Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Таң атуға әлі біраз уақыт бар. Күмбез ішіне түскен ине жасуындай да сәуле жоқ, тастай қараңғы. Күмбездің қалың қабырғасы арқылы әрең естіліп жатқан күннің күркірегені нөсердің басылмай әлі құйып тұрғанын дәлелдейді. Дик Сэнд даладағы дыбысты тыңдап күннің ашылмағанын білді. Бірақ жаңбырдың ауыр тамшылары қатты жерге тырсылдап тамбай шылпылдап, суға түсіп жатты. Бұл дыбыстан Диктің шығарған қорытындысы, маңайды тегісінен су басқан екен деді.
Уақыт кешкі сағат он бірдің шамасы. Дик Сэнд бойын ұйқы билеп бара жатқанын сезді. Шамалы көз іліндіріп тынығып алса да теріс болмас еді, бірақ еденге төселген топыраққа су өтіп күмбездің ішіне кіретін таза ауаның жолын бекітіп тастауы мүмкін, ақырында тар күмбезде жатқан он адамның тұншығып өлуі де қиын емес деген күдікті ой оның көз алдынан елестей қалды.
Дик Сэнд еденге сырғып түсті, қабырғадан құлатылған астыңғы қабаттың топырағы еденді бір фут биіктеткен болатын. Топырақ төселген еден әзірше құрғақ еді. Күмбез ішіне кіретін ауаның жолы ашық, ішке кірген ауамен бірге үздіксіз жарқылдаған найзағайдың жарығы да, күннің күркірегені де қоса еніп жатты. Жаңбыр нөсерлете құйса да, күннің күркіреуі әлі басылмаған.
Бәрі де жақсы жайғасып жатқан. Термиттер илеуіне орналасқан адамдарға төніп тұрған қауіп-қатер жоқ сияқты. Сондықтан да Дик Сэнд бірнеше сағат дем алуға ұйғарды, бірақ сақтық ойлап тесіктің кіре беріс аузына — еденге жатты. Бұл жер кездейсоқ қатер бола қалса, елден бұрын дабыл қағып өзгелерге хабар беруге ыңғайлы еді, және алғаш түскен күн сәулесімен оянып барлауға жөнеледі.
Дик мылтығын қатарына қойды да, қабырғаға басын сүйеп лездің арасында тәтті ұйқыға енді.
Денесіне әлденендей бір суық зат тигендей боп оянып кетті ол. Жатқан жерінен ұшып тұра келіп, күмбез еденін басып бара жатқан суды көргенде, төбе шашы тік тұрды. Ішке кіріп жатқан су тез көтеріліп, бірнеше секундтың ішінде Геркулес пен Том жатқан төменгі текшеге жетті.
Дик жолдастарын оятып тұрғызды да, төніп келе жатқан жаңа қатерді айтты.
Том қарт фонарь жағып күмбез ішіне жарық түсірді:
Судың тереңдігі бес футқа жетті де, одан жоғары көтерілмей сол күйінде тұрып қалды.
- Не боп қалды, Дик? — деп сұрады миссис Уэлдон бұлардың дабырымен оянып.
— Түк те жоқ,— деді бала жігіт.— Күмбездің астыңғы текшесін су басыпты. Жаңбыр суымен тасыған өзен арнасынан шығып маңайындағы тегістікке жайылса керек.
— Өте жақсы! — деп Геркулес айқайлап жіберді.— Бұл жағдай шынында да өзеннің жақын екендігінің нышаны болса керек.
— Ие,— деді Сэнд,— осы өзенді төмен ағып мұхит жағалауына жетеміз. Миссис Уэлдон, сіз абыржымаңыз, су бұдан жоғары көтерілмейді, сіз жатқан текшеге су жетпейді, құрғақ болады.
Миссис Уэлдон үндеген жоқ. Ал Бенедикт ағай өз илеуінде жатқан термиттер сияқтанып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
Бес негрдің бесеуі де фонарь жарығы түскен суға үңіліп Диктің сөзін күтіп тұр.
— Қалған азық-түлік пен мылтықтарды үстіңгі текшеге жинаңдар, су тиіп бүлінетін болмасын,— деп бұйырды Дик Сэнд.
Енді ол күмбез ішіне кірген судың жоғары көтерілгенін бақылап тырс үндемей қарады да тұрды.
— Су есіктен кірді ме екен? — деп сұрады Том қарт.
— Ие,— деп жауап қатты Дик Сэнд,— су енді тыстан кіретін ауаның жолын бөгейтін болды.
— Олай болса, күмбездің су жеткен деңгейінен жоғарырақ жаңа тесік тесейік,— дегенді айтты қарт негр.
— Жоқ... Том, олай еткеніміз дұрыс болмас деймін, мұнда жиналған судың тереңдігі тек бес фут болғанда, тыстағы су бұдан жоғары емес деп жорудың қисыны жоқ... Даладағы судың тереңдігі жеті — сегіз фут, тіптен одан да терең болуы мүмкін.
— Дик, сіз солай деп шамалайсыз ба?