Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Өз басым, — деді шаштараз, — крест ұстап тұрып айтайын, мейірбанды мырза, ол жайында корольге де, ладьяға да, жер басып жүрген жанның қай-қайсысына да тісімнен шығармаймын, — бұл сертті мен бір священник жайындағы романстан алып отырмын: әлгі священник месса2 басталып жатқан шақта корольге өзінің жүз дублоны мен желаяқ қашырын ұрлап кеткен баукеспенің кім екенін айтып берген-ді.

— Ондай хикаялардан хабарым жоқ, — деді Дон Кихот, — алайда, өз ойымша, мұны мейлінше адал серт деп білем, өйткені сеньор шаштараз — ар-ұяты бар адам.

— Ол тіпті ондай адам болмаған күнде де, — деп священник сөзге араласты, — оған мен кепілдік етем және бұл мәселеде ол моладай мылқау болады, мұны өз жауапкершілігіме алам, керісінше жағдайда одан өсім мен айып өндіріледі.

— Ал, өзіңіз үшін ше, тілеуіңіз болғыр сеньор священник, өзіңіз үшін кім кепілдік береді? — деп сұрады Дон Кихот.

— Құпияны сақтауға міндеттейтін діни дәрежем кепілдік береді маған, — деп жауап қатты священник.

— Құдай шебер-ай! — деп айқайлап жіберді сол арада Дон Кихот. — Ұлы мәртебелі ағзам Испания жерінде жүрген күллі кезбе рыцарьдың бәрі белгіленген күні астанадан табылсын деп жаршылар арқылы жарлық таратса қайтеді екен? Бар-жоғы бес-алтауы ғана келгеннің өзінде, солардың арасынан сұлтанның барлық әскерін жалғыз өзі-ақ жайпап тастайтын біреуі шығуы мүмкін ғой. Сөзіме мұқият құлақ тігіңдер, мейірбанды мырзалар, ойымның өрісін бағамдаңдар. Апырай, жалғыз тек бір ғана кезбе рыцарьдың өзі-ақ екі жүз мың адамнан тұратын қалың әскерді, құдды бәрінің бір ғана қылша мойыны бардай-ақ немесе құдды олар марципаннан3 жасалғандай-ақ, қан-жоса ғып кескілеп тастай алатынынан шынымен-ақ хабарсыз болғандарыңыз ба? Жоға, рас қой, өздеріңіз айтыңызшы, мұндай ғажайыптар кез келген романның кез келген бетінен кездесіп жатпай ма? Басымды бәске тігуге бармын, — бөтен біреудің басын емес, мына өз басымды, — даңқты дон Бельянис немесе Амадис Галльскийдің сансыз көп ұрпағының біреу-міреуі біздің заманымызға дейін ғұмыр кешкен болса және сұлтанмен күш сынасып көрген болса, — оллаһи шыным, соры қайнаған сұлтанның орнында болғанды қаламас-ақ едім! Дегенмен, жаратқан иеміз халқына қарайласар, бағзының кезбе рыцарьлары сияқты арыстандай айбарлы көрінбесе де, қайткен күнде де әйтеуір рухының беріктігі жағынан олардан еш кем түспейтін біреуді оған жіберер. Құдай ойымды құп көретінін білем, сондықтан аузымды жабам.

— Аһ! — деп дауыстап жіберді осы арада жиен қыз. — Ағатайым қайтадан кезбе рыцарьға айналғысы кеп жүр екен ғой, өтірік болса оңбай кетейін!

Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:

— Кезбе рыцарь күйімде өлемін де, ал түрік сұлтаны қашан көңілі соқса сонда қандай үлкен флотпен болсын теңізге шығуға, таяп келуге ерікті, — қайталап айтам: құдай ойымды құп көреді.

Осы арада шаштараз сөзге араласты:

— Мейірбан мырзалар, рақымшылық жасап, Севильяда болған бір жайды баяндап беруге рұқсат етсеңіздер: бұл өзі осы араға сұранып-ақ тұр, сондықтан айтып берсем деп тағатым қалмай барады.

Дон Кихот келісім берді, священник те, басқалары да тыңдауға даярланды, сөйтіп шаштараз әңгімесін былайша бастап кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий