Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Томның жолдастары айналаға таңдана қарап келе жатты. Олар жер сілкінудің салдарынан аударылып қалған ұшы-қиыры жоқ көп моланың арасымен жүріп келе жатқан сияқты еді. Бірақ мұның мәнісін Диктен ешқайсысы сұраған да жоқ.
Осы арада жылға арнасы кеңейіп, суының да недәуір тереңдей түскені байқалды. Ағысы да шабандай бастаған еді. Көп кешікпей осы жылғаның өзі кеме жүзе алатын өзенге айналады немесе Атлант мұхитының өзіне барып құятын үлкен өзеннің біріне қосылады деп үміттенуге боларлық еді.
Жас капитан отрядқа кездесетін не-не ауыр халдерді елең қылмастан жылғаны жағалап жүре беруге бел байлады. Сондықтан да судан бұрылып басқа жаққа кеткен жолдардың ешқайсысына түспей жылға жағалап жүруге ұйғарып еді.
Кішкене отряд қалың бұтаны тағы жарып өтетін болды. Шырмауық оралып қалған ит мұрны өткісіз қалың бұталарды аттаған сайын балтамен кесіп жол салу керек. Бірақ бұл орман мұхит жағалауының адам өткісіз жыныс орманына ұқсамайды: мұнда ірі ағаштар сирек өскен. Оқта-текте биік ағаштардың арасынан ерекше сорайып тұрған бамбуктер кездеседі. Жолаушылар бірінен бірі айрылып адаспау үшін ербең ете қалған кейбір қурайларды, анда-санда қылт ете түскен Геркулестің басын межеге алатын-ды.
Күндізгі сағат үштің шамасында отряд ақыры тоғайдан құтылды. Жер бейнесі кенет өзгеріп кетті. Жолаушылардың алдында, жылдың жаңбырлы маусымында жаңбыр суымен тасыған өзен тасқыны басып кеткен ұшы-қиыры жоқ жазық дала жатыр. Батпақ жерлерге қалың-қалың мүк өскен. Табиғаттың өзі тоқып төсеген жасыл кілемнің әр жерінде жайқалып тұрған ірі-ірі папоротниктер көрінеді.
Ливингстон кітабындағы бұл сияқты жазық далалар туралы жазылған сөздер Диктің есіне дәл уақытында түсе қалды. Аяқ астынан тап бола кететін бәлелерге ержүрек зерттеуші талай рет кездескен болатын, мұндай жерлерде батпаққа батып қалмау үшін аттаған сайын аяқты аңдап басу керек болды.
— Менің сөзіме құлақ салыңдар, жолдастарым! — деп айқайлады отряд алдында келе жатқан Дик Сэнд кенет тоқтай қалып.— Аяқ баспас бұрын, басатын жерлеріңді байқап алыңдар!
— Не деген сұмдық! — деді Том қарт.— Соңғы күндерде күн ашық болып еді ғой, сонда да болса мына ара жуырда ғана жаңбыр жауып өткен жер сияқты.
— Нөсер құйып келе жатыр,— деді Бат.
— Олай болса тездете жүруіміз керек,— деді Дик Сэнд.— Нөсер құймай тұрып, мына батпақтан өтіп кетейік. Геркулес, сен Джекті көтер! Бат, Остин екеуіңіз миссис Уэлдонға жәрдемдесіңіздер! Ал сіз, Бенедикт мырза... Ay, Бенедикт мырза, сізге не болды?
— Мен бе, мен батып бара жатырмын,— деді ол жайбарақат.
Шынында да ол аяғының асты қапыл ойылып кеткен сияқты, зымырап жерге сіңіп бара жатыр еді. Актеон қолын беріп ғалымды батпақтан тартып шығарды, үсті-басы адам жиренерлік лас болып қалса да ренжіген жоқ, өзінің ең қымбат қазынасы — энтомологиялық жинақтар салынған қаңылтыр жәшігінің бүлінбей аман қалғанына қатты қуанды. Дик Сэнд мына санасыз ғалымды Актеонға тапсырды да, оны қасыңнан шығарма деп ескертті.
Бенедикт ағай батып шыққан шұңқырдың бір жағымсыз жері болды. Ғалымды шұңқырдан суырып алғанда, ізінше бұрқылдап отауланған сасық газ көтерілді. Бұл сияқты батпақтарға Ливингстон талай рет кеңірдегінен келе батып шыққан. Асты кеуектеліп қалған қара топырақты жерден аттаған сайын қайнап су атылады. Мұндай борпылдақ жерлер жаяу жүруге аса қауіпті деген еді Ливингстон.
Жолаушылар былқылдақтың үстімен жарым миль шамасындай жол жүрді. Бір жерде миссис Уэлдон тізесіне дейін батпаққа батты. Сосын Геркулес, Бат, Актеон үшеуі бамбук ағашынан зембіл жасап миссис Уэлдонды зембілге отырыңыз деп үгіттеді. Жас келіншек кішкентай Джекті алдына алып зембілге отырған соң, бұл қауіпті жерден тезірек өтіп кетуге асығып, отряд алға қарай тағы жүріп кетті.