Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Африка!.. Экваторлық Африка!..» Бұл үрейлі сөз Диктің құлағында өнебойы ызыңдады да тұрды.
Өткен жұманың ішінде болған уақиғаларды есіне түсіріп бала жігіт сол сұрақтардың жауабын іздестірді. «Пилигримді» осы үрейлі жағалауға келтірген нендей себеп? Оның Горн мүйісін айналып, бір мұхиттан екінші мұхитқа өтуіне не себеп болды? «Пилигрим» өзінің жүруге тиісті мөлшерлі жолынан екі есе артық жүрді, оның үстіне орасан тез жүрді ғой, сонда да болса көпке дейін жер қарасын көре алмадық, бұл қалай? Диктің ендігі жерде өзіне өзінің беретін сауалы осы ғана.
«Африка!.. Африка!..» деп қайталады Дик Сэнд.
Жұмбақты сапардың кезінде бірінің артынан бірі кезіккен күллі уақиғаны Дик Сэнд есіне түсірді. Қосалқы компастың қалай сынғанын, лагтың арқаны үзіліп су түбіне кету себебін де ойлады. Сол арада оған бір кенет шешім сап ете қалды: компасты бір суық қол сындырған шығар?
«Кемеде болғаны жалғыз-ақ компас қалып еді ғой,—деп ойлады ол.— Оның көрсеткен бағытын тексеретін басқа түрлі құрал жоқ. Бір түні ұйықтап жатып Том қарттың айқайымен оянып кеттім ғой... Кеме кормосында жүрген Негороны көрдім... Ол шегіне бергенде сүрініп құлап нактоузға соқтықты... Әлде компас содан бұзылған болар?»
Диктің ойы өрістеп қиялы ұлғая түсті. Ол көп ойланып, құпия сырдың түйінін тапты. Негороның қылығы сондайлық күдікті болғанын енді түсіне бастады. Ең басында «Пилигримнің» шыңға килігіп қирауына, ал қазір кеменің барлық жолаушыларына қауіп төнуіне себепші болған сан алуан кездескен кесел, кездейсоқ қырсықтардың бәрі Негородан болғанын сезді.
Ол оңбаған кім еді? Ешқашан теңізші болып көргенім жоқ деп ант-су ішіп еді ғой, онысы дұрыс па? Бұларды Африка жағалауына келтіретін пасық жобаны ойлап табу және оны жүзеге асыру тек қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келмек.
Әйтсе де өткен шақтарда кейбір жағдайлар анықталмай қалғанымен, қазіргі уақытта бәрі де мәлім болды. Жасөспірім өздерінің Экваторлық Африкада екендерін, оның өте үрейлі жері, теңіз жағалауынан жүз миль қашық Анголада екенін анық білді... Гэрристің барып тұрған опасыз екендігіне оның ешбір күмәні қалған жоқ. Демек, американ мен португал бірін-бірі көптен-ақ біледі екен, кездейсоқ жағдай ол екеуін осы жағалауда жолықтырыпты. «Пилигрим» жолаушыларына деген қастандықты бұл екі сұм бірлесіп жасаған...
Бұл арада тек бір ғана мәселе түсініксіз. Ол оңбағандардың көздеген мақсаты не? Томды жолдастарымен қоса құлдыққа сату үшін тұтқынға алудан Негоро тайынбайды деуге болады. Португалдың Диктен кек алғысы келетіні де мәлім. Бұны да ақылға сиярлық мәселе делік. Ал енді миссис Уэлдон мен кішкентай Джектің не жазығы бар?.. Ол оңбағанға панасыз әйел мен нәресте не жазыпты?
Егер Дик Сэнд орайы келіп Гэррис пен Негороның тоғай арасындағы кеңесін естіген болса, миссис Уэлдон мен қасындағы бес негрге және оның өзіне нендей қауіп-қатер төніп тұрғанын, бұл жөнде ойлану керек екенін білер еді.
Жағдай жан түршігерлік. Сонда да болса бала жігіт қажыған жоқ. Ол теңіз бетінде капитан болып еді, құрғақта да капитан болды. Оның міндеті, миссис Уэлдонды, нәресте Джекті, тағдыры өз қолында тұрған басқа адамдарды да құтқару еді. Ол тек қана өз борышын орындауға кірісті. Орындайды да.
Дик Сэнд алдағы күндердегі кездесетін жақсылық пен жамандықты таразыға тартып, ақылға салып ұдайы екі-үш сағат ойланып еді, көрешек жамандығы басым көрінді. Сосын ақырғы шешімге келді де, тағдырына бойсұнып, асып-саспай түрегелді.
Жаңа шашырап келе жатқан күн сәулесі ағаш бастарын аймалай түсті. Дик Сэнд пен Том қарттан басқалары тегісінен тәтті ұйқыда жатыр.
Жас капитан қарт негрге таяу келіп:
— Том,— деді ақырын ғана,— сіз арыстанның ақырғанын естідіңіз, құл саудагерінің шынжыры мен ағаш бұғауын көрдіңіз, демек, сіз Орталық Африкада жүргенімізді білетін болдыңыз ғой?
— Иә, капитан, білемін.