Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Жақсы,— деді Дик.— Бара ғой, Бат. Егер күмбез бүтіндей су астында қалған болса, мұнда қайтамын деп әуреленбей-ақ қой. Сен шыққан тесіктен далаға шығудың амалын қарастырармыз. Бірақ балта ала кет, егер күмбездің төбесі судан шығып тұрса, төбені тықылдатып бізге хабар беp. Сосын төбені ішкі жағынан өзіміз тесерміз, түсіндің бе?
— Түсіндім,— деп жауап қатты Бат.
— Жөнел, балам,— деді Том, Баттың қолын қысып.
Бат өкпесін ауаға толтырып алды да, сүңгіп кетті. Күмбез ішіндегі судың тереңдігі бес футтан астам еді. Баттың алдында тұрған міндет оңай жұмыс емес, су басып қалған тесікті табу, сосын тесіктен өтіп үске көтерілу. Осының бәрін бірнеше секундтың ішінде істеп үлгеруі керек.
Жарты минут уақыт өтті. Дик сүңгіп кеткен негрді ашық ауаға шыққан болар деп үміттенген еді, осы арада cyдан Баттың басы көрінді.
— Қане, айтшы, не болған екен? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Тесіктің аузын лай басып қалыпты,— деді Бат демін алқына алып.
— Тесікті лай басыпты деймісің!—деп қайталады қарт негр.
— Ие,— деді Бат,— ауыздағы топырақты су жуып әкетсе керек, қабырғаны айнала сипалап тесікті таба алмадым.
Дик Сэнд басын шайқады. Кішкене отряд су басқан күмбездің ішінде ешбір тыныссыз тастай қараңғыда қалып тұншығатын болды.
— Мұның бұрынғы тесігі табылмаса, жаңадан тесік тесу керек,— деді Геркулес.
— Сабыр ет! — деп айқайлады Дик, қолына балта алып суңгуге ыңғайланып тұрған Геркулесті қолынан ұстап.
Бала жігіт терең ойға шомды, ұзақ уақыт үндемей тұрып, ақырында:
— Жоқ, біз басқа әдіс қолданамыз. Күмбезді төбесіне шейін су басқан ба, жоқ па? Мінеки күллі мәселе осыған байланысты. Төбені бұрғылап тессек, мұны оңай білеміз Бірақ күмбез бүтіндей су астында қалған болса, ауа бірден далаға атылады да күмбездің бос тұрған жері суға толады, сосын біздің жұмысымыз бітеді деген сөз. Бұл арада өте сақ болу керек.
— Бірақ кешіге берудің жөні жоқ,— деп ескертті Том қарт.
Шынында да күмбез ішіндегі су бірден-бірге көтеріліп бара жатқан. Судың тереңдігі алты футқа жетті. Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай мен Нан — төртеуі әлі су жете қоймаған жоғарғы құрғақ текшеге шықты, бірақ еденде қалғандар белуарынан келіп суда тұр.
Диктің айтқанын тезірек істеп байқау керек болды. Іштегі судан бір фут жоғары, былай айтқанда күмбездің табанынан жеті фут жоғарыдан бұрғылап тесік тесу керек, бала жігіт осылай байқауға ұйғарды. Егер тесіктен ішке ауа кірсе, күмбездің төбесі судан шығып тұрғаны. Ал керісінше, яғни тесік тыстағы судың астынан тесілсе, іштегі су көтеріле бастауға тиіс. Олай болса тесікті тезінен тығындап тастап, бір фут жоғарыдан қайта тесу керек. Егер төбеден тескен тесіктен де ауаның хабары болмаса, табандағы судың тереңдігі он бес футтан жоғары болып, термиттер қаласы тегісінен су астында қалғаны. Онда Диктің өзі де жолдастары да өлімнің ең ауырына ұшырап, тұншығып, аз-ақ уақыт қиналып өлер еді...
Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді, алайда байсалды да өзін-өзі сабырлы ұстады. Ол істейміз деген ісінің болашақ мүмкіндігін ерте бастан-ақ ескерген болатын. Бірақ мойнына су кеткен кісіше ешқандай әрекет етпей қараптан-қарап тұра беру — жігіттік емес, өте қауіпті, онсыз да іштегі ауа бұзылып болған, адамдар тұншыға бастаған-ды.
Дик Сэнд күмбез қабырғасын тесу үшін ұшында бұрандасы бар мылтық сүмбісінің біреуін суырып алды. Шапшаң бұралған сүмбі балшық қабырғаны оп-оңай тесіп өтуге тиіс. Тесіктің кеңдігі сүмбі жуандығынан бірнеше миллиметр ғана кеңдеу еді, бірақ осы болмашы тесіктің өзі де ішке ауа кіруге жол бола алады.
Геркулес фонарь көтеріп Дикке жарық түсірді. Актеонның қалтасында тағы бірнеше балауыз бар-ды, бірақ мұны ақтай берудің де қажеттігі қалмаған.
Тез бұралған сүмбі бір минутта қабырғаны тесіп өтті, қалың лайдың астынан тесіп шыққан ауа суды бұрқылдатып көтереді ғой, нақ сол сияқты бұрқылдаған дыбыс естілді. Іштегі ауа пәрменімен тысқа теуіп, едендегі су қапыл көтеріліп кетті.