Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Білемін, Гэррис, әрине, Диктің қателескенін пайдаландым. Соның арқасында миссис Уэлдон мен оның жолдастары жағалаудан жүз миль жерде, Экваторлық Африкада, түк панасы жоқ ашық далада қонып жатыр.
— Бірақ енді олар өздерінің қайда екенін білді ғой.
— Біле берсін, білгенде қайтеді? — деп даурықты Негоро.
— Сен бұларды қайтпексің? — деп сұрады Гэррис.
— Қалағанымды істеймін,— деді Негоро.— Ал сен маған мынаны айтшы, біздің қожайын Альвец мырзаның жайы қалай? Ол қартты көрмегеніме екі жылдан асып бара жатыр.
— О, ол талайды көрген кәрі тарлан ғой, тұрмысы өте жақсы! — деді Гэррис.— Сені көрсе қатты қуанады.
— Ол бұрынғысынша Бихода тұра ма? — деп сұрады Негоро.
— Жоқ, достым, ол өзінің «конторын» Казондеге көшіргеніне бір жыл болды.
— Жағдайы жақсы ма?
— О, айтарың бар ма! Ол ант соққанның жағдайы жақсы ғой,— деді Гэррис дауысын көтере сөйлеп.— Дегенмен құл саудасын жүргізу әсіресе осы жағалауда күннен күнге қиындап барады. Португалия үкіметі бір жағынан, ағылшынның күзетші кемелері тағы бір жағынан,— құл жеткізу ісіне барынша кедергі жасауда. Тек қана бір жерде — Анголаның оңтүстік жағында, Массамедес маңында қара товарларды жайбарақат тией беруге болады. Сондықтан қазіргі уақытта бүкіл барақ біткен еріксіздерге лық тола, оларды Испания отарларына жөнелту үшін кеме күтудеміз. Бенгуэлла мен Сан-Паоло де-Лоанд арқылы жүк жөнелтуге болмайды деседі. Губернатор мен чиновниктер бұл жөнде тыңдағысы да келмейтін көрінеді. Альвец қарт Африканың ішкі аймақтарына барып орналасуды ойластырып жүр. Енді жөнелтілетін керуенді Танганьика ауданында жабдықтамақ. Ол ара тоқыма товарларды құл мен піл сүйегіне айырбастауға өте тиімді. Жоғарғы Египетпен, Мозамбикпен саудамыз әзірге жаман емес, онда сатылатын еріксіздер Мадагаскардан келтіріледі. Бірақ жуық арада құл саудагерлеріне істейтін жұмыс қалмайды-ау деп қорқам. Африканың ішкi аудандарына ағылшындар күн құрғатпай келіп бекініп жатыр. Жасыл соққыр Ливингстон!—Үлкен Көл өлкесін зерттеп болды, енді оның Анголаға бару ойында бар. Лейтенант Камерон деген біреу шығыстан батысқа қарай бүкіл материкті кесіп өтпекші деседі. Американ Стенли деген де оның істегенін істемек дегенді тағы естідім. Негоро, бұл зерттеушілер бізге зиянын қатты тигізеді. Егер де біздер өз мақсатымызды жақсы түсіне білсек, шақырусыз келген меймандардың бірде-бірін Европаға қайта оралып, орталық Африкадағы өздерінің көрген-білгендерін оттамайтын етер едік.
Егер Гэррис пен Негороның кеңесін көлденең біреу естісе, мына құрметті саудагерлер бір аса маңызды іс жөнінде пікір алысып отыр екен дер еді. Бұл екеуі бір таймақта немесе бір қап кофе туралы емес, «тірі товар» жөнінде келісіп отыр екен деп кім ойлай қойсын? Бұл «саудагерлер» әділеттікті әділетсіздіктен айырмайтын адамдар. Бұларда ар-намыс, ұят және басқа адамгершілік белгілері бір заманда болды да, бірақ құл саудасының жан түршігерлік қаталдығына қатыса жүріп, әлгі қасиетті әлдеқашан жоғалтқан.
Гэррис, құл саудагері Альвецтің бұрынғы агенті Негороны екі жыл шетте жүрсе де өзгермеген екен деп сүйінді. Негоро бұрынғысынша қылмыстың нендей түрі болса да істей беруге әзір еді. «Пилигримде» апатқа ұшырағандардың келешектегі тағдыры туралы жолдасының пікірі қандай, Гэрристің біле алмай отырғаны тек қана осы. Сондықтан:
— Ал енді сен маған мынаны айтшы,— деп сұрады Гэррис,:— өзіңнің бұрынғы жолдастарыңнан қалай құтылмақсың?
Негоро көп ойланып тұрған жоқ, жауапты тез қайырды. Шамасы, бұл жөндегі жоба оның ойында көптен-ақ қайнап піскен тәрізді.
— Біреулерін құлдыққа сатамын, қалғандарын...
Португал айта бастаған сөзін аяқтамады, бірақ оның түнеріп кеткен беті, жаңағы сөзінің жалғасын ауызбен айтылған сөзден де анығырақ білдіріп тұрды.
— Олардың кімдерін сатпақшысың? — деп сұрады Гэррис.
— Миссис Уэлдонға еріп жүрген негрлерді,— деді Негоро.— Том кәрі ғой, оған көп алып болмас, бірақ ана төртеуі қылшылдаған жастар, Казонде базарында оларға жақсы баға алуға болады.