Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Олай болса, бұл туралы миссис Уэлдонға және өзіңнің жолдастарыңа тіс жарып үндей көрме! Бұны екеумізден басқа ешкім білуге тиіс емес. Бұл жағдайды дабыра қылып адамдардың үрейін алмауымыз керек.
— Иә... сіз дұрыс айтасыз, Дик...— деді қарт негр.
— Том,—деп ол сөзін жалғастыра берді,—біз бұрынғымыздан екі есе сақ болуымыз керек. Біздер дұшпан еліндеміз. Бұл аса қорқынышты ел, дұшпанымыз да сондай қауіпті... Жолдастарымызға,— Гэррис бізге опасыздық етті десек,— олардың сақ болуына соның өзі-ақ жетіп жатыр Олар жергілікті халықтың шабуыл жасауы мүмкін екен деп ойласын.
— Дик, менің жолдастарым сізге шын берілген адал дос екендігіне сенуіңізге болатынын білесіз бе?
— Білемін. Сіздің адал пікіріңіз бен тұрмыстағы тәжірибеңізге арқа сүйей алатынымды да білемін. Том, сіздер маған жәрдем етуден тартынбассыздар деймін?
— Әрқашан және қай жағынан болса да дайынбыз, капитан.
Дик Сэнд өз пікірін Томға түсіндірді. Бір жақсы жері, Гэрристің опасыздығы, өзінің пасық ниетін жүзеге асырудан бұрын әшкереленді, сондықтан Диктің өзіне және оның жолдастарына да қазіргі уақытта тікелей төніп тұрған қауіп жоқ-ты. Қашқан құлдың тастап кеткен шынжыры мен ағаш бұғауының ойда жоқта табыла қалуы, сосын арыстанның ақырған дауысы — осының бәрі американның арам ниетте екендігін уақытынан бұрын әйгіледі. Гэррис өзінің пасық ниеті әшкереленіп қалғанын білді де. сыбайластары күтіп жатқан жерге отрядты жеткізбей-ак қашып кетті. Соңғы күндерде Негоро өзінің ескі жолдасының ізімен келе жатқанын Дингоның қылығы да дәлелдеп еді. Негоро Гэрриспенен ендігі кездескен де болар, сөйтіп келешектегі қолданатын әрекеттерінің жобасын екеуі бірігіп жасап та қойған шығар. Болашақ шабуыл бірнеше сағат өтпей болмайды деп шамалады Дик, сондықтан осы уақытты пайдаланып қалуға ұйғарды ол. Олардың ақырғы көздеген мақсаты, мүмкіндігі болғанынша тезірек теңіз жағалауына қайта оралу еді. Сол арадан мұхит жағалауын бойлай жүріп (олар үшін солтүстікке немесе оңтүстікке қарай жүрудің де айырмасы жоқ-ты) жағалау маңындағы елге жетеміз деп шамалады Дик. Сонда барып өзінің туып-өскен еліне жететін мүмкіндікті күтуге тиіс.
Бірақ олар жағалауға қай жолмен барулары керек? Өздерінің келген жолымен кері жүрулері керек пе? Дик Сэнд бұл жолмен жүруді тиімсіз деп шамалады. Жасөспірім жолдың жақынын ұнатып төтелеп жүрер деп сенген еді Гэррис, құл саудагері өзінің бұл жобасынан алжаспады.
Шынында да, орман аралап өздерінің келген жолымен кері жүру бір жағынан мүлдем ойланбағандық болса, екінші жағынан, алғашқы шыққан жеріне қайта барар еді. Негоро да өзінің сыбайласын ертіп олардың соңынан барады. Ендігі қолданатын бірден-бір шара, із білдірмей өзенмен ағып кету ғана. Мұның тағы бір тиімді жағы жыртқыш аңдардан да қауіпсіз болады, бұл аңдар күні бүгінге дейін жолаушыларға маңдаспаған-ды. Салға мініп өзен бетімен төмен ақса, жабайы адамдардан да оншалықты қорқа қоймайды. Жақсы қаруланған жолаушылар берік байланған салдың үстінде дізе қосып, жергілікті халықтардың шабуылы тойтарыс бере алады. Үшіншіден, жол жүрудің бұл әдісі, жол азабынан жүдеп әбден титығы жеткен миссис Уэлдонға және оның кішкентай бөбегіне де аса жайлы болар еді. Егер миссис Уэлдонның жүруге шамасы келмесе, талдан зембіл тоқу қиын емес, әрине, оны көтеріп жүретін адамдар да табылады. Бірақ бес негрдің зембіл көтерумен екеуінің қолы байланады, ал Диктің есебінше ойда жоқта тап бола кететін шабуылға тойтарыс беру үшін жолдастарының қолдары бос болуы керек.
Сөйтіп, салға мініп өзенді төмен ақса, су үсті теңізшіге өз үйіндей ғой, жас жігіттің көңілі тыншаяр еді.