Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Демек Рысқұлов та Осипов қазған орға құламақшы екен ғой. Аштықпен күрес комиссары Рысқұлов қызмет бабымен әсіресе Першинмен көп ұшырасар еді. Азық-түлік комиссары Першиннің қамбасы астыққа сіресіп тұрмаған. Қамба тақыр, азық-түлік тақұл-тұқыл Рысқұлов өзі аштан үзіліп бара жатқандай, кейде қаһарланып, кейде жыларман болып, тақыл-тұқыл тамақтың өзін зорлап тартып алғандай болып, аштардың құлқынына салатын.
Першиннің есіне енді түсе береді. ТүркЦИК мәжілісінде соғыс комиссары Осипов Першинді айыптады. Әскерге керек азықты Рысқұловқа бересің деп. Сонда Рысқұлов Першинді қорғап, Осиповтің аузына құм құйған. Оны әрине, Осипов кешіре қоймас.
– Приходько! Рысқұлов қайда? Қашанғы күтеміз?
Осиповтің көзі ақшаң етті.
– Келмей жатыр, иттің баласы. Сол-ақ менің шеңгелімнен шығып кете береді. Он алтыншы жылы Меркеде атылайын деп тұрған жерінен бір құтылып кетіп еді, орайы келген бір сәт осы қазір еді. Қап!
– Жарар, комиссар Рысқұлов бәрібір енді құтылмас. Бүгін болмаса, ертең, Приходько! Баста!
Приходько адъютант ұсынған қайыс кобдишадан санап тұрып он бес патрон алды да,он бесінші патронды қайтадан қобдишаға лақтырайын деп тұрып, ойланып қалды да, әуеге лақтырып жіберіп қақшып алып, мундирінің төс қалтасына салып,түймелеп қойды.
– Бұл ерекше патрон, – деп езуін қисайтты.
«Кімге» – деп ешкім сұрамаса да:
– Рысқұлов үшін, – деп қойды.
Он төрт патронның алғашқы жетеуін қолақпандай маузердің өңешіне бірінен кейін бірін сүңгітті. Екінші маузерге қалған жетеуін салды.
Ажал таянғанын сезген Ботинцев ақырғы сәтте ғайыптан бір көмек келердей алдағы қараң-қараң адамдардың басынан асыра мойнын созып қарады. Күрт-күрт жем жеп тұрған ереуіл әскери аттардан басқаша ештеңе көрінбейді. Кенет «Кушекин арамызда неге жоқ? Успенский қайда?» – деген ой сап ете қалды. Осипов оларды күтпейтін де сияқты. Осиповтың күтіп тұрғаны: Рысқұлов, Тұрсынходжаев, Низам Ходжаев. Өздері жаңа солай деді. Кушекин Вотинцевтің орынбасары ғой, әттең, көмек алып, жетіп келер ме еді. Ерекше бөлім бастығы Успенский бұл жайдан қалай хабарсыз? Неге жетпейді, неге құтқармайды?
Кенет Вотинцев Осиповтың тасасынан сұр пальтоның жағасын көтеріп алған, қаншырдай қатқан адамды әлдекімге ұқсатты. Әскери киімді емес. Кім болды екен? Бұл кім, Құдай-ау? Әне, аузынан қап-қара сигар оты жылтырайды. Стоп! Вотинцевтің қабылдауында болған ағылшын елшісі. Бейли! «Во-тен-цов мырза» деп еді. Апыр-ай, сонда Рысқұлов осы Бейлиге сұмдық бір сөз айтып еді: «Ашғабадтың ар жағындағы ағылшындарды Ташкенттен күтіп алуға келген жоқсыз ба?» – деп төтесінен қойып қалған. Бейли жалаңаяқ шоқ басқандай шар-шар еткен. Рысқұловтың сол күдігін сонда бірден ескерсе ғой Вотинцев.
Тым болмаса бір жанашыр есітер, есітер де Осиповтың кіммен байланысты екенін ел білер деген үмітпен Вотинцев:
– Бейли! – деп айқай салды. – Бейли!
Жағасы көтерулі сұр пальтолы, көзіне баса киген сұр шляпалы адамның қолынан қара сигар жалп етіп жерге түсті де, шоғы қырбық қарға быж етіп тиіп, сөніп қалды.
Артынша Приходьконың оң қолы селт көтеріліп, маузер үні гүрс етті. Бірінші комиссар бүк түсіп, тізесі бүгіле берді...
Қорадағы ереуіл аттар дүр-р-р етіп үріккенде ауыздықтар шақұр-шұқыр сыңғырлап, шылбырлар бырт-бырт үзіліп, бастырманы құлатып кете жаздады. Шылбырын үзгеннен кейін тым адырлары осқырына-пысқырына, кісіней-місіней ойқастап, ашық алаңға шығып кетті. Бірақ көшеге шыға алмас. Анандай зау дуалдан бұлар тұрмақ, Александр Македонскийдің Буцефалы да секіре алмас. Сондықтан Осипов және оның сыбайластары ә дегенде қобалжығанмен, аса саса қойған жоқ. Мылтық даусын көшедегілер естір деп те айылын жимайды. Казармадағы тарс-тұрс атысқа көрші-қолаңның құлағы үйренген. Ұзын атқора бір жағынан мылтық атып жаттығатын тир орнына да жүретін. Мылтық даусы бұл маңайдың халқы үшін үйреншікті тарсыл.