Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Дик Сэнд өздеріне мола бола жаздаған термиттер күмбезінің төбесінен басын қылтитып қарағанда, сол маңайдағы қырқада тұрған жергілікті халықтардың бір лагерін байқап қалған еді. Қырқаның шоқысында зәулім биік бір анжир ағашы өскен. Оның айнала тарамданған бұтақтарының саясына бес жүз адам еркін сиярлық. Африканың алып ағаштарын көрмеген адам, бұл ағаштың соншалықты ірілігіне сенбеуі мүмкін. Анжир ағашының жасыл көлеңкесіне Гэрристің Негороға айтқан еріксіздер керуені орналасқан еді. Құл саудагері Альвецтің агенттері құл саудасының орталық базары Казондеге тұтқындар жөнелтіп жатты. Казондеге жеткен сорлылар батыс жағалаудағы немесе Үлкен Көл өлкесіндегі Ньянгве лагерлеріне жөнелтілетін: Ньянгвеге жеткен соң солтүстікке—Египетке қарай немесе шығысқа Занзибарға қарай жөнелту үшін жаңадан керуен құрылады.
Лагердегілер жергілікті халықтан алынған тұтқындарға қандай қараса, қолға жаңа түскен жолаушыларға да сондай қарады. Кәрі Нанды, Том ақсақалды, шалдың баласы Батты, Остин мен Актеонды екеу-екеуден қосақтап мойындарына ұзындығы алты фут ағаш бұғау кигізді: бұғаудың екі басында (V) рим цифрына ұқсаған ойық бар. Ойықтың мойынға кигізетін жеріне темір құрсау салынған. Қаныпезер сұмдар сорлары қайнаған еріксіздерді не оңға, не солға бұрылдырмай бірінің соңынан бірін қаздай шұбыртып жүргізеді. Ағаш бұғауға қосымша сорлыларды ауыр шынжырмен белінен тағы қосақтайды. Сөйтіп еріксіздердің қолы мен аяғын ғана матамай бос қалдырады. Қолын бос қоятын себебі, оның жүк көтеріп жүруі керек, ал аяғын бос қойғанда, ұзақ жолға өзі жүріп жетсін дейді. Әрине, аяқ — қашу үшін бос қойылмайды... Мінеки, тұтқынға алынған сорлылар күннің шыжып тұрған кезінде хавильдарлар (айдаушылар) шыбыртқысы жондарын тілгілеп жан төзгісіз жағдайлармен жүздеген миль жол жүреді.
Дик пен оның жолдастары алысумен жүріп әлсіреді, сондықтан ендігі жерде қарсыласа берудің пайдасыз екендігін аңғарды да, арпалысуды тоқтатты. Бұлар неғып қана Геркулес құсап қашып құтыла алмады екен? Геркулес қаншама қайратты болғанымен егер қолға түсе қалса, мына қатыгез елде оның халі не болар еді? Алдында аранын ашқан аштық пен жабайы аңдар, аңнан да жаман жергілікті халықтар тұрғанда, сорлы қашқын неге сенді екен? Көп кешікпей өзінің тұтқынға түскен жолдастарының тағдырына қызығуы да мүмкін.
Дегенмен тұтқынға түскен жолаушылардың керуен басылардан жақсылық көреміз деген ешқандай үміттері жоқ-ты. Керуенді басқарып жүрген арабтар мен португалдар өзара басқа түрлі тілмен сөйлесетін де, еріксіздермен тек қана ақырып, қорқытып. күш көрсетіп ымдап «сөйлесетін».
Дик Сэнд ақ нәсілді адам болғандықтан құл саудагерлері басқаларға істегенін бұған да істеуге батылы бармады. Жас жігіттің қаруын тартып алды, бірақ шынжырлаған жоқ. Оның есесіне Дикті арнаулы хавильдарға бақтырып қойды, бақташы Диктен көз айырмауы керек.
Дик Сэнд, Негоро мен Гэрристің біреуі көрінбес пе деп айналаға көз жүгіртті, бірақ ешқайсысы көрінген жоқ. Ол екеуі. керуенде жоқ болғанымен, отряд адамдарын тұтқынға алуда сол оңбағандардың тікелей қатысы барлығынан Дик Сэнд күмәнданбаған.
Американның немесе португалдың бұйрығы бойынша миссис Уэлдонды, кішкентай Джек пен Бенедикт ағайды басқа тұтқындардан бөлген болар деп шамалады Дик Сэнд. Бұлар лагерде көрінбеген соң, сыбайластар ол бейшараларды басқа жаққа айдап әкеткен екен деді жас жігіт өзіне өзі. Олар миссис Уэлдонды қайда апарады? Оған не істер екен? Бұл мазасыз ой Диктің тынышын алып, өз басының қайғы қасіретін есінен шығарды.
Зәулім биік анжир ағашының түбіне көлеңкелеп иіріліп жатқан керуеннің кем дегенде сегіз жүздей адамы бар-ды. Олардың ішінде еркегі, әйелі — екі жыныс аралас бес жүзге тарта еріксіздер, екі жүздей жергілікті солдаттар, жүз шамалы жүк көтерушілер мен хавильдарлар және құл саудагерінің агенттері бар.