Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тесік тыстағы судың астынан шыққан болды...
— Енді жоғарырақтан тағы тесіп көрейік! — деді Дик Сэнд асып-саспай, жайымен. Жалма-жан тесіктің аузын бір уыс балшықпен тығындай салды ол.
Судың көтерілуі тоқтады, бірақ әп-сәтте су сегіз дюймдей көтеріліп қалған еді. Енді іштегі ауа да осы мөлшерде кеміп қалды. Адамдардың дем алуы қиындала түсті, өйткені ауадағы кислород мүлдем азайып қалған. Фонарьдің жалыны қызарып жанып, жарығы да кеми берді.
Дик Сэнд алғашқы тескен тесігінен бір фут жоғары тағы тесе бастады. Егер бұл әрекетінен тағы нәтиже шықпаса, іштегі су қайта көтеріле түседі... Бірақ тәуекел ету керек болды.
Дик Сэнд екінші тесікті тесіп жатқанда, Бенедикт ағайдың даусы естілді:
— Ә... солай екен бұл! Енді бәрі мәлім болды!
Сол сәтте Геркулес фонарь жарығын Бенедикт ағайға қарай бұрып еді, ғалымның қуанышы қойнына сыймай, мәз-мейрам болып екі езуі құлағына жетіпті.
— Бұл есті жәндіктердің өз үйлерінен безу себебін енді білдім! — деді Бенедикт мырза.— Олар осы ойпатты сел басатынын алдын ала білген. О, мұны білдірген оларға ішкі сезім ғой, достарым, ішкі сезім деймін! Термиттер бізден гөрі ақылдырақ! Анағұрлым ақылды.
Бенедикт ағай уақиғаға байланысты өз пікірін айтып болды да үнін өшірді.
Осы сәтте Дик Сэнд екінші рет тескен сүмбіні суырып еді, алдыңғы бұрқылдаған дыбыс қайта естілді.— Іштегі су тағы көтеріле түсті... Бұл тесік те тыстағы судың астынан шыққан болды.
Жағдай шынында да жан түршігерлік түрге айналды. Су текшеде жатқан Джектің аяғына жақындап қалды, миссис Уэлдон бөбегін көтеріп қолына алды. Көлемі тар күмбез ішіндегі адамдардың тынысы тарылып тұншыға бастады, құлақтары шуылдап, жүрек соғуы жиілене түсті. Шамның жарығы мүлдем көрінбей кетті.
— Шынымен-ақ күмбездің су астында қалғаны ма? деп күбірледі Дик Сэнд.
Бұл жағдайды анықтау үшін үшінші тесікті тағы тесіп көру керек. Бұлардың ең ақырғы әрекетінен де алдыңғысындай нәтиже шықса, ендігі қалғаны тұншығып өлу, іштегі ауаның қалдығы далаға шығады да, күмбездің ішін түгелдей су басады.
— Миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд,— біздің қандай халде екенімізді білесіз бе? Енді сәлден соң бізге ауа жетпейді. Ақырғы әрекетіміз де сәтсіз болып аяқталса, күмбез ішіне су толады. Егер күмбездің төбесі судан шығып тұрса ғана жан сақтай аламыз. Мен тәуекел етсек деймін... Сіз оған қосыласыз ба?
— Қосыламын, Дик,— дей салды жас келіншек.
Осы сәтте кислород таусылғандықтан фонарь да сөніп қалды. Жолаушылар енді тас-түнек қараңғыда қалды.
Геркулес қабырғадағы текшелердің біріне шықты. Оның судан басы ғана қылтиып тұр. Дик Сэнд алып негрдің иығына шығып күмбездің қақ төбесін сүмбімен тесе бастады Бұл араның балшығы қатты да қалың екен. Қатып қалған балшыққа сүмбі әрең батты. Дик Сэнд сүмбіні жан ұшырғандай өте шапшаң бұрады. Оның тұла бойын жан түршігерлік қорқыныш кернеген, бірнеше секундтан соң ине жасуындай саңлаудан күмбез ішіне таза ауа кіреді, ауа кірсе, онымен бірге өмір келеді деген сөз, егер су кірсе, өлім.
Кенеттен жыланша ысқырған ащы дыбыс естілді. Күмбез ішіндегі қысылып тұрған ауа далаға атылды... ізінше тесіктен жылтыраған сәуле көрінді. Іштегі су тағы да сегіз фут жоғары көтерілді де, одан жоғары аспай тоқтап қалды. Шамасы, тыстағы су мен іштегі су деңгейлескен болды.
Сөйтіп, күмбез төбесі судан жоғары екен. Енді жолаушылар өлім тырнағынан жырылып шықты.
Күмбез ішінде «уралаған» ұран көтерілді, әсіресе көп дауыстың ішінен Геркулестің даусы күндей күркіреп epекше бөлініп естілді.
Сол сәтте балта мен пышақтар іске қосылды. Күмбез төбесіндегі тесік лездің арасында кеңейтілді, ішке кірген таза ауамен бірге жаңа көтерілген күннің сәулесі де енді.
Дик Сэнд бірінші болып тесіктен басын тысқа шығарды. Сол сәтте оның кеудесін кернеген айқайы да бірге атылды. Айқайға ілесе зуылдаған дыбыстар да естіле бастады, бұл садақ оғының зуылы еді, мұны бұрын Африкада болғандар жақсы біледі.