Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Біз мұнда тек бір-ақ түн түнеп шығамыз ғой,— деп Том еденді биіктетуге қарсы болды.
— Бір түн болса да тыныш жатып дем алуымыз керек қой. Сәтті жағдайды пайдаланып қалайық. Өткен он күннің ішінде қалқа астында қонғалы тұрғанымыз осы бүгін ғана!
— Ие, біз он күнді ашық далада жатып өткіздік,- деді Том, енді Диктің пікіріне қосылып.
— Оның үстіне,— деп Дик сөзін жалғастыра берді,— біз мұнда тағы бірер күн кідіріп қалуымыз мүмкін, термит илеуі бізге сенімді баспана бола алатын түрі бар. Мен уақытты пайдаланып өзіміз іздеген өзеннің алыс-жақынын анықтаймын. Мүмкін, біз мұнда қашан сал буып болғанға дейін тұрып қалармыз, мұнда болсақ, бізге ауа лайсаңы қорқыныш емес. Қане, достарым, жұмысқа кірісейік, топырақ төгіп үйіміздің ішін құрғақ сақтайық.
Диктің ұсынысы сол сағатында орындалды. Геркулес бөлменің астыңғы қабатын балталап бұзды да, еденге құлатып жайып тастады. Сөйтіп, еден бір фут шамасы жоғары көтерілді. Дик Сэнд күмбез ішіне ауа-кіретін тесіктің бітеліп қалмауын бақылады.
Термиттердің үйін тастап кеткеніне жолаушылар шүкірлік етісті. Егер мұнда термиттердің шамалы тобы қалса да адамдар күмбезге кіріп жайласа алмас еді.
Термиттердің шаруашылығын тастап кеткеніне қанша болған?
Бұл жәндіктердің мекенін тастап кетуі, Бенедикт ағайды қатты таңдандырды, сөйтіп ол осы мәселені анықтауға кірісті.
Ғалым текшеден еденге түсіп қолына фонарь алды да, күмбездің түкпір-түкпірін қарай бастады. Сөйтіп, ол еңбексүйгіш жәндіктердің азық қорын сақтайтын «бас қоймасын» тапты.
Қойма астыңғы қабатта екен. Бенедикт ағай ол жердегі әлі қатып болмаған бірнеше тамшы ағаш шайырын тапты, демек, термиттер қоймаға мұны жуырда ғана әкелген.
— Жоқ, жоқ!—деп айқайлады ғалым, бейне бір қарсы алдында тұрған біреумен керісіп жатқандай-ақ.— Жоқ, бұл құрылысты жуырда ғана тастап кеткен!
— Бенедикт мырза, сіз кіммен керісіп жатырсыз? — деп сұрады Дик Сэнд.— Термиттер бұл арадан бүгін кетті ме немесе бұдан бір жыл бұрын кетті ме, қашан кетсе де мейлі, ол арасының бізге қажеттігі жоқ, біз үшін ең керектісі — үйін бізге қалдырып кеткендігі.
— Жоқ,— деп өзеуренді ғалым,— термиттердің бұл арадан кету себебін анықтау өте маңызды мәселе. Бұл тор қанатты сұмдар кеше ғана немесе бүгін таңертең осында болған: мінеки, көрдіңіздер ме, ағаш шайырлары тіптен қатып та үлгірмеген...
— Бенедикт мырза, оның бізге қанша қажеттігі бар? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Термиттерді өз мекенін тастап кетуге тек ішкі сезім ғана зорлап көндіре алады. Көріп тұрсыздар ма, илеуде бірде-бір термит қалмаған! Олар ең алдымен жұмыртқаларының бірін қалдырмай тасып әкетуге тырысқан. Солай ол, мен тағы да қайталап айтамын, ол сезімтал жәндіктер нендей де болса бірер қатердің таянып келгенін сезген.
— Әлде олар күмбездеріне біздің кіретінімізді сезген шығар? — деп Геркулес қалжыңдай күлді.
— Айтып отырғаныңның бәрі құр шатпақ! — деді Бенедикт ағай негрдің қалжыңына шамданып.— Шынымен-ақ осы жауынгер жәндіктерден өзіңізді күшті санайсыз ба? Егер олар сіздің өлігіңізге кезіге қалса, термиттердің бірнеше мыңы жабылып қас қаққанша болмай саудыратып сүйегіңізді ғана қалдырар еді.
— Өлі дененің сүйегін мүжу де жұмыс болып па! — деді Геркулес жеңілгісі келмей.— Мен жүз мыңдаған термиттеріңді оп-оңай тапап өлтіре аламын!..
— Екі жүз мың, бес жүз мың, миллион,— деп Бенедикт ағай өзеурене түсті,— бірақ миллиард бола қоймас! Ал миллиард термит, мейлі өлі бол, мейлі тірі бол, бақайшағыңа дейін қалдырмай мүжіп тастайды.
Бұл талас алғашқыда Дикке қызық көрінсе де, кейін оны ойға қалдырды. Бенедикт ағайдың айтқан сөздері оған үлкен әсер етті. Жәндіктердің сырын жақсы білетін
ғалымның болжауынан жаңылмағанына жасөспірім күмәнданбады. Егер де қаласын тастап кетуге термиттерді ішкі сезім зорлаған болса, демек, бірер қауіп-қатердің төнгенін шынында да олардың сезуі анық.