Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Күмбездің ішіне кірген су іштегі ауаны қысып, қысылған ауа суды төмен басып, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермей тұрса керек деп шамалаймын. Егер жаңадан тесік тессек, суды қысып жібермей тұрған іштегі ауа тысқа тебеді де, судың ішке кіруіне жол ашылады, сөйтіп іштегі су мен тыстағы судың деңгейі іштегі судан жоғары болса, қашан ауа қысып тоқтатқанша іштегі су үздіксіз көтеріле береді. Біздер қазіргі уақытта бұл күмбездің ішінде суға сүңгушілер күмбезінің ішіндегі жұмыскерлер сияқтымыз.
— Енді не істеуіміз керек? — деп сұрады Том.
— Ең алдымен жақсылап ойлану керек, содан кейін іске кірісеміз,— деді Дик Сэнд.— Сақтанбай істеген іс түбімізге жетуі мүмкін.
Бұл өте дұрыс пікір еді. Диктің, су басқан термиттер күмбезін сүңгуірлер күмбезімен теңеуі де орынды. Бірақ сүңгуірлер күмбезінің ішіндегі ауа арнаулы насоспен әлсін әлі жаңартылып тұрады. Ондағы адам су астында жүріп емін-еркін дем алады, ауа жағынан ешқандай кемтарлық көрмейді, өзін ауасы тығыз құрылыс ішіндегі жұмыскердей сезеді. Термиттер күмбезі ішіндегі ауа бірден бірге бұзылып бара жатыр, құрылыстың үштен бір бөлегін су қамтыған, енді қабырғаның бір жерінен жаңа тесік тесілсе болғаны бұзылған ауаның тысқа шығып, таза ауаның ішке кіруіне жол ашылады. Бірақ құр тәуекелге сеніп жаңадан тесік тесудің ақыры, Дик Сэнд айтқандай, жағдайды нашарлатып жіберуі ықтимал.
Күмбез ішіндегі су әзірше бұрынғы деңгейінен асқан жоқ. Іштегі су екі түрлі жағдаймен ғана көтерілуге тиіс: біріншісі, күмбездің бүйірінен тесік шығарылса және тыстағы судың деңгейі іштегі судан жоғары тұрса; екіншісі, өзен тасқынының деңгейі әлде де көтеріле түссе. Бұл екі жағдай күмбез ішіндегі суды өсіріп, ауа сиярлық шамалы ғана орын қалдырады, кислороды таусылып бұзылған ауа қысылған үстіне қысыла түседі.
Тасқын күмбезді көшіріп әкетуі мүмкін деп ойлады Дик Сэнд. Бірақ ойлана келіп бұл пікірін өзі теріске шығарды, өйткені термиттер күмбезі өте нық салынған-ды.
Сөйтіп, нөсердің ұзаққа созылатын түрі байқалды. Жаңбыр үздіксіз жауа берсе, тасқынның да күшейіп кетуі мүмкін, бәрінен гөрі осыдан қауіптену керек. Егер бүкіл ойпатқа иірілген судың тереңдігі отыз футқа жетсе, былай айтқанда күмбездің төбесінен он сегіз фут жоғары көтерілсе, іштегі ауа бір атмосфера87 қысылады.
Дегенмен тасқынның күшейіп кетуі ықтимал деп Диктің қауіптенуі орынды еді. Шынында да судың көтерілуі нөсерлетіп жауған жаңбырдан ғана емес, жақын маңдағы бірер өзен арнасынан шығып ойпатты түгелдей басып кетуінен болуы да мүмкін. Олай болған жағдайда күмбез бүтіндей су астында қалды деуге болады. Егер термиттер қаласы мүлдем су астында қалса, оның төбесін тесіп шыққанмен, селден аман құтылудың мүмкіндігі жоқ.
Бұл кезде Дик Сэнд тағдырдың ақырын тосуға ма, әлде бірер әрекет ету керек пе деген мазасыз ойда еді.
Түн ортасы ауып сағат үштің шамасы болды. Жолаушылар қозғалмай отырып тыстан талып естілген күннің күркірегеніне құлақтарын түрді. Тоқталмастан гүрілдеп сарылдаған дыбыс тыстағы лайсаңның әлі басылмағанын дәлелдеп тұр.
Том қарт іштегі судың көтеріле түскенін байқаған еді.
— Мұны мен де байқап тұрмын,— деді Дик Сэнд.— Демек, тыстағы су да көтеріле түскен, әйтпесе іштегі су көтерілмес еді.
— Бір жақсы жері, судың көтерілуі өте шабан,— деді Том.
— Бірақ мұның қашан тоқтайтыны мәлімсіз ғой,— деп жауап қатты Дик.
— Капитан Дик,— деді Бат, егер қаласаңыз, күмбезден тысқа шығуға әрекет етіп көрейін. Суға сүңгимін де, тесік арқылы тысқа шығамын...
— Осыны өзім істесем деп тұрмын,— деді Дик оған.
— Жоқ, жоқ! — деп Том қызулана сөзге араласты,— рұқсат етіңіз, менің балам сүңгісін. Оған сенуіңізге болады. Егер ол қайтып орала алмаса... сіз тағы бірер амал ойлап табарсыз...— Қарт оның құлағына сыбырлап: — Сіз миссис Уэлдон мен кішкентай Джекке керек екеніңізді ұмытпаңыз!..— деп үстеді.