Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ендігі мәселе, жақын маңайда кеме жүзе алатын өзеннің бар жоғын білу. Дик Сэнд ойлана келіп, сол маңайда өзен барлығын мына жағдайдан аңғарды. Мұхиттың шеті батыс жақта қалды. Шығыс жақтағы көкжиек тауға барып ұштасқан. Сөйтіп, «Пилигрим» апатқа ұшыраған жердің маңайынан барып Атлант мұхитына құятын өзеннің басы таудан шыққан немесе арна тауға жетпей-ақ оңтүстікке қарай кілт бұрылып кетсе керек. Қалай болғанда да кішкене отряд жақын маңнан өзен табуға тиіс, өзеннің өзі табылмағанымен, оның бірер тарауы табылады.
Бұл жобаға сенерлік Диктің дәлелі толық-ты. Енді жер ыңғайы өзгере бастады. Жол тауды бөктерлей тартты. Жер қыртысы дымқылдана түсіп, әр жерден шөп арасымен жыланша ирелеңдеп ағып жатқан бұлақтар көрінді. Шамасы бұл араның жер асты суы өте мол болса керек. Сапардың соңғы күндерінде отряд әлгі бұлақтардың бірін жағалап ұзақ жүрді. Керек бола қалса оны қайта іздеп табу қиын емес. Әрине, арнасы тар суы тапшы бұлақ суына сал ағызудың мүмкіндігі жоқ-ты. Бірақ сай-саланың бәрі қашан да болса өзенге барып құяды ғой, отряд сол бұлақты жағалай берсе, ағыспен бірге өзенге де барып жетер еді.
Том қартпен ақылдаса келіп, осы саланы жағалай берейік деген тоқтамға келді Дик Сэнд.
Күн көтерілісімен жолаушылар ұйқыдан оянып бірінен соң бірі бастарын көтере бастады. Миссис Уэлдон кішкентай Джекті ұйықтап жатқан күйі оятпастан Нанға ұстатты. Безгегі ұстап басылған соң баланың бордай бозарған өңі, көрген кісінің жаны ашырлық еді.
Миссис Уэлдон Дикке таяу келіп:
— Дик,— деді ол айналаға қарап алып,— Гэррис қайда кеткен? Көрінбейді ғой.
Жасөспірім Негоро мен Гэрристің қайда кеткенін жолдастарына айтпай-ақ қоюға ұйғарып еді. Бірақ американның опасыздығын жасырайын деген ойы жоқ-ты. Сондықтан ол қобалжымай-ақ:
— Гэррис мұнда жоқ,— деді.
— Әлде ілгері озып кетті ме? — деп сұрады миссис Уэлдон.
- Қашып кеткен,— деді Дик Сэнд.— Гэррис опасыз екен. Ол оңбаған Негоромен бірлесіп бізді осы араға келтіруге сөз байласқан.
— Оның сондағы көздеген мақсаты не екен? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Білмедім,— деді Дик Сэнд.— Бірақ менің бір білетінім, тезінен мұхит жағалауына қайта оралуымыз керек.
— Ол адам... опасыз,— деп күбірледі миссис Уэлдон.— Мен мұны сезген сияқты едім! Сен оны Негоромен сөз байласқан деп шамалайсың ба?
— Иә, миссис Уэлдон. Негоро өнебойы біздің ізімізбен келе жатты. Ол екі сұрқияны кездейсоқ жағдай кездестірсе керек. Және...
— Қашан қолға түскенде ғана болмаса, ол залымдар біздің соңымыздан қалмайтынын мен де білемін,— деді Геркулес сөзге араласып.— Мен ол екеуінің басын жарамын! — деп үстелді алып, шоқпардай жұдырығын түйе түсіп.
— Бірақ Джекті қайтер екенбіз?—деді миссис Уэлдон жұлып алғандай.— Сан-Феличедегі гациендке жетуге асығып-ақ едім. Балаға күтім керек қой!..
— Жағалауға жетсек болғаны, Джек бірден жазылып кетеді, ол араның ауасы таза,— деді Том қарт.
— Дик,— деді миссис Уэлдон,— Гэрристің бізге опасыздық еткеніне көзің жете ме?
— Иә,— жасөспірім жауапты қысқа қайырды, бұл тақырыпта сөз көбейтіп жатуды ұнатпаған еді ол.
Бала жігіт қарт негрге бір қарап алды да:
— Гэрристің опасыздығын Том екеуміз бүгін түнде әшкереледік. Егер қашып кетпегенде, өзін жайрататын едім.
— Демек, гациенд...
— Бұл маңайда ешқандай гациенд, ферма, тіптен қыстақ та жоқ! — деді Дик Сэнд.— Қайталап айтамын, миссис Уэлдон, кідірмей мұхит жағалауына жетуіміз керек.
— Келген жолымызбен бе?
- Жоқ, миссис Уэлдон. Біздер салға мініп өзен бойымен төмен ағамыз. Ағыс бізді теңізге апарады. Бұл жағдай бізді шаршатпайды және қауіпсіз сапар. Біз әлде де болса бірнеше миль жаяу жүреміз, ендігі қалған аз ғана уақытқа сізді шыдар деп...
- О, Дик, мен әлі тыңмын! —деді миссис Уэлдон көтеріңкі үнмен, өзін өзі көңілді де ширақ көрсетуге тырысып. Менің жүруге шамам келеді. Мен бөбегімді де көтеріп жүре аламын...