Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Бейли! – деген ащы айқай шыққанда-ақ ЧК председателі Фоменконың санасына ТВО1 сарт ете қалды. ТВО-ның барын білсе де, ЧК көпке дейін оның ордасын таба алмай сарсаң еді. Сөйтсе, Бейли тізгінін ұстаған ТВО-ның ең пәрменді өкілінің бірі ТүркЦИК-тің мәжілістерінде ұдайы өзімен қатар отырыпты ғой. Соғыс комиссары Осипов ЧК төрағасы Фоменкомен қатар отыратын.

Фонеменконың өзегі өртеніп кетті. Қос қолы шідерлі болса да, тым құрыса кіндігінен бір тебермін деп Осиповке қарай атылып кеп ыршыды. Оны көріп, ішкі істер комиссары Малков кеудесін алға сүйрей атылды.

Мұны күтпеген Приходько қапелімде келесі оғын айдалаға жіберіп алды.

– Ақымақ! – деді Осипов ызаланып. Тасада тұрған бір бөлімше солдатқа қол бұлғап:

– Ат! – деді.

Қаңқ еткен жеке тарсыл емес, жаппай гүрсіл жамырай шықты да, он торт комиссар бір сәтте жер жастанды.

Қораның іші қан сасығанын сезіп, әскери аттар азан-қазан кісінесіп, бір-бірін сауырымен соққылап, ығы-жығы теңселіп кетті.

Түркістан кеңес өкіметінің басы кесілді. Аттан! ТүркЦИК-ті Түрксовнаркомды, пошта-телеграфты алыңдар. Ферғана – Ергешке, Ашғабат – ағылшындарға, Орынбор – Дутовқа хабар беріңдер! Ура! Ташкентті түгел қолға алыңдар! Аттан!

Осипов ойраны осылай басталды.

Гарнизон түгел қаруға жармасты.

Ташкент көшелеріндегі ақ қарға қызыл қан төгілді. Осипов бірақ Ескі Ташкент пен темір жол барын естен шығарып, мастанып алған кезі еді.

* * *

Ойраннан аман қалған комиссарлар, ТүркЦИК мүшелері, Крайком басшылары, Совнаркомның жауапты қызметкерлері ТүркЦИК төрағасының даладай кең кабинетіне шұғыл жиналған. Бірақ төрағаның өзі жоқ, креслосы бос. Бос креслоны көріп Рысқұловтың көңілі жабырқады. Вотинцев шын лениншіл коммунист еді. Аз ұлттан шыққан жәдігерлерге жаны ашып, қолтығынан демеп жіберуге дайын осы адам болмаса, өзі Түркістан басшыларының қатарын маңайлай алмас па еді...

Бос креслоға барып отыруға ешкімнің қақысы да жоқ, батылы да жетпес. Вотинцевтің орынбасары күні кеше солшыл эсерлерден шыққан Кушекин төраға креслосына тесіле қарап біраз тұрды да, тез тайқыды. Сонда да болса, бос орындықтардың бірін креслоға жақын жылжытып қойып, соған отырды. «Мәжілісті мен басқарамын» деген ниеті содан-ақ белгілі болды.

Бірақ Кушекин қатты қайғыдан қажып, кедерлі кейпі опырылып қалғандай көрінді. Аһылап-үһілеп, сөз бастамай, арсыл-гүрсіл күрсініп отырып алды. Басқалары соның аузын бағып, тыпырши бастады. Кушекин болса, қос қолымен бетін басып алып, жап-жалтыр жұмыртқа басын тұқыртып, төмен қарап отыр. Қылпықсыз сопақ бастың терісі қызғылтым.

Түркістан басшыларының арасына молда да кіріп кеткен сияқты: Низамеддин Ходжаев басын аппақ мәрлімен шандып алған. Низамеддин, әрине, молда емес, әлгі Осиповпен қиян-кескі ұрыста шекесін оқ жырып кеткен. Әлі де тататын дәм-тұзы, көретін жарық сәулесі бар екен, әйтпесе оқ сәл батыңқыраса, ол да құрбан болғандардың тізімінде тұратын еді.

Жарақаты сыздады ма, әлде мына үнсіздік азабы шыдамын тауысты ма, әйтеуір Низамеддиннің шықшыты бұлтылдап кетті. Салбыраңқы мұрты жыбырлағандай болды да, қарама-қарсы отырған Рысқұловқа иегін көтеріп: «Сөйле!» – дегендей ишарат білдірді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий