Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Есіңде ме, Қабылбек, ана жылы екеуміз Төменгі Таласта менің әкемнің баласына барып едік қой. Иә-иә, білсең сол Рысқұлдың Ізбайша деген әйелі болған, яғни менің өгей шешем. Сол Ізбайша Рысқұлды іздеп төменгі Талас кетті деген хабар алып отырмын. Сұрастырып, іздеу салып көрші. Табылса – Ташкентке жеткізіңдер.
– Кешір, Тұрар, айтқаныңның бәрін істейін. Бірақ Рысқұлды іздегені қалай? – деп таңданды Қабылбек.
– Оны түсіну қиын, Қабылбек. Мүмкін, күйеуін тірі екен деп естіген шығар. Мүмкін, өлгенін біле тұра, жарының жатқан жерін көргісі келді ме екен, қайдан білейін. Әйтеуір, тірі жүрсе іздеп таптырғаның жөн болар еді, – деп өтінді Рысқұлов. Басқа ретте ресми мәселелерді бұйырып, тапсырып жататын Рысқұлов бұл жолы өз шаруасын тек өтінішпен ғана айтты.
Араға апта салып, Қабылбек Сармолдаев телефон соқты.
– Жақсы хабар айта алмай, қысылып тұрмын, Тұрар.
– Айта бер, қай хабарға да көнбіс қазақпыз, – деді Рысқұлов.
– Өзіңіз айтқан Төменгі Таласқа сұрау салмаған жеріміз жоқ. Ойық-ыстылардың айтуы бойынша, Рысқұлдың моласын құшақтап жатқан бір әйелдің денесі табылыпты. Аты-жөні белгісіз. Ешқандай құжаты жоқ. Содан бұл бишара бір жақыны шығар, тегін емес шығар деп, ойық-ысты әлгі әйелді Рысқұлмен қатар жерлепті. Мен білген хабар осы, Тұрар. Басқа ештеңе айта алмаймын. Көніліңе ауыр алма, жақсылықпен жолығайық, – деді ескі досы Қабылбек Сармолдаев.
* * *
Бала күнде кешке Рысқұлов қызметтен қайтқанда, ағасының аузын бағып, бір жаңалық күтетін. Соны сезген Рысқұлов шай үстінде былай деді:
– Апаң аман екен, Арман. Рысқұл әкеңді тауыпты. Бүгін маған Әулиеатадан хабарлады.
– Қайда? Қайда? Олар қайда? – деп бала ішіп отырған шайын төгіп алды.
Әлде шай төгіп алғанынан жасқанды ма, әлде анамның хабарын толық айт деп жалынды ма, әйтеуір, баланың түрі аянышты болатын.
Арманның алдын орамалмен сүртіп, басынан сипады да, Рысқұлов бір күрсініп, жауап айтты. Не айтарын білмей қиналып қала жаздап, қашанда қиыннан қияға өтетін әдетіне басып, жай ғана күлімсіреп қойды да, Рысқұлдың тар түрмені кеңітіп жіберетін қиялын әңгімеге арқау етіп:
– Олар қазір алыста, Арман, – деді. Көзі жасаурап еді, көзілдірігін тазалаған болып, ақ бәтес орамалмен сүртініп алды. – Басында мәңгі мұз жататын асқар-асқар таулар бар. Ол таулар көк аспанды тіреп тұрады. Сол шыңдарға кейде бұлттар барып қонақтайды. Ал тірі жан оған әлі шығып көрген емес. Тіпті ұлар құстың өзі мұз шыңдардан төмен жайылады. Ал сенің әкең Рысқұл Қызыл Жебе деген тұлпар мініп, ұдайы шың басына шығып жүреді. Жан-жағын заңғар таулар қоршаған аршалы, қарағайлы, жаңғақты орманнан арқар аулайды. Өмірі қуармайтын жасыл алаңда аршадан соққан күркесі бар. Сол күркенің алдында қызғылт қанат теңбіл торғай сайрайды. Таң алдында бұлбұл жырлап, ұлар шулайды.
Рысқұлов алдында отырған балаға көзі түсіп кетіп еді, Алматы түрмесінде Рысқұлдың әңгімесін тыңдаған дәл өзіне ұқсайды екен. Енді Рысқұлдың сол ертегін мына жетім бауырына қайталайды. Ертек айтып отырғанын ұмытып, өз сөзіне өзі нанып, өз қиялына өзі қызығып, қызынып алған екен.
Рысқұловтың айтуына қарағанда, Рысқұл мен Ізбайша ашаршылық болмайтын, күн суымайтын, қайғысыз, қамсыз, дау-дамайсыз, бәлесіз-жаласыз, қырсығы мен қиянаты жоқ; бірін-бірі аяқтан шалмайтын, біріне-бірі ор қазбайтын, арқар мен жолбарыс бірге жайылатын, жәннатты жайда жүріп жатқан көрінеді.
Жетім бала бұл ертекті шын көріп, кішкентай жүрегін сағыныш кернеп:
–Тұрар көке, біз де барайықшы сол жаққа, – деп мұңая қалды.
– Барамыз, Арман, асықпа, – деді Рысқұлов баланы басынан тағы сипап.
– Ия, қашан? – деді бала сенер-сенбесін білмей.
– Әлі көп жыл өтер, әбден қартаямыз, әкең мен шешеңді әбден сағынасың. Сонда барамыз, асықпа, Арман. Ал кәне, төсегіңе жат та ұйықта. Мен бірер сағат кеңсеге барып, жұмыс істеп қайтамын. Ұйықта. – Осыны айтып Рысқұлов түн ішінде ТүркЦИК-ке бармақ болып, киімін киіп, сұр маузерді төс қалтасына сала берді.