Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Жоқ, бөбегім,— деді миссис Уэлдон.— Бұл жерде ешқандай қорықпай тыныш жатып ұйықтай бер.
— Ал арыстан ше?
— Ешқандай арыстан да жоқ, балам,— деп жауап қатты Гэррис.
— Жолбарыс ше?
— Анаңнан сұрашы, балам, Оңтүстік Америкада жолбарыс бар дегенді естіді ме екен?
— Еш уақытта да естігенім жоқ,— деді миссис Уэлдон.
Бұл әңгімеге ойламаған жерде Бенедикт ағай қатыса кетті.
— Бұл дұрыс айтылған сөз, Жаңа дүниеде жолбарыс та, арыстан да болмайды. Бірақ оның есесіне мұнда ягуар мен кугуар бар,— деді ол.
— Олар жаман бола ма? — деп сұрады кішкентай Джек.
— Ба!—деді Гэррис.— Жергілікті халықтар олармен жекпе-жек алысады, ал біз көппіз және жақсы қаруланғанбыз. Біздің Геркулес қарусыз құры қол-ақ екі ягуарды екі қолымен біріне бірін соғып жайрата салады.
— Байқа, Геркулес, ұйықтап қалып жүрме! — деді кішкентай Джек.— Егер жабайы аң келіп мені жеймін десе...
— Онда мен оның өзін жеп қоямын! — Геркулес екі қатар аппақ тістерін ақситты.
— Геркулес, күзетте сіз тұра тұрыңыз,— деді Дик Сэнд,— сізді мен ауыстырармын.
— Жоқ, капитан Дик,— деді Актеон,— бүгінгі күзетте Геркулес, Бат пен Остин тұрады, мен де тұрамын, күзетте тұруға басқаларымыз да жетіп жатырмыз. Сіз бүгінгі түн демалуға тиіссіз.
— Рақмет, Актеон,—деп жауап қатты Дик,— бірақ мен де күзетте тұруға міндеттімін ғой...
— Дик, сен ешқандай міндетті емессің! — деді миссис Уэлдон.— Бұл мейірбан адамдарға алғыс айт та, ұсынысын қабылда!
— Мен де күзетте тұрам,— деп күлімдеді көзі ілініп бара жатқан кішкентай Джек.
— Ие, өзінен өзі түсінікті ғой, қалқам,— дей салды көп сөйлескісі келмеген анасы.
— Бірақ бұл орманда жолбарыс пен арыстан болмаса да, қасқыр болатын шығар,— деп бала сөзін жалғады.
— Болғанымен нағыз қасқырдың өзі емес,— деп жауап қатты американ,— орман иті. Оларды гугуар деп атайды.
— Ал гугуарлар кісі қаба ма? — деп сұрады Джек.
— Сіздің Динго ең ірі гугуарды бір-ақ қылғып жұта салады.
— Әйтсе де,—деп Джек аузын кере есінеді,—бұл гугуар дегендеріңіз қасқыр ғой, болмаса оларды қасқыр деп неге атаған?!
Бала осы сөзді айтты да, арқасын ағашқа тіреп отырған кәрі Нанның құшағында жатып ұйқыға кетті. Миссис Уэлдон ұйықтап жатқан бөбегінің бетінен бір сүйді де, қатарына жатып, кешікпей-ақ оның да көзі ұйқыға кетті.
Бұдан соң бірнеше минуттан кейін Геркулес Бенедикт ағайды қосқа әкелді, ол жалтырауық қоңыз аулауға тағы кеткелі жүр екен, осы қоңызбен үндістердің кербез әйелдері шаштарын безейді. Бұл жәндіктің арқасындағы екі дақтан көгілдір сәуле шашырайды, мұндай қоңыздар Оңтүстік Америкада өте көп болады. Бенедикт ағай осы қоңыздардың талайын ұстаймын деп үміттенген болатын, бірақ оның бүл үмітіне Геркулес кедергі жасап, ғалымның наразылығына қарамастан қосқа еріксіз әкелді. Геркулес тәртіпті адам еді, өзіне тапсырылған істі әскери тәртіппен дәл орындады. Сөйтіп, алып-негр энтомолог-ғалымның қаңылтыр қалбырына қамалудан қоңыздардың талайын құтқарды.
Көп кешікпей, күзетте тұрған Геркулестен басқа отряд адамдары тегісінен ұйқыға кетті.
Он жетінші тарау
ОН КҮНДЕ БІР ЖҮЗ МИЛЬ
Әдетте, тропикалық орман арасында ашық ауада қонып жатқан саяхатшылар мен аңшыларды таңертең құлақ тұндырарлық концерт оятады. Бұл музыканың ішінен шошқаша қорсылдаған, қарқылдаған, адам күлерліктей міңгірлеген неше түрлі дауыстар естіледі.
Жаңа шығып келе жатқан күнді маймылдар осылай қарсы алады. Тропиктік ормандардан кішкентай «мирикина», сапажу, сұр «моно» аңдарын кездестіруге болады, үндістер бұлардың терісінен мылтыққа қап жасайды, маймылдардың бұлардан басқа төрт қолдылар тобына қосылатын толып жатқан түрлері бар.
Олардың ішінде ең қызғылықтысы жылауық маймыл. Бұлардың басы сопақтау, тайқы маңдай, тұмсығы ұзын болады. Бұлардың ұзын құйрықтары жүріп-тұруларына да жәрдемдеседі.