Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот ІІ
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:361
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.
Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Апырай, не деуге болар! Осы прологты оқуға кіріскен сен, атақты әулеттен шыққан, бәлкім, тіпті атақсыз әулеттен де шығуың мүмкін оқырман, естуімізше, Тордесильяста ұрықтанып, Таррагонда туған екінші Дон Кихот авторын жерден алып, жерге салып, оған қоқан-лоққы көрсетіп, не түрлі айып тағатын шығар деген ойдан алабөтен тағатсызданып отырсың-ау, шамасы! Алайда, айыпқа бұйырма, сені мұндай қызыққа кенелте алмаймын, өйткені жәбір мен жапа қандай момын жанның да жүрегінде ашу-ыза тудыратынымен, менің жүрегіме бұл қағида билік жүргізе алмайды. Бәлкім, сен авторды есек, кеще және ардан безген деп тілдегенімді қалайтын шығарсың, бірақ мұндай нәрсе менің қаперімде жоқ: ол өзін өзі жазалаған жан, сондықтан оның маған бары не, жоғы не. Жаныма қатты батқан жалғыз-ақ нәрсе — құдды бір өзіме бола арнайы аялдауы үшін уақыттың ағымын тоқтата тұруға құқым бар кісіше және құдды бір өткен күндер мен бүгінгі күндерде орын алған, алдағы күндерде де қайталана қоюы екіталай уақиғалар ішіндегі ең айтулы уақиға кезінде мертікпей, әлде бір тавернада жарымжан болғанымдай, мені шал деп, шолақ деп атағаны болды. Жарақатым көрген жанның көңілін ортайтып-ақ тастайтынымен, қай жерде жүріп жараланғанымды білетіндер алдында, қалай болғанда да, әйтеуір, абырой-беделімді арттырып тұрады, өйткені жауынгер үшін жан сауғалап қашқаннан, ұрыста өлім тапқан дұрыс және осыған кәміл сенетінім сонша, қазір маған өткенді қайта оралтуға ұсыныс жасалса, онда мен бәрібір осынау айтулы жорыққа қатысқанды хош көрген болар едім, одан тыс қалып, басы аман, бауыры бүтін күйде жүргенді қаламас едім. Сарбаздың беті мен кеудесіндегі тыртықтар — лайықты құрмет пен лайықты қошемет көгіне қалай көтерілуге болатынын басқа жұртқа паш етіп тұрған жұлдыздар; сол сияқты, шығарманы самайдың бурыл тартуы емес, жас ұлғайған сайын кемелдене түсетін ақыл-парасат туындататынын да көптің қаперіне салып қойғым келеді. Оған қоса, автордың мені іші тар деп айыптап, бейне бір мені дүмше біреудей көріп, іштарлық дегеннің не екенін маған түсіндіретіні де жаныма жайсыз тиді; алайда, ақ-адал шынымды айтсам, қызғаныштың баршаға мәлім екі түрінің абзал да ақ ниетті, ізгілікті мұрат тұтатыны ғана маған етене жақын, ендеше менің діни қайраткердің, онда да жай біреу емес, қасиетті трибунал мүшесі боп табылатын адамның соңына түсуім мүлдем мүмкін емес; ал егер автор шынымен-ақ осы өзім мегзеген тұлға жайында сөз қозғап отырса, онда ол оңбай қателеседі, өйткені мен бұл адамның дарын-қабілеті алдында басымды ием және оның туындыларын да, сол сияқты ол кісі мүлтіксіз сақтап отырған зиялы өмір салтын да аса жоғары бағалаймын. Дей тұрғанмен, новеллаларым жайындағы ой-тұжырымдары үшін автор мырзаға ырзашылық білдіргім келеді: бұларда ғибраттан гөрі шенеп-мінеу жағы басым, бірақ бәрі де жақсы дүние, дейді ол, ал, ақиқатында, әлденесі жетіспей жатса бұларды жақсы деп айтуға болмас та еді.
Шамасы, мені шектен тыс иі жұмсақ, мінезіме тән сыпайылық шекарасынан адым аттап шықпауға бейіл біреуге балайтын шығарсың, оқырман, алайда мен онсыз да соры қалың жанның сорын одан әрмен қалыңдата беруге болмайтынын бек жақсы білем, ал бұл мырзаның соры соншалықты қалың екенінде еш күмән жоқ, өйткені ашық алаңқайда және күннің жарығында бой көрсетуге тәуекелі тұрмай, мәртебеліге тіл тигізгені үшін кінәлі боп жүрген кісідей аты-жөнін жасырып, туып-өскен жерін де басқаша атап отыр ғой. Егер сен, оқырман, ғайыптан-тайып онымен таныс боп шықсаң, менің атымнан оған өзімді жәбір шеккен адамға баламайтынымды жеткізерсің: ес-түссіз елігу дегеннің не екенін және елігудің ересен түрінің бірі — адамның шығармашылық қабілеті бары жайындағы, кітап шығара алатыны, ол кітабының оған қанша атақ әкелсе, сонша ақша әкелетіні, қанша ақша әкелсе, сонша атақ әкелетіні жайындағы ойға еруі екенін жақсы білем; осының дәлелдемесі ретінде оған мына бір хикаяны бар өнеріңді салып мейлінше қызықты да күлкілі етіп айтып беруіңді сұрар едім.