Knigionline.co » Казахские книги » Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн

  • Название:
    Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
  • Автор:
  • Жанр:
  • Язык:
    Казахский
  • Страниц:
    173
  • Рейтинг:
    5 (1 голос)
  • Ваша оценка:
Книга «Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сіз үш аттап та үлгірмейсіз,— американ басын шайқады,— олар үйірімен қаша жөнеледі. Босқа азаптануыңыз орынсыз болар.

Бірақ Дик Сэнд өзінің ептілігі мен мергендігіне сеніп еді. Мылтығын ала салып, қалың шөптің арасымен еңбектеп жөнелді. Бұл уақытта кішкентай мүйіздері біздей өткір, көркем денелі бірнеше бөкен құйындата зымырап әлдеқайда алыстап кеткен-ді. Олардың жирен жүндеріндегі күрең дақ, ағаштардың қара көлеңкесінде жылтылдап бара жатты.

— Мінеки, көрдіңіз бе, сізге айтып едім ғой! — деді Гэррис, жас жігіт қосқа қайтып келген соң.

Бөкендер әп-сәтте ғайып болды, тіптен оларды анықтап көре де алмай қалды. Отряд сол күні тағы бір үйір ғажап хайуандар көрді. Бірақ өте алыстан көрінгенмен, бұл жолы ол хайуандарды Дик анықтап қалды. Бұлардың көрінуі Гэррис пен басқа жолаушылардың арасында недәуір қызғылықты таластар туғызды. Түстен кейін сағат төрттің кезінде, кішкене отряд орман алаңына кідіріп шамалы уақыт дем алды. Сол кезде бұлардан бірнеше жүз қадам қашықтағы орман арасынан өзге түрлі бір үйір ірі хайуандар көрінді де, бірден қаша жөнелді.

Дик Сэнд американның сан рет ескерткеніне қарамастан, иығына асулы мылтығын ала салып, кезей берді. Бірақ шаппаны шаптыра бергенде, Гэррис мылтықтың ұңғысын жалма-жан итеріп жіберді, Дик Сэнд асқан мерген болса да, бұл жолғы оғы дарымай мүлт кетті.

- Атпаңыз! Атпаңыз! — деп міңгірледі Гэррис.

— Бұл — керік екен!—деп айқайлады американның ескертуіне құлақ аспаған Дик.

— Керік! — деп қайталады кішкентай Джек.— Маған керікті көрсетіңдерші!

— Керік деймісің! — деп қайталап сұрады миссис Уэлдон.— Шырағым Дик, сен қателесіп тұрсың. Оңтүстік Америкада керік болмайды ғой.

— Әрине, бұл жақта керік болуы мүмкін емес!—деді Гэррис ренжіген пішінмен.

— Әйтпесе бұлар нендей хайуан?

— Не деп жоруға өзім де білмей тұрмын,— деп жауап қатты Гэррис.— Сіздің көзіңіз алданып қалған жоқ па, жас достым? Мүмкін, бұл түйеқұс болар?

— Түйеқұс? — миссис Уэлдон мен Дик қосарлана қайталады.

Екеуі де аң-таң болып біріне бірі қарап қалған.

— Ие, ие, кәдімгі түйеқұс,— деп өзеленеді Гэррис.

Бірақ түйеқұстың нәсілі — құс қой, — деді Дик,— ендеше, олар екі аяқты...

— Нақ соның өзі,— деп Гэррис оның сөзін бөлді,— менің де көзім соны шалып қалды, зымырап бара жатқан екі аяқты хайуандар.

— Екі аяқты? — деп қайталады жасөспірім.

— Ал маған төрт аяқты болып көрінді,— деді Том қарт.

— Бізге де, бізге де! — деп жамырасты Бат, Актеон мен Остин.

— Төрт аяқты түйеқұс болады екен-ау! — Гэррис қарқылдап тұрып күлді.— Табиғаттың мазағы деп міне осыны айт!

— Сондықтан да біз мұны түйеқұс емес, керік деп шамалаймыз,— деді Дик жеңістік бергісі келмей.

— Жоқ, жас достым, жоқ! — деп Гэррис кесіп айтты.— Сіз оларды анықтап қарамағансыз. Мұның осылай көріну себебі, түйеқұстардың аса тез жүгіріп кеткендігінен. Мұндай жағдайларда аса тәжірибелі аңшылар да жаңыла береді.

Американның айтқаны шындыққа жуық еді. Алыстан көрінген ірі түйеқұсты керіктің кішкенесі екен деп шамалауға бола береді. Керіктің де, түйеқұстың да мойны ұзын, басы шалқақ келеді. Түйеқұс артқы аяғын шауып тастаған керіктен айнымайды. Зымырап бара жатқан түйеқұс пен керікті бірінен бірін айыра алмай шатысу қиын емес. Оңтүстік Америкада керік болмайды, миссис Уэлдон мен басқа жолаушылардың қателесуіне ең басты себеп осы еді.

— Егер қателеспесем, Америкада түйеқұстар да болмайды,— деді Дик Сэнд.

— Қателесіп тұрсыз, жас достым,— деді Гэррис оған бой бергісі келмей,— Оңтүстік Америкада түйеқұспен тұқымдас дәл түйеқұс сияқты нанду деген болады. Біздің көргеніміз сол — нанду.

Гэррис дұрыс айтқан.

Нанду — Оңтүстік Америка жазығының тұрғылықты аңы. Бұл — биіктігі екі метрге шамалас, түзу тұмсықты ірі құс; нанду — көгілдір қанатты, мақпалдай құлпырған мамық жүнді аң. Аяғы үш тармақ, башпайының арасын қосып тұрған қысқалау жарғақ болады. Жас нандулардың еті аса дәмді келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий