Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бір сарынмен орман кезіп жүре беру кішкентай Джекті әбден қалжыратып жіберді. Мұның үстіне үлкендер де өз уәделерін орындамады. «Резинка ағаштар» да, шыбын-торғайлар да үнемі кейінге қалдырыла берді. Дүниедегі ең әдемі тоты осы орманда болуға тиіс. Бірақ көк құйрықты алқызыл арарауынның өсіп-өнетін жері осы еді ғой, олар қайда кеткен? Кемпірқосақ тәрізді түрлі түспен безенген ұзын құйрықты араканглер қайда? Әсіресе тропиктік алаптарда көп болатын жасыл тотылар қайда құрыған? Олардың былдырлағаны жойылып кеткен халықтың тілі екен дейді үнділердің аңыз әңгімелерінде.
Осыншама көп тотылардан үлкендердің Джекке көрсеткені тек жако деген қызыл құйрық сұр тотылар ғана. Бұлар ағаш жапырағының араларында қаптап жүр. Бірақ кішкентай Джек жаконы бұрын да көрген. Оларды дүниенің түкпір-түкпіріне апарады. Тотының бұл түрі үйлесімсіз былдырлап екі континенттегі адамдардың құлақтарын тұндырған. Майда тілді тотылардың бәрінен адам тілін жако жақсы біледі.
Егер Джек наразы болса, Бенедикт ағайдың да қуанарлықтай дәлелі жоқтығын айта кету керек. Расын айтқанда, енді оның ағаш арасын тіміскілеуіне ешкім кедергі болмады. Әйтсе де күні бүгінге дейін коллекциясынан көрнекті орын аларлықтай бірде-бір жәндік іздеп тапқан емес. Бұл ара жарқырауық қоңыздардың ордасы болуға тиіс еді, алайда олардың жалғыз-жарымы болса да отряд жүрген жерден кездеспей-ақ қойды, бұл жағдай ғалымның ісіне әдейі қастандық жасаған тәрізді еді. Сорлаған ғалымды табиғат мазақтаған тәрізді болды. Бенедикт ағайдың өнебойы жабығыңқы жүруі таң қаларлық уақиға емес.
Отряд соңғы төрт күнді де оңтүстік-шығысқа қарай жүрумен өткізді. Олар апрельдің он алтысына дейін мұхит жағалауынан кем дегенде жүз миль ұзап кеткен. Егер Гэррис адаспаған болса, бұлардың бүгінгі қонып шыққан жерінен Сан-Феличедегі гациенд жиырма мильден артық емес. Демек, ең ары болса қырық сегіз сағатта жолаушылар меймандас гациендтің қонағы болуға тиіс!
Отряд Атакама қырқаларының бір шетінен түсіп, бір шетінен шықты деуге болады, сонда да болса соншама ұзаққа созылған жолда жергілікті халықтардың бірде-бірі кездеспеді.
Дик Сэнд «Пилигримнің» басқа бір жерде апат болмағанына қатты өкінді. Егер «Пилигрим» екі-үш градус оңтүстікке немесе солтүстікке таман қираса, миссис Уэлдон жолдастарымен бірге плантацияға, қыстаққа немесе бірер қалаға әлдеқашан жетер еді.
Бірақ бұл өлкенің халқы жерін тастап ауып кеткен деуге болады, соңғы күндердің ішінде отрядтың алдынан жиі-жиі хайуандар кездесе бастады. Кешкісін әлдеқайда алыстап белгісіз бір аңның созып ұлыған даусы естіле берді. Бұл ұлып жатқан жалқау маймыл ғой деп түсіндірді Гэррис.
Он алтыншы апрель күні отряд түскі демалысқа тоқтаған кезде ауаны жара ысқырған бір түрлі ащы дыбыс естілді. Бұл ысқырық миссис Уэлдонға тіптен жат сезілді.
— Бұл не? — деп сұрады ол, сасқалақтап ұшып тұра келіп.
— Жылан! — деп айқайлады Джек.
Дик Сэнд мылтығын ала салып, миссис Уэлдонды қалқалай берді. Шынында да осы маңайдағы қалың шөптің арасымен жылжып келе жатқан бауырымен жорғалаушылар тобының бір түрі болар. Алып жылан — айдаһар болуы да мүмкін, олардың кей біреулерінің ұзындығы жиырма футқа жететін-ді.
Бірақ миссис Уэлдонды Гэррис тыншайтып қойды. Қорқып қалған әйелге жәрдем еткелі ұмтылған Дик пен негрлерге де отырыңыздар дегенді айтты.
— Бұл айдаһар емес, айдаһар ысқырмайды,— деді американ.— Тынышталыңыз,— деп үстеді ол,— зиянсыз хайуанды үркітпеңіз.
— Бірақ бұл нендей хайуан? — деп сұрады Дик Сэнд, ол кезі келіп қалған жағдайды пайдаланып қалуды көздеп, бұл жақтың сыр-сыпатын американнан анығырақ сұрап білгісі келді. Американ да жалындырып тұрмай айта берді
— Бұл бөкен ғой, жас достым,— деп жауап қатты американ.
— О, оны мен де көрейінші!—деп айқайлады кішкентай Джек.
— Оны көру тым қиын, балам,- деді Гэррис,— өте қиын.
— Сонда да болса бұл ысқырғыш бөкендерге, мүмкін, жақындай алармын? — деп сұрады Дик Сэнд.