Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кушекин кірпігін ақ көбелектің қанатындай лып еткізіп, Кобозевке тағы қарады. Төтенше комиссардың тозаң тұтқан сақал-шашы өсіп кеткен екен. Қалың қастары ғана түрпі емес, сыпайы. Оның астындағы қоңыр көздері қылаусыз, ызғар із жоқ.
Кушекиннің өзіне екі рет тесіле қарағанын Кобозев сезбей қалған жоқ. Сыр бермеді. Сөйлеп тұрған жігіттің сөзін бөлмеуге тырысып, ішінен тынды. «Жасы нешеде»? – деп ойлады Кобозев. – Сірә, жиырма бесте шығар? Менен он бес жас кіші. Шырайы жеңілтек яки қатал адамның түрі сияқты емес. Кеңдік, тереңдік, биіктік бар. Үш қасиет қабат дарыған бақытты шығар. Әлде алғашқы әсер солай ма? Мұнымен жақынырақ жуысқан жөн болар. Мұншама еркіндік қайдан пайда болған қасиет? Әлде кең далада өскендердің бәрі өзін осылай еркін сезіне ме екен? Ал қасымдағы Кушекин тырсылдап, қыпылдап, сыр алдырып отыр. Жігіттің жігерлі екені көрініп тұр. Тым тіктігі – жауы болмағай. Ал осындай азаматы бар ел кадрға, басшы қайраткерлерге жұтаң дейтіндері не? Марксизмнен алшақ, – деді-ау Бухарин. Мына Рысқұлов сонда қайдан сауатты! Ой-жүйесі, қазіргі жағдаятты біліп пайымдауы, елдің көңіл күйін тануы – бәрі көкейге қонымды ғой. Бұларды біз неге менсінбеуге, шетқақпайлатуға тиіспіз? Жергілікті халыққа сеніңіз, сеніміне ие болыңыз, – деді ғой Ленин. Ал мұнда, мысалы Кушекинде бұларға сенбеушілік бар. Неге? Осылай болып келді ғой. Ғажап!
– Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Көп сөйлеп, уақыт оздырудың реті жоқ. Әрбір минут қымбат. Әрбір минут мыңдаған адамның тағдырын шешеді, – деп тұр Рысқұлов. – Өкімет қандай формада болады деген қысыр дауды қоялық та, ТүркЦИК-ті, Совнаркомды өз орнында қалдырайық. Бірақ бұл өкімет пен үкіметтің алдында бүгінгі таңда интервенциямен күреспен қатар тұрған аса жауапты міндет – аштықпен күрес екенін тағы да талап етіп, қайталап айтамын. Жергілікті, әсіресе көшпенді халық айтып болмас ашаршылыққа ұшырады. Жер бетінен жойылып кету қаупі төніп тұр. Өкімет пен үкіметтің жаңа құрамы, егер революция ісіне шын адал болса, ең алдымен халықты аштық ажалынан құтқарып қалсын! Менің айтарым осы.
Рысқұлов демікпей тоқтап, орнына отырды. Бірақ ол сабырлы болғанмен, кабинет ішіндегі ауа райы сұрапыл боран соғып өткендей, отырғандар бір сұмдық картина көргендей, картина бітіп, шам жарқ еткендей, әлі әлгі қорқынышты жерден айыға алмағандай, мең-зең күйде еді.
Кушекин бұршақтай түйме қалы бар көзінің алды бүлк-бүлк етіп, Кобозевке қарады да:
– Маған рұқсат етсеңіз, – деп даусы діріл қаға шықты.
Кобозев қос иығын қушита қомдап, қол жайды. Осы үнсіз қимылдың өзі-ақ анық жауап еді: «Жиналысты басқарып отырған өзің емес пе?».
– Мәселе былай, жолдас Кобозев, иә, Петр Алексеевич, көріп отырсыз, біздің Түркістанның түзем тұрғындарынан шыққан большевиктер әлі жас. Жастыққа қателесу тән. Мен бұл пікірімді кезінде крайкомда да, ТүркЦИК-те де айтқанмын және Мәскеуге де жазғанмын. Бізді түзем халықтардың өкілдерін басшы қызметке тартпайды деп Орталық айыптайды. Ал ондай кадрлардың әлі піспегеніне көзіңіз жетіп отыр ғой. Міне, Рысқұлов жолдас. Таласпаймын, жалынды жас қайраткер. Ал айтып тұрғаны шала-пұла, кешіріп қоясыз, әрине, – Кушекин езуі гармонша жиырылып күлген болды. – Жан-жағымызды қоршап, алқымнан алып тұрған жау. Орынбор анау, Ферғана анау, Каспий майданы, Жетісу майданы дегендер тұншықтырып тұр. Бізге әскер керек. Әскерге тамақ керек, киім керек, қару керек. Ал Рысқұлов айтады: әскерді қоя тұр, аштан қырылып жатқан көшпенділерді асыра дейді. Ал марксистердің көшпенділер туралы қағидасын білесіз: олар бәрібір жер бетінен жойылып кетуге тиіс, өйткені өмірге бейімсіз. Ендеше Кеңес өкіметінің мүддесі үшін, революцияны сақтап қалу үшін, әскерді нығайтып, жауды жеңейік. Әне, содан кейін шама келгенше аштарға қол ұшын берейік.
Кобозев бурыл сақал басқан иегін уыстап отырды да қалды. Көшпенділер жер бетінен құрып кетуге тиіс деп марксистер қай уақытта айтып жүр? Бәлкім, бухариншілер шығар?