Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Дик Сэнд, Том және басқа негрлер жол азабына шыдамдылықпен төзді. Азық қоры таусылуға айналған еді, бірақ отряд соңғы күнге дейін ешнәрседен мұқтаждық көрген жоқ. Соның нәтижесінде еркектердің денсаулығы барынша жақсы болды.
Гэррис ит мұрны өткісіз ормандарды ұзақ кезуге әдейі жаралған, шаршап қажу дегенді білмейтін адам сияқты.
Бірақ Дик Сэнд гациендке жақындаған сайын Гэрристің бұрынғыдай емес, аз сөйлесіп, өз-өзінен қамдана бастағанын сезді. Американның пиғылы жақсылықта емес, керісінше болуға тиіс деп ойлап, оның Гэрриске деген сенімі күннен-күнге кеми беріп еді. Дик бір ғана жағдайға түсіне алмай жүр: Гэрристің жолаушыларды алдағанда көздеген мақсаты не? Бұл сауалға бала жігіт жауап таппаған-ды. Бірақ ол американның ізін қырағы бақылауға ұйғарған.
Шамасы, Диктің өзінен күдіктенгенін Гэррис те сезсе керек. «Жас досының» сезіктенуіне, американның өзінен өзі қуыстануы мен көңілсіздене түсуі себеп болған шығар.
Апрельдің он сегізі күні күн көтерілісімен отряд тағы жолға шықты. Орман сирей бастады. Ит мұрны өткісіз қалың ну ара-арасында кең алаңды ашығы бар үйірім-үйірім тоғайға айналды. Бұл әлде Гэррис айтқан нағыз пампастың кіреберіс есігі болар ма?
Сапардың бастапқы кезінде Диктің мазасыздануына тізгін боларлықтай ешнәрсе байқалмаған. Бірақ ол екі жағдайға таң қалды. Бұл екі жағдайдың өз алдына ерекше маңызы жоқ-ты. Жолаушылар мұндай ауыр халде тұрғанда, тіптен болмашы нәрселерді де елемей қалдыруға болмайтын еді.
Дик Сэнд Дингоның ерекше қылығына көңіл бөлді. Ит соңғы күндері тұмсығын төмен салып, бұта біткенді, шөп-шөңгені иіскелеп, өнебойы жүгірумен болды. Кейде өз өзінен түнеріп, аянышты үнмен жер жаңғырта ұлитын болды, оның ұлуы бір жері ауырған немесе бір нәрсеге күйінгеннен ұлығанға ұқсамайды. Бірақ иттің бүгінгі ұлуы, кенет ызаланған ұлу, тіптен ауық-ауық өршелене абалайды. Динго бұрын, каютадан шығып «Пилигрим» палубасына көтерілген Негороны көргендегі абалағанындай абалайды.
Диктің көңіліне күңгірт күдік елестеді. Бұл күдікті Том қарттың мына сөздері шынға айналдырды:
— Дик, мына ғажапты қара! Динго соңғы күндердегісіндей шөп біткенді иіскелемейді. Көріп тұрсыз ба, тұмсығын жел жаққа көтереді, жүні тікірейіп кеткен, өзі аса әбігерленулі, бірдеңені сезген деуге болады.
— Негороны сезген болар, солай ма? — деді Дик бірден.
Бала жігіт қарт негрдің қолынан ұстай алып, ақырын сөйле дегендей белгі білдірді.
— Ие, Негоро. Менің ойымша, ол біздің ізімізбен келе жатыр...
— Өзім де солай шамалаймын, Том. Ол мүмкін бізге таяу келе жатқан шығар.
— Ол неге бүйтеді? — деп сұрады Том.
— Мүмкін, Негоро бұл жерді білмейтін шығар,— деп жауап қатты Дик Сэнд.— Олай болса оның бізді өкшелеп келе жатуы әбден түсінікті. Немесе...
— Немесе? — деп Том қобалжыған пішінмен Дикке қарады.
— Немесе ол керісінше, жергілікті жерге жақсы таныс болғаны, олай болса...
— Бірақ Негоро бұл елді бұрын-соңды көрген емес қой. Бұл жақты қалай біле алады?
— Оны бұл елде болып көрген емес деймісің?...— деп күбірледі Дик.— Ай, білмеймін. Дегенмен Дингоның қылығынан аңғаратын бір ғана даусыз нәрсе, төбеттің жек көретін адамы осы маңда, бізбен қатар келе жатқан сияқты.
Ол кенет сөзін үзді де, итті шақырды.
Динго сүйретіле басып жас жігіттің қасына келді.
— Айтақ! Айт!—деді Дик.— Негоро, Негоро, Динго! Айт, айт!
Ит өршелене абалады. Кеме аспазының аты итке кәдімгідей әсер етті, ол Негороны жақын маңдағы бұталардың біріне жасырынып жатқанын сезген тәрізденіп ілгері қарай жүгіре жөнелді.
Гэррис бұл көріністі алыстан байқап тұрған. Ол жасөспірімге таяу келіп:
— Сіз Дингоға не айттыңыз? — деп сұрады тістене сөйлеп.
— Жай, елеулі түк те жоқ,— деді Том қарт қалжыңдаған пішінмен.— Кемеде бірге болған бір жолдасымыз жоғалып кеткен еді, Дингодан соның хабарын сұрадық.
— Ә,— деді американ,— ол әлгі өзіңіз айтқан кеме аспазы болар?