Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Оныңыз рас, Тұрар ака. Үйлену тойын да сағындық. Той бастап, би билеп, бәйге алдын бермеуші едім. Осы кезде той тыйылды. Өзіңіз бастамасаңыз. Бірақ әлгі орыс қызы... әлгі Колосовская. Кім біледі, орыс қызы сіздің балаңызға бұл шүмекті пайдалана қояр ма екен... Олар мұндайға дағдыланбаған ғой.
– Үйретеміз, Ләзиз. Біздің жақта бұл шүмекті қойдың жілігімен жасар еді, ташкенттіктер ағаштан жасайды екен. Мейлі, – деді Рысқұлов.
– Алсаңыз, мына бесікті алыңыз, Тұрар ака. Бұл Ташкенттің базарында сатылмайтын зат жоқ. Бірақ бәрінен асылы, мен білсем, осы бесік, – деді Ләзиз қызыл-жасыл бояғы бар ағаш бесіктің жонарқасын сипалап тұрып. Сатушы екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиып:
– Алың, алың. Құтты бесік, қошқардай қос ұлың болады, – деп дүниесін мақтай жөнелді.
Талғар таудың бауырындағы жер үйде ескі бесік болушы еді. Босаға жақта ілулі тұратын. Ол Тұрардың бесігі еді. Өгей шешесі Iзбайша бала көтеремін деп үміттеніп, ырым етіп, сол бесікті жер кепенің іргесінде сақтап еді. Тұрардың содан бері бесік көріп тұрғаны осы.
– Дұрыс айтасың, Ләзиз. Бұл бесікті бұйырса, мен сатып аламын. Біреуін бізге сақтап қойыңыз, – деді сатушыға. Сатушы:
– Жүдә мейлі, – деп жалпақтап қалды.
– Иә, Бахауаддин! Иә, Бахауаддин! А, мырзалар, қайыр-садақаларың болса, диуаналардың пірі Бахауаддинге бағыштаңдар. Құдай тілеулеріңді береді. Мен тілеуқор боламын, – деп орама сәлде салған шауқар бет, ақшел көзді, қаба сақал диуана аяққа оралады. Иығында қоржыны, қолында ақ таяғы, ала шапанды көк күлдәрімен екі-үш орап алыпты.
– Бұрылмаңыз, бұрылмаңыз, соңымыздан қалмайды, – деп Ләзиз Тұрарды қақпайлай берді.
– Балалар, бал аштырыңдар! Алдарыңда не күтіп тұр, бәрін айтып беретін бал, – деп шырылдайды паранжа салған әйел. Алдына жайған ала қаптың үстінде бір уыс ала лобия шашылып жатыр.
Тұрардың есіне сонау Мерке базары түсті. Илья «пайғамбарға» бал аштырып еді. Ильяның теңіз шошқасы оған қораптың ішінен иіскеп-иіскеп суырып алып берген кір-кір қағазда: «Бүкіл өмірің шайқаспен өтеді» деген жазу бар-тын.
«Сол сорлының айтқаны шыннан келгені ме?» – деп таңғалды Рысқұлов. Меркенің базарында Илья «пайғамбарға» бал аштырмаса, Рысқұловтың тағдыры басқаша соқпаққа түсер ме еді? Азаптан ада, можан-томпай, бейбіт өмір сүрер ме еді?
Қайран Мерке. Балалықсыз балалық шағы өткен құт мекен. Меркеде оқымаса, Ақкөз батырмен кездеспесе, он алтыншы жылдың қырғын соғыстарына қатыспаса, Рысқұлов қай қиырдан шығар еді?
Өмірінде кездейсоқ жайлар кездескенмен, соның бәрі сол өмірдің заңдылығына әкеліп сайған сияқты. Жоқ, Илья «пайғамбардың» балы сәуегейлік айтпаса да, Рысқұловтың жолы бәрібір шайқас әлеміне әкеліп соқпай қоймас еді.
Рысқұловтың жүрегі сыздап қойды. Меркені сағынғанын сезді. Төрткүл базары Ескі Ташкенттің мына базарынан басқа дүние болатын. Меркедегі Төрткүл базар – Рысқұлов шайқаскерлігінің тұсауын кескен...
Екеуі осылай келе жатқанда, алдынан келеңсіз жағдай кездесе кетті: сегіз-тоғыз жастардағы қара баланы шошақ буденновкалы милиционер қолынан сүйреп келе жатыр екен. Ол – ол ма, паранжалы әйел онсыз да жүдеу жүгірмекті оңдырмай осқылап, шапалақпен екі беттен кезек-кезек ұрады.
– Тоқта! – деді Рысқұлов милиционерге. – Ұстауын ұстадың. Неге ұрғызасың?
Милиционер Рысқұловты жыға танымаса да, комиссар екенін түр-тұлғасынан, екпінінен байқап, тым жуаси тіл қатты:
– Бала мына әйелдің нанын ұрлапты, жолдас...
– Жолдас Рысқұлов, – деп Ләзиз түзеп жіберді.
Тұтқын бала адамдардың жүзіне қарай алмай, тұқшиып тұр еді, Ләзиздің айтқанын естіп, басын шалт көтеріп алып, жасаураған көздері жалт етіп Рысқұловқа бір қарады да, қайтадан сынық тартты.
Рысқұловтың жүрегі бүлк етті. Еңкейіп тұрып:
– Атың кім? Кімнің баласысың? – деді.
Бала міз бақпай, қара тастай қалшиды.