Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Түркістанды жау қоршап тұрғаны рас. Оны дұшпаннан қорғағаннан артық қандай парыз бар? Комиссарлар шұғыл шаруаларын тастай салып, салып ұрып казармаға жетеді. Жетеді де...

Екі омырауында екі қызыл жұлдыз бар жасыл қақпа екі жаққа алшайып ашыла бергенде, алғаш кірген күйменің ішінде Вотинцев пен Фигельский бар еді. Жол рәсімімен күймеден бірінші болып Вотинцев түсті. Әуелі алагеуім ауланың ішін барлады. Оның ойынша плацалаңға қазір әскерлер тізіліп тұруы керек еді. Соғысқа аттануға сақадай сай тұруы керек еді. Вотинцев сол сап алдында сөз сөйлемек болған. Айтар сөзін жол-жөнекей асығыс жұптап келе жатқан.

«Қызыл қырандар! – деп бастамақшы еді. – Кеңестік Түркістанның басына қауіп төнді, қара бұлт үйірілді. Сол бұлтты түріп тастап, жарқыраған күннің көзін аршитын сендерсіңдер. Қатерлі қорқауларды аяусыз соғыңдар! Жеңіс жолында, пролетариат ісі жолында қасық қан аямаңдар! Кеңес өкіметінің Түркістандағы туы сендердің қолдарында. Сол туды жығып алмаңдар. Сәт сапар!».

Республика президенті осылай демекші еді. Бірақ сап түзеген қырандар көрінбейді. Тұнжыр тұқыш екі-үш адам үн-түнсіз келді де, келеңсіз қылық көрсетіп, мұның екі қолын лезде артына қайырып, кісен салып тастады, қалтасындағы қаруын суырып алды. Ауланың арғы түкпіріне ала жөнелді. Ауыз ашып, «ау, бұларың не», – деуге мұрша келтірген жоқ.

Фигельский де Вотинцевтің кебін киді.

Бұдан соң бірінен кейін бірі тағы да он екі комиссар келеді. Бәрi де қызыл жұлдызды жасыл қақпадан өтеді. Ешқайсысы да соңғы қақпа екенін сезбейді. Қылышын алыстан қайраған қас дұшпаннан қасыңдағы опасыз жаман. Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында. Қайран қазекем...

Ауланың арғы түкпірінде ұзыннан-ұзақ бастырма бар. Ар жағы тас қабырға, бер жағы бастырманы ұстап тұрған қатар-қатар бөрене тіреулер. Қараңғыда Римнің салтанатты сарайларының мәрмәр колонналарындай сәнді көрінеді. Бірақ жақындай берсең, тезек сасиды. Тас қабырғаны жағалай атақыр болатын. Бұл гарнизонный атқорасы еді.

Атқораның тұйық түкпірінде арқаларын тас қабырғаға жапсырып, он төрт комиссар тізіліп тұр. Вотинцев жотасымен қабырғаны итеріп көрді. Жауырынына үшкір тас қадалды. Жотамен итергенге қабырға құламас. Тас дуал қазір Осиповтай қатал, қатыгез.

– Опасыз сатқын Осипов! Енді не күтіп тұрсың? Істер сойқаныңды істемейсің бе? – деп айқай салды он төрттің ішінен біреуі.

Күтірлетіп кеурек жоңышқа жеп тұрған аттар ащы айқайдан осқырынып, бастарын ақырдан көтеріп-көтеріп алды.

– Асықпа, Фоменко! – деді сидаң бойлы, сұлу, сымбатты Осипов екі қолын артына ұстап, ары-бері аршындай жүріп. – Қайда асығасың? Бәрібір кешіктің. ЧК! Сені ЧК-ға бастық етіп қойған қайран, Кеңес өкіметі. Көрдіңдер ғой Кеңес өкіметінің қопал екенін. Енді басқа өкімет, нағыз өкімет болады. Бірақ оны сендер көре алмайсыңдар. Приходько! Қайда қалғандары? Қашанғы күтеміз? – деп Осипов бағанаға ілулі фонарь жарығына қолын созып, сағатына қарады.

Рысқұлов пен Тұрсынходжаев, тағы әлгі кім еді... Низам Ходжаев келмей жатыр.

Рысқұлов дегенде, азық-түлік комиссары Першин еңсесін көтеріп, қозғалақтап қалды. Қартаң тарта бастаған ақ самайлы комиссардың құлағына ызыңдап, алыстан талып: «Алло, алло! Әулиеатадан сөйлеп тұрған большевик Рысқұлов. Уақытша үкімет Ташкентпен телеграф қатынасын үзіп тастады. Темір жол телеграфымен әрең жалғасып тұрмын. Ташкентте не болып жатыр? Бейхабармыз. Қандай бағыт бересіздер? Мен – Рысқұлов!»

Сонда осы Першин: «Жолдас Рысқұлов! Ташкентте Уақытша үкімет құлады. Кеңес өкіметі орнады. Әулиеатада да өкіметті өз қолдарыңызға алыңыздар!» – деп еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий