Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Екеуінен де көңілі қалғандай болған Кушекин Рысқұловқа өлердей ызаланып, іші-бауырына тотияйын сепкендей тызылдап кетті. Осы Рысқұловтың қалай комиссар болғанын есіне түсірді. Әуелі бұл Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы еді. Уездік Кеңестер төрағаларының Ташкентте өткізілген алғашқы жиналысында Рысқұлов Түркістан көлемінде жарқ етіп көзге түсті. Ақылына, шешендігіне, біліміне тәнті болған Вотинцев пен Фигельский Рысқұловты денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады. ТүркЦИК-тің көп ұзамай, келесі мәжілісінде Рысқұлов денсаулық сақтау комиссары міндетінен босату туралы арыз берді. Басшылар бұған түсінбей аң-таң болып отырғанда, Рысқұлов тағы бір қағаз ұсынды. Онда: Түркістанды аштық індеті алып барады. Ол жаудан да жаман. Сондықтан Аштықпен күрес комиссариатын құрып, өзін аштықпен күрестің төтенше комиссары етіп тағайындауды өтінді.
Вотинцев пен Фигельский бұл ұсынысты ешқандай қарсылықсыз қабылдады. Рысқұловқа сәлден кейін екінші қызмет жүктелді. РКП(б) Мұсылман бюросы президиумдерінің құрамына ендірілді.
«Иә, бұл солай, лезде алаулап ала жөнелген, бәрімізді жалынымен күйдіріп жібермесе жарар еді», –деп Кушекин опық жеп отыр. – Енді Вотинцев те, Фигельский де жоқ. Рысқұловтың арынын басар кезең де дәл осы шығар.
– Қазіргі аса қиын жағдайда революциялық жұдырық керек, – деді Кушекин ақ кірпіктің ар жағынан кішкене көзін бір жылт еткізіп, қайта жұмып алып. – ТүркЦИК пен Түрксовнарком ондай шымыр болмай шықты. Рысқұлов Орталық дейді. Орталық қайда, біз қайда? Арамызда Дутов жатыр, ар жағында Колчак тұр. Жағдай әрқалай. Сондықтан қазір Түркістанды жаудан сақтап қаларға тек Реввоенсовет қана дәрменді. Қазіргі таңда армияны сақтау – бірінші міндет. Армияны ұстап тұруға, оны асырауға тек Реввоенсовет керек. Реввоенсовет Түркістанды билейтін бірден-бір күш. Және ол қолына барлық билік тиген соң, армияны нығайта алады. Реввоенсовет қаржы табады. Біз қаржыны бір тиынын қалдырмай армияға жұмсауымыз керек.
Кушекин бірте-бірте қызына сөйлеп, тіріліп, тізгінді қолға ала бастады. Реввоенсовет туралы өз пікірін тастүйін етіп тастайын деп, сөзін әрі қарай сабақтай бергенде, ауыз үйден көмекші кіріп, Кушекин жақтырмай тыжырына қараса да, қасына таяп, құлағына сыбырлады.
– Бізде мәжіліс жүріп жатыр ғой, – деп бұрқ етті Кушекин.
– Мәжіліске қатысуым керек дейді, – деп сыбырлады көмекші.
– Онда мәжіліс өзі шешсін, – деп Кушекин қауымға қарады: – Жолдастар, Мәскеуден төтенше комиссар Кобозев келіпті. Біздің мәжіліске қатысуды өтінеді. Қалай қарайсыздар? Мынандай айтыс кезінде...
– Оны дауысқа салып жатудың өзі ұят. Әрине, қатысады. Бізге дәл қазір керегінің өзі сол Мәскеу көмегі емес пе? – деп Рысқұлов арқалана түскендей болды.
Басқалар жамырай қостап кеткен соң, Кушекин орнынан тұрып, есікке қарай өзі жүрді де, Кобозевті босағадан күтіп алды. Жылтың көзін көрсетпей тұрған ақ қас-қабақ лезде ашылып, езуі күлімсіреуден қатпар-қатпар жиырылып шыға келді.
Кобозев гимнастеркелі, хром етікті, жартылай әскери формада екен. Жүріс-тұрысы да, әскери адамның нобайын танытқандай. Өңі жас болса да, сақал-мұртына, шалқайта қайырған күрең қошқыл шашына ақ кіре бастаған. Көзі мейірлі, жанары жылы екен.
Комиссарлардың бәрі тік көтеріліп, шетінен Кобозевпен сәлемдесе бастады.
– Неге телеграмма бермедіңіз? Күтіп алатын едік қой! – деді Кушекин қынжылған кейіппен.
– Оқасы жоқ, – деп күлді Кобозев. – Сіздерде бос уақыт мол деп ойламаймын. Жұмыстарыңыздан бөлгім келмеді. Күтіп алу, шығарып салу салтанатына жоқпын. Ал рұқсат етсеңіздер, қатысып отырайын.
– Оу, әуелі мейманханаға орналасып, демалып алмайсыз ба?
– Рақмет, жолдас Кушекин. Пойызда жарты айдан аса демалғаным да жетеді.
– Онда өзіңіз біліңіз. Біздің жағдайдан хабардар шығарсыз. Ағылшын агенттерінің арандатуымен Осипов опасыздық жасап, он төрт комиссарымызды өлтірді. Сол сойқаннан кейін бірінші жиналып отырғанымыз.