Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот ІІ
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:361
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.
Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сөйтіп, екеуі оның үйіне келіп, үстіне жасыл бәйке камзол, басына толедолық қызыл телпек киген Дон Кихотты төсегінде отырған жерінен тапты; қатты жүдеп, арықтап, құр сүлдесі ғана қалған ол мумиядан аумайтын. Ол екеуін зор қуанышпен қарсы алды; бұлар оның денсаулығы қалай екенін сұрап, анау бұларға өз хал-жағдайы мен денсаулығы турасында барынша байыпты да байсалды түрде және мейлінше ажарлы сөзбен әңгімелеп берді; сөйтіп отырғанда әңгіме ауаны ақыры мемлекеттік істер мен басқару амалдары дейтіндерге ауысты; айта кетерлігі, әңгіме барысында сұхбатшыларымыз кейбір қиянат-зорлықты түп-тамырымен жойып жіберді, кейбірін мінеп-сөкті, жекелеген салт-дәстүрді жөнге келтірді, өңгелерін қолданыстан шығарып тастады және осы мезетте бұлардың қай-қайсысы да өзін жаңа көрінген заң шығарушыдай: бейне бір екінші Ликургтай немесе жаңа болған Солондай сезінді; осылайша олар мемлекет атаулының бәрін түгел басқа қалыпқа түсірді: бұлардың бәрі құдды көрікке тастап жіберілгендей, қайта суырып алғанда өзге кейіпке еніп шыққандай болды; аталмыш мәселелер төңірегінде Дон Кихот аса жоғары парасат-пайыммен ой бөлісті, осы себепті оның құлан-таза айығып кеткеніне, ақыл-есінің бүтін екеніне екі сынақшыда да күдік-күмән қалған жоқ.
Бұл әңгімеге жиен қыз бен күтуші әйел де қатысып, қожайындарына кәдімгідей-ақ ақыл кіргеніне қуанып, жаратқанға алғыс жаудырумен болды; алайда, рыцарьлыққа қатысты әңгімеге жуымау жөніндегі әу бастағы шешімін өзгерткен священник Дон Кихоттың шынымен біржола сауығып кеткеніне немесе бұл айығуының жалған нәрсе екеніне ақи-тақи көз жеткізігісі келді, сол үшін біртіндеп астана жаңалықтарына қарай ойысты; сөйтіп, сөз арасында, түрік сұлтанының орасан үлкен флотты бастап теңізге шыққанын ақиқат шындық түрінде хабар етті, бірақ оның қандай ойы барын, осынау қатерлі найзағайдың қай жерде ойнайтынын ешкім білмейтінін айтты; күллі христиан әлемінің жылдағыдай тағы да үрейге бой алдырып, дабыл қағып жатқанын, ал ұлы мәртебелі ағзам Неапольдың, Сицилияның және Мальта аралының жағалауын бекіту жайында әмір еткенін жеткізді.
Дон Кихот бұған былай деп жауап қатты:
— Қас дұшпан қапыда басып қалмауы үшін иеліктерін алдын-ала бекітуі —ұлы мәртебелі ағзамның нағыз көреген жауынгер екендігінің айғағы. Сөйте тұрғанымен, ұлы мәртебелі ағзам менен кеңес сұраған болса, онда оған, ақиқатында, қазір оның қаперінен әлі орын ала қоймаған айрықша сақтық шараларын жасауға ақыл қосқан болар ем.
Оны тыңдап алған священник өзіне-өзі іштей: “Құдай тілеуіңді бергір ашықауыз Дон Кихот-ай! Байқауымша, сен жарыместіктің жартасынан аңғырттықтың апанына қарай құлап бара жатқандайсың-ау!” деді. Священник қандай ойда болса, өзі де сондай ойға тірелген шаштараз сол арада Дон Кихоттан қандай сақтық шараларын қабылдағанды мақұл көретінін сұрады: бәлкім, бұлары әміршілер алдына тартылатын әдеттегі сансыз көп сөлекет ұсыныстар қатарынан табылып қалуы да мүмкін ғой, дегенді айтты.
— Менің ұсынысым, сақал алғыш мырза, әсте сөлекет емес, әбден лекет, — деді Дон Кихот.
— Әлбетте, оған ешқандай күмәнім жоқ, — деп жауап қатты шаштараз, — бірақ, ұлы мәртебелі ағзамға түсіп жатқан жобалардың бәрінің, бәрі демесек те басым көпшілігінің, жүзеге асыруға келмейтін, мәнсіз де мағынасыз боп шығатынын немесе корольге де, корольдікке де зиянын тигізетінін тәжірибе көрсетіп отыр емес пе.
— Ал, менің жобам жүзеге асыруға келмейтін де емес, мәнсіз-мағынасыз да емес, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Мүлдем керісінше: іске асыруға өте-мөте оңтайлы, діттеген мақсатқа дөп келетін, аса бір тапқырлықпен жасалған және мейлінше ықшам мұндай жобаны ешбір өнертапқыш ойлап таба алмайды.
— Ау, ендеше айтып берсеңізші ол не екенін, сеньор Дон Кихот, — деп өтінді священник.
— Ол жайында қазір ештеңе айтпай-ақ қойсам ба деп едім, — деп ағынан жарылды Дон Кихот, — өйтсем күні ертең-ақ бұл кеңесшілер құлағына шалынады да, еткен еңбек, төккен терге айтылатын алғыс пен берілетін сыйлықты басқа біреулер иемденіп кетеді.