыз бөркін жұлып алып:
– Жолдас Кушекин, менің басым, сіз ойлағандай таз емес. Шаш деген жетеді. Тіпті әлдекімдерге қарайласуыма да болады, – деп бөркін қолына кигізіп, дөңгелетіп дөңгелетіп қойып еді.
Кушекин өзінің жап-жалтыр басын сипалап, қызғылтым жүзі қанқызыл болып қысылып қалған.
– Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары жүреді. Сіздікі де, менікі де әзіл болсын, жолдас Кушекин. Кешіріңіз, – деген Тұрсынходжаев ыңғайсыздықты сейілткісі келіп, – Бала жастан бас киіммен отыру әдетке айналған. Мен Крайком, Түркатком сияқты киелі мекемеге бас киімімді емес, аяқ киімімді шешіп кіремін. Калошым босағада қалды. Кір-қоқыс басқа емес, аяққа ілеседі.
– Кім біледі, кейбір жолдастардың басында да кір-қоқыс болуы мүмкін, – деп Кушекин кегін кешіре алмай, зілденіп, күрең-қызыл, жып-жылтыр бетінің алауы қайтып, боп-боз, сөнік көзі мөлие бастаған. Тұрсынходжаев есесін жібергісі келмей, мұртын ширата беріп еді, Рысқұлов:
– Іліксіз, қағытпасыз сөйлесейік, жолдастар, – деп басу айтқан.
Телефонның шар-шар ете қалғаны сонша, түйетауықтай қара қорап селкілдеп кетті. Рысқұлов тұтқаны жұлып алды.
– Тұрар, – деді ар жақтан Тұрсынходжаевтың қатқыл даусы. – Низамиддинді таппадым. Осы тегін емес. Сақ бол. Осиповтен қаупім бар. Мен тағы барлау салып көрейін. Телефон күт.
«Сақ бол, – дейді. – Осиповтен қаупім бар, – дейді. Сонда қалай? Түркаткомның мәжілісі сайын құлшына сөйлеп, Кеңес өкіметі жолында жанын қиып жіберуге дайын тұратын сабаз осы Осипов емес пе еді?».
Рысқұлов телефонға телміріп, мына түйін сұрақтың шешуін содан күткендей, сілейіп тұр. Терезеге көзі түсіп еді, шыңылтыр аяз шыныларына кәдімгідей шілтер тоқып үлгеріпті.
Талғар таудың бауырындағы жеркепе үйдің қырық құрақ жалғыз терезесіне де осындай ақпан аязында нешебір ғажайып суреттер түсіп қалар еді. Таңертең таудан асып, терезеге күн сығалар еді. Күн жарықтықтың бір жақсылығы, тұлдыр кедейсің демейді. Сәулесін әмме жанға: байға да кедейге де бірдей шашыратады. Сонда әлгі аяз салған суреттер алтын жалатқандай құлпырып кетеді. Құрақ терезенің сызықтары қырғауылдың қауырсынындай сан құбылып, таңғажайып әдемі әлем пайда болар еді. Тұрар аласа ағаш төсектен тұрмай, сол суретке қарап көп жататын. Кішкентай Рысқұловтың алғаш көрген сурет галереясы – қырық құрақ жамаулы терезенің қырау суреттері еді. Өгей шешесі Ізбайша баланың әйнектен көз алмай қалшиып жатқанына қарап, таңданып, ернін сылп еткізер еді.
Қазір де шыныдағы шілтер суретке қадалып, әр түрлі ойдың шырмауында тұрғанда, көмекші жігіт кіріп келді. Ақсары жүзі алаулап, бетіне қан жүгіріпті. Артық ауыз сөзі жоқ, әскери адамша тақ-тақ жүрісі біртоға жігіттің бұл жолы орынсыз күлімдегені несі екен?
– Тұрар ака, сіздің қабылдауыңызға бір бикеш келіп отыр.
Мына аязбен бірге аштық қысқан қаһарлы күндерде Рысқұловтың қабылдауым сұраған адамдар көп. Оған таңданатын дәнеңе жоқ. Әлде көмекші Ләзиздің жымыңдауы әсер етті ме, әлде өзінің жүрегі бірдеңе сезді ме, Рысқұловқа бұл хабар ерекше мәнді болып естілді де, абыржып қалды.
– Кім екен? Нe мәселе?
– Өзім айтам дейді. Тікелей өзіңізге.
Ләзиздің көзі тағы күлімдеді.
– Кірсін, – деді Рысқұлов көмекші жігіттің қутыңдағанына түсінбей.
Мойнына көкшіл түлкі салған, басындағы жасыл кәмшат бөріктен төмен қарата бетін бүркеп, қара шілтер түсірген қыпша бел қыз кіріп келгенде, Рысқұлов:
«Бұл аш емес. Мұның арызы басқа болар, – деп ойлады. – Дәу де болса, экспроприацияға ұшыраған бай тұқымы шығар. Мүлкімді қайтар деп арыз айта келген ғой. Мұндайларға қайырымсыз бол, Тұрар!».
– Келіңіз. Мен сізді тыңдап тұрмын, – деді Рысқұлов әйел затын сыйлағандықтан ғана креслоға отырмай, тікесінен тік тұрып.