Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қаланың кейпі ала-құла: құрақ көрпеше сияқты. Орда өзеніне жеткенше Еуропаша салынған көк түңке төбелі үйлер көбірек те, Ордадан ары өткен соң балшықтан домбаздап соққан қиқы-жиқы үйлер, қисық-қыңыр көшелер басталады. Еуропалықтар қаланың бұл қиырын – «азиялық Ташкент» деп атайды. Екі арба бетпе-бет ұшырасса, қақтығыспай өте алмайтын қушық көшеде қос қарагер жегілген трашпенкенің қоңыраулы үнінен хабардар болған аттылы-жаяу дуалға арқаларын сүйеп тұрып жол береді. Баяғы губернатор заманы үйретіп қойған қу әдет бойынша ала шапанды, қара паранжалы пенделер жел жыққан қоғадай жапырылып қалады.

Қол жайып, тостаған тосып, қайыр-садақа тілейтіндері қаншама. Рысқұловтың есіне баяғы Алматының кафедрал соборы түседі. Приходько мырза екеуі баратын собор. Онда да садақа сұрап тұратын кембағалдар көп еді. Жалпы, Тұрар баланың қалтасында онда соқыр тиын да болмайтын. Өзінен қайыр тілегендерден қысылатын.

Енді ғой комиссардың айлығын алады. Мемлекеттің миллиондаған қаржысының тағдырын шешеді. Оны мына көше бойымен уыстап шашып өтсе де құдіреті келеді. Бірақ қазір соқыр тиын қайыр бере алмайды. Әр тиынның орны бар, әрбір тиын ашаршылыққа қарсы атылған оқ орнына жұмсалмақ.

Ескі Ташкентте кез келген көше – базар. Арнайы сауда алаңы болса да, сиырдың ішегіндей шұбатылған көшелердің өн бойында алып-сатпа тіршілік сапырылысып жатады. Оларға тыйым салып, милиция сарсылып бағады. Бірақ сауда құдіреті бір жерін бітесең, екінші жерден атқылап ағып кете береді.

Қоңыраулы қос қарагерді көріп, жасырын нан сатқан, шүберекке орап ет сатқан, самогон сатқан жалдаптар жарықтан қашқан тарақандай, жан-жаққа зытып жөнеледі. Соқыр дуалдағы ін-ініне кіріп, зым-зия болады.

Қоңыраулы қос қарагер алаң басына да жеткен. Мұнда аштарды тамақтандыратын пункттер бар. Рысқұлов соларды аралап көрмек.

Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу барып сол өрттің жалынына қойдың басын үйткен көрінеді. Дүние ала-құла. Біреулер бір шайнам нан таба алмай теңселіп жүрсе, біреулер солардың аштығын пайдаланып, түйенің көзіндей күлшеге әкесінің құнын сұрайды.

Республиканың тамағынан жырып алып, аштарға арнап бөлген азық-түліктің өзі кейде қазанға түгел түспей, қайбір жырындылардың жұтқыншағына жүгіріп кетеді. Рысқұлов осы жағын да бір шолып шықпақ.

Ат айдаушы мен қос қарагерді базардың шетінде қалдырып, Рысқұлов Ләзиз екеуі жаяу түсіп, қалың нөпірдің ішін аралап келе жатқан. Базардың заңына дауа жоқ. Әнебір биік өкше етік киген әйел қара түлкі сатып тұр. Сірә, қабының түбі қағылған болар. Еңгезердей ала тақиялы күннің қытымырлығына қарамай, түкті көкірегін ашып тастап, шапа-шот сатқалы жүр. Рысқұлов пен Ләзиздің алдын кес-кестеп:

– Алыңдар, мырзалар, шот сатып алыңдар, жүдә өткір, – деп өңешін созып бағады.

Көзі сығырайған сықсима шал Рысқұловқа қолын көлегейлеп қарап:

– Уа, мырза, мынау сізге лайық тон. Ала қал, – деп қырылдайды. Тоны торғай қамасаң тұрмайтын шұрық тесік. – Мырзалар киетін тон. Арзан берем, ала қал, – деп сықсима шал Рысқұловтың соңынан көпке дейін қалмады. Рысқұлов бір сәтке шалды аяп кетіп, айтқанын беріп құтылғысы да келді.

– Оны қайтесіз, шыннан киесіз бе? – деп таңғалды Ләзиз.

– Құтылайық та мына кісіден.

– Тұрар ака бұларға жанашырлық жарамайды, – деп Ләзиз Рысқұловтың жеңінен тартқылады. Сықсима шал Ләзизді қарғап қалды.

Паранжа салған сабадай әйел:

– Е, жігіттер, шүмек алыңдар. Жас жігіт екенсіңдер, құда қаласа, балаларың көп болады, бала сүйесіңдер, шүмек алыңдар, жақсы ырым болады, – деп айқайлады.

Жанындағы Ләзизді таңғалдырып, Рысқұлов шүмектің біреуін ұстап көрді.

– Оны қайтесіз, Тұрар ака, – деп күлді Ләзиз.

– Қайтушы едім, маған да бала бітетін шығар. Өзіңнің ғой балаларың көп. Менде әлі жоқ. Осы да әділеттік пе?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий