Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Мәжілісті жүргізе беріңіз, жолдас Кушекин, мен – тыңдаушы, – деп Кобозев Кушекиннің оң жағын ала, үстелдің шетіне ғана шынтағын таяп, орындыққа жайғасты.

Төтенше комиссардың төтеннен келгені әркімге әр түрлі ой салды. Шынтуайтқа жүгінгенде, бұл Орталықтан келген тұңғыш өкіл. Түркістанда Кеңес өкіметі орнағалы бері Орталықпен оңды қатынас болған жоқ. «Орынбор тығыны» деген майдан Түркістанды Ресейден бөліп тастады да, байланыс тек радиограмма арқылы ғана жүріп тұрған.

Енді міне, Лениннің мандатымен, арып-ашып, майдан шебінен әрең өтіп, тұңғыш төтенше комиссардың келген беті. Бұрқ-сарқ қайнап жатқан, алаулаған Түркістанның жалынына тап болған Кобозевтен жұрттың күтері де көп болатын.

– Бұл мәжілісте өкімет құрылымы сөз болып отыр, – деді Кушекин Кобозевке жиналыс мәнісін түсіндіріп. – Мен және Успенский жолдас, тағы біршама жолдастар ұсыныс қойып отырмыз: өкімет билігі Реввоенсоветке берілуі керек. ТүркЦИК, Түрксовнарком бүгінгі таңда Түркістанды уысында ұстап тұруға дәрменсіз.

– Оған басқа жолдастар қалай қарайды? – деп Кобозев шашын қайырып қойып, кабинетте отырғандарға жағалай жайдарман көз тастап өтті.

Біршама уақыт үнсіздік басты. Кобозев келмегенде Кушекинмен пікір таластыруға әзір отырған комиссарлар қазір тосылып қалған сияқты.

Бұл сыпайылыққа таң қалған Кушекин кеңшілік танытып:

– Ау, айтсаңыздаршы, – деп мыртық саусақты дөңбек алақандарын жайып, езулері қатпар-қатпар жиырыла қалып, ыржия түсті. Рысқұловтың орнынан тұрғанын көріп, әлгі езу бірте-бірте қатпарлары жазылып, енді салбырап бара жатты.

Кобозев Рысқұловқа сақтана қарап, алға ұмсына түсіп, сөзін тосты. Түркістанның жергілікті халықтарынан шыққан тірі коммунисті тұңғыш рет тыңдайын деп отырғаны осы. «Тілмаш арқылы сөйлесер ме екен?» – деп қойды ішінен. Мәскеуден аттанарда Түркістан жайлы біраз деректер алған. Оның тарихы, халқы, халқының мінез-құлқы, әдет-ғұрпы... Бірақ коммунистер жергілікті халықтан әлі жөнді шыға қоймаған деген мәлімет бар.

Өкімет басында да олар аз, тіпті саусақ пен санарлық деп естіген. Түркістанда ең алдымен шешілетін бір мәселе болса, ол осы кадр мәселесі, ұлт мәселесі. Осы жағына баса назар аударыңыз деген Ленин. Ал, Түркістанды түркістандықтар басқаратын күш жоқ, жуық арада болмайды да деген Бухарин. Олар марксизмнен жырақ деген. Ал алыстан тон пішкен бір басқа да, көзбен көріп, құлақпен естіген бір басқа. Рысқұловтың аузынан шыққан әр сөзге, әрбір қимылына бар ықыласымен зейін қоюы осы себепті еді Кобозевтің.

Әуелгі әсері: таңдану сүйсінуге айнала берді. Рысқұлов орысша мүдіріссіз ғана емес, аса мәдениетті, шешен сөйлейді екен. Орысша тіл байлығы Кушекиннен әлдеқайда асып түсіп жатты. Кушекиннің тілі даңғалақтау, дөрекілеу шыққан. Рысқұлов қысылмай, қымтырылмай: «е-е, ы-м» деп ыңқылдап тұрып алмай, еркін көсіледі екен.

– Түркістанда Кеңес өкіметі құлап, билік әскери адамдардың қолына көшіпті деген дақпырттың өзі зиян, – деді Рысқұлов. – Халыққа бұл кері әсер етеді. Жаудың аруағы көтеріледі. Жауға желікпе пайда болады. Қайталап айтам: өлсе –ТүркЦИК-тің төрағасы Вотинцев өлді. ТүркЦИК өлген жоқ, өлсе – Түрксовнаркомның төрағасы Фигельский өлді. Түрксовнарком өлген жоқ. Ендеше, ТүркЦИК пен Түрксовнаркомды жойып жіберіп, Реввоенсоветті ту ғып көтерудің не жөні бар?! Түркістанда Кеңес өкіметі өмір сүріп тұрғанын танысын бүкіл әлем!

Кушекин бір мезгіл сабаудай ақ кірпігін жалп еткізіп, жылтың көздерімен қасындағы Кобозевке тесіле қарады. Өйткені Кобозев Рысқұловқа ден қойғаны сонша, басқа дүниені ұмытып кеткендей көрінді.

Кушекиннің реңі қызғылтым тартты. Іші қалтырай бастады. Кобозев – революционер, ол Дутовпен шайқасып келді, – деді ол қалтырай отырып. – Бірақ біз шошқа тағалап жүріппіз бе? Ташкентте генерал Коровиченкомен соғысқан кім екен? Түркістанда Кеңес өкіметін орнатқан кім екен?».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий