Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Басшылар ойланып қалды. Денсаулық сақтау комиссариаты қай заманда да бола бермек. Аштықпен күрес комиссариаты тоқшылық келген күні керек болмай қалады. Мына жігіт әріден ойламай ма, қалай, – дегендер де болды. Бірақ ұсынысын қабылдады.
Қомақты қара үстелдің бір шетінде күркетауықтай қорбиған телефон шар-шар ете қалды. Рысқұлов карта алдынан бұрылып, тұтқаға қол созды.
– Тыңдап тұрған Рысқұлов.
Ар жақтан ентіккен дауыс орысшалап:
– Жолдас Рысқұлов! Сізді Осипов шұғыл мәжіліске шақырады! – деді.
Рысқұлов қасын кере таңданып, сәл кідіріп барып:
– Қайда? Қайда? – деді.
Ар жақтағы дауыс бұл жолы өктемірек естілді:
– Соғыс комиссары Осипов гарнизонға шақырады. Тез! Басқа комиссарлар күтіп отыр. Шұғыл жағдай!
– Қазір. – Рысқұлов ірі ісектің жілігіндей тұтқаны салмақтап тұрды да, ұясына қондырып, одан қолын айырмаған қалпы қалшиып тұрып қалды. «Мұнысы несі? ТүркЦИК-тің төрағасы Вотинцев шақырса бір сәрі, Түрксовнарком төрағасы Фигельский шақырса бір сәрі, ал комиссарды комиссар өзіне бұйырып шақыра ма екен?».
Көңіліне күдік кірді. Сан-сапалақ ойлар жан-жағынан қамалап келіп тұрып қалды. «Әлде Каспий майданында қатты өзгеріс болып, жау Ташкентке таяп қалды ма? Орынбор майданының шебі бұзылып, Ташкентке төніп келетіндей реті жоқ. Жетісу майданы да жер түбінде. Әлде Ферғана басмашылары басып кірді ме?»
Ташкентке түнде тұңғыш рет жалаңқат жұқалаң қар жауып, арты қалың тұманға айналған. Кабинет іші күңгірт тартқан соң шамдалдар жағылған. Рысқұлов жез қоңырауды сылдырлатқан заматта қара қайыспен қапталған ауыр есік салмақпен ашылып, ар жақтан ашаң жүзді, ақсары жігіт гимнастеркасының етегін тартқылай, белдігін түзей түсіп кіріп келіп, Рысқұловтың тапсырмасын үнсіз тосып, тұрып қалды.
– Маған Вотинцевті жалғастыр.
– Құп болады, Тұрар ака.
Жігіт жалт бұрылып шығып кетті. Қаптама қара есік сабыр сақтап, салмақпен қайта жабылды. Опыр-топыр ойлар қайта оралды. «Осы Осипов дегенді суқаны сүймейтіні несі? Соғыс комиссары. Мен күдіктенетіндей ол сатқын болатын болса, бүкіл қарулы күш соның қолында, лезде талқанымыз шығады-ау. Қой, олай болмас. Вотинцев оны комиссарлыққа танымай тағайындаған жоқ қой».
Осиповтың ұдайы лепіре сөйлейтіні құлағына келді:
– Жауларды аяусыз жою керек! Революция менің пірім, оның жолында қасық қанымды аямаймын!– Ешкім одан ант талап етпесе де ТүркЦИК мәжілісі сайын сөз сарыны осылай келетін. Кім біледі, мінез шығар.
Жуан қайыс белдігін тағы да қыналай түзете-түзете көмекші жігіт қайта кірді. Рысқұлов оның белдікпен алыса бергенін бұрын байқаса да, бұл жолы: «Шалақұрсақ-ау байғұс», – деп ойлады.
– Вотинцев жауaп бермейді, Тұрар ака.
«Бұл қалай болды?» – дегендей, Рысқұлов енді өз телефонына қол созды. Түйетауық телефонның құлағын бұрап-бұрап, Фигельскийді сұрады. Фигельский орнында жоқ болып шықты.
Республиканың екі бірдей басшысы екеуі де орнында жоқ болғаны іштегі бір әлсіз күдікті күшейте түсті де, телефонмен Тұрсынходжаевты сұрағанын өзі де аңғармай қалды.
– А, Тұрар, сенбісің, даусың біртүрлі ғой, тыныштық па? – деді Тұрсынходжаев жарқын-жарқын сөйлеп.
Рысқұлов жағдайды түсіндірді.
Тұрсынходжаев ойланып қалды.
– Осиповке бармай қоя тұр, – деді ол сәлден кейін. – Мен Низаммен хабарласайын. Мүмкін, сол бірдеңе білер. Өзім телефон шылдырлатайын, мақұл ма?
– Мақұл, Сағдулла ака, мен тоса тұрайын, – деп Рысқұлов әуелі ершікті басып, тұтқаны жайлап қана ұясына қондырды. Көз алдына Сағдуллаходжа Тұрсынходжаевтың мұрты елестеп, жымиып қойды. Сағдулланың қап-қара мойыл мұртының екі ұшы ширатылып, өрге шаншылып тұрушы еді: Өмірі сәнді киінетін Сағдулланың ыждаһаттап күткен бір қазынасы осы мұрты болар. Мәжілістерде басынан дөңгелек құндыз бөркін алмайтын. Басқа өзбектер сияқты ала топы кимес еді.
Кушекин алғашқы кезде Тұрсынходжаевтың мәжілісте бөрік киіп отырғанын жақтырмай, бірде қағытып қалғаны бар.