Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Рысқұлов жолдас, мәдениет ескерткіштерін қирата беру мәдениеттілікке жатпайды. Петроградта тұр ғой ана, Петрдің, Николайдың ескерткіштері. Олар жөнінде петроградтықтардың мынандай өлеңі де бар:
Дурак умного догоняет,
Да Исакий ему мешает, –
яғни, «мыс салт атты» I Петр алдында да, ұрда-жық I Николай артында. Араларын Исакиев соборы бөліп тұрады. Көрдіңіз бе, қатерлі ештеңе де жоқ.
– Е-е, жолдас Кушекин. Петроград бір басқа, Ташкент бір басқа, Ташкент күні кеше отаршылдықты басынан кешкен қала. Бұл генерал Черняевтің шапқыншылығын, генерал фон Кауфманның қаһарын, генерал Куропаткиннің қиямет қиянатын көрген Ташкент. Бүгін азаттық алған Ташкент. Ескерткіш генерал-губернатор қылышын енді кімге үйіріп тұр? Тағы да Түркістанға ма? Келеңсіз, жолдас Кушекин!
Кушекин әлі көнбейді.
Ал Наташа жарқ етіп бұлттан шығып, жарқ етіп қайтадан бұлтқа кіріп кеткендей, жоқ болды.
Губернатор бағы таяу. Наташа жоқ. Кушекин генерал-губернатордың ескерткішін құлатқысы келмейді. Қола генерал қылыш үйіреді. Тарпаң аты Түркістанды таптап кеткісі келеді.
Рысқұлов ұйықтайын деп көзін жұмады. Бірақ Наташаны көреді. Оң жамбасына аунап түседі. Темір төсек баж-баж етеді. «Наташа бұған қалай жатады?». Көзін жұмады. Генерал-губернатордың зор ескерткішін көреді. Қалай құлату керек? Мойнына шынжыр салып тартса, қанша аттың күші керек екен? Динамит қойып жарса, біреулерді жаралап жүрер?!».
Рысқұловтың кірпіктері айқаса бастайды. Буалдыр ұйқы дүниесін кезіп бара жатып, Талғардың күнге шағылысқан шыңын көреді. Енді бірде ол Талғар емес, Аспара екен дейді. Аспара шыңына генерал-губернатор... емес, Кушекин шығып алып, қылышын сермеп тұрады. Рысқұлов төменде тұрып айқайлайды. Қызыл Жебеге мінген әкесі қылыш сермеген адамды итеріп жіберіп құзға құлатады.
– Көке! – деп айқайлап жатып, Рысқұлов оянып кетеді.
* * *
Кабинет терезесінің кемерінде даусын қыраттап қарлығаш сайрап отыр екен. Қағазға үңіліп қалған Рысқұлов әуелі байқаған жоқ. Тек қым-қуыт қызу істің арасында миыңның бір қатпарынан жарқ етіп, әкең елес беріп қалғандай, әкесінің қатқыл қоңыр үні естіліп қалғандай сезілген де, кенет селк етіп, терезе жаққа қараған. Қараса, сыртқа қарай ашылған желдеткіште қарлығаш отыр екен.
– Е, жарықтық, әулие құс, – деді Рысқұлов, алыстан талып жеткен мейманды үркітіп алмайын деп ішінен дем алып. – Құтты көктем ала келгейсің. Ұя салғың келсе – сала ғой. Рас, бұл кабинет келім-кетімі көп, күні тұрмақ, түні де сабырсыз, мазасыз жер. Бірақ саған зияны тимес. Қонысың жайлы болсын, қарлығаш!
Рысқұлов жилетінің қалтасынан шынжырлы швейцар сағатын суырып алып, сырт еткізіп, күміс қақпағын ашып қарады. Жез қоңырауды сылдырлатты. Қаптаулы қалың қара есік салмақпен ашылды да, жіптіктей болып, хром етіктерін сарт еткізіп, көмекші жігіт тұра қалды:
– Ләббай, Тұрар ака?
– Аттарды әзірле, Ләзиз!
– Құп болады, Тұрар ака.
Сол сәттен кейін Ләзиз қайта кіріп:
– Көлік дайын Тұрар ака, – деп хабарлады. Жымиып, даусын жылытып: – Қайда барамыз, Тұрар-ака?
– Ескі Ташкентке. Базарға. Айтпақшы, Ләзиз, сен қарауылдарға ескертіп қой. Мына терезенің алдына көлік тоқтамасын, адамдар топырламасын. Қарлығаш ұя салғалы жүр, – деді.
– Е-е, қарлығаш па? Қарлығаш ұя салған жерге құт қонады. Құтты болсын, Тұрар ака, айтып қоямын қарауылдарға, – деп Ләзиз балаша мәз болып, ресми тәртіпті ұмытып, есіктен тапырақтап шығып жүгіре жөнелді.
Түркістанда ашаршылық қанша кеулеп алғанмен ТүркЦИК-тің атқорасындағы көлік күйлі еді. Екі кісілік трашпенкеге жегілген қос қарагер атырылып ала жөнелді де, Орда өзенінің ағаш көпірін дүбірлетіп өтті. Ар жақтан Көкілташ мешітінің көгілдір күмбездері тәкаппар тартып, кесірленіп, кегжиіп көрінді.
Одан ары Ескі Ташкент базары басталар еді.