Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
- Ат жоқ, Джек! Қашып кетіпті! Саған енді мен ат боламын. Маған мініп жүргің келмей ме?
- Мінгенде қандай,— деді бала.— Бірақ сені жүргізе алар ма екем? Сенің жүгенің жоқ қой.
- Қысылатын түк те жоқ, маған жүген кигіз де, ауыздықтап алып,— Геркулес аузын аңырайта ашты,— дізгінін тартқылап шаужаулай бер.
— Жоқ, мен ақырын тартармын.
— Аямай-ақ қой! Менің аузым мықты.
— Ал, мистер Гэрристің фермасы қайда? — деп сұрады бала.
— Қашық емес, қазір-ақ жетеміз;—деді миссис Уэлдон.— Иә, қазір-ақ... қазір-ақ...
— Жүруге рұқсат па? — деп сұрады Дик Сэнд, бұл әңгімені қысқартқысы келіп.
— Ықтиярың білсін, Дик,— деп жауап қатты миссис Уэлдон.
Отряд қауырт жиналды да, бұрынғы тәртібімен жолға шықты. Жылға жағалауынан ұзап кетпеу үшін орманның қалың жерлеріне кіре жүретін болды. Бір кезде бұл арада жол болыпты, бірақ оны шөп-шырмауық басып енді оның жол аты жоғалған. Отряд бір мильдей жердің қалың бұтасын жарып өтті, жол салып өту үшін, сол бір мильдің өзіне ғана үш сағаттай уақыт кетті. Негрлер тынбастан жұмыс істеп жол салуға тура келді. Геркулес кішкентай Джекті Нанға ұстата салып, о да жұмысқа кірісті; ырс-ырс етіп, балтасын оңды-солды сермеп, тоғай ішінің астаң-кестеңін шығарды, қалың бұтаны жарып жалғыз аяқ жол салды.
Бір жақсы жері, жолаушылар кешікпей-ақ бұл сияқты қажытарлық жұмыстан құтылды. Орман арасынан бір жалпақ жол кездесті, жол сүйірлене барып жылғаға тіреліпті де, одан ары жылға жағалауын бойлап кете беріпті. Бұл шұбырған пілдердің жолы екен. Шамасы осы жылға, бірнеше жүз пілдің топ-тобымен шұбырып келіп су ішіп жүрген суаты болса керек. Борпас жерлерде алып денелі, қалың терілі хайуандардың жуан аяқтарының кіріп кеткен терең іздері жатыр. Бірақ бұл жолмен жүрген тек қана пілдер емес, басқалардың да жүргендері көп кешікпей мәлім болды. Бұл жолмен талай рет адамдар да шұбырған, бірақ олар өз ықтиярларымен шұбырмаған: ол адамдарды таяқтың астына алып, қасапқа апаратын малша айдап шұбыртқан. Көп жерлерде жабайы аңдар мүжіп тастаған адам сүйектері шашылып жатыр. Олардың арасында шынжырымен жатқан сүйектер де бар.
Орталық Африкадағы ұзын жолдардың бойы адам сүйегінен қарақшы тұрғызылған секілді, ол жақта мұндай жолдар аз емес. Кей кездерде еріксіздер керуені әлденеше жүз миль жол жүреді. Бағы ашылмай сорлары қайнаған құлдар қатал хавилдардың шыбыртқысы астында адам төзгісіз жағдайда шалдығып болдырудан, ауырып-сырқаудан жолшыбай мыңдап қырылады. Ал енді керуенге тамақ жетіспей қалады-ау деген қауіпті жағдай бола қалса, айдаушылардың қырып тастайтын адамдары не сан! Иә, солай! Мұның таң қаларлық түгі де жоқ. Егер де құлдарды асырарлық азық болмай қалса, қалай болса солай атып тастайды, пышақпен жарып немесе қылышпен шауып өлтіреді... Бұл сияқты айуандықпен қан төгетін кезеңдер сирек кездесетін жағдай емес.
Бұл еріксіздер керуенінің жолы еді. Диктің өзі де, оның жолдастары да аттаған сайын дерлік адам сүйегінің үйіндісіне кездесе берді. Адам сыбдырының жақындағанынан үркіп ірі-ірі ешкіемерлер қаша жөнеледі. Жерден шабан көтеріліп ұшқан қара құстар ауада қалықтап жол бойын айналып жүрді.
Миссис Уэлдон жан-жаққа көз тастап келе жатыр, бірақ ешнәрсе көрмеген кісі сияқты. Гэрристің опасыздығымен Африканың алыс түкпіріне келіп кірген кішкене отрядтың халін жолдастарына айтып шындықты мойындамай, бала жігіттің мұхит жағалауына қайта қайтқандағы көздеген мақсаты не, миссис Уэлдон осының мәнісін сұрап қала ма деген ой Диктің мазасын кетірді. Бір жақсы жері, маңайдағы болып жатқан уақиғалармен жас келіншектің ісі болмады. Ұйықтап келе жатқан бөбегін өзі алып аналық мейірбанын нәрестеге аударды ол. Нан оның қатарында келе жатты, бір жақсы жері, кәрі негр әйелі болсын, жас келіншектің өзі болсын, Диктің тынышын кетіретін сауал жөнінде ешқайсысы жақ ашып үндеген жоқ.
Том қарт басын жерге салып төмен қарап келе жатты, жол бойындағы адам сүйегінің шашылып жату себебін ол жақсы білетін-ді.