Knigionline.co » Казахские книги » Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн

  • Название:
    Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
  • Автор:
  • Жанр:
  • Язык:
    Казахский
  • Страниц:
    173
  • Рейтинг:
    5 (1 голос)
  • Ваша оценка:
Книга «Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ал, арғы бетте...

— Егер қауіпті бірдеңе сезіле қалса, жағаға шықпаймын.

— Мылтық ала кет!..

— Жақсы, алайын. Бірақ мен үшін қам жемеңдерші.

— Әйтсе де біздің бөлінбегеніміз жақсы болар еді,— деп қынжылды миссис Уэлдон. Ол алдағы кездесетін пәле-жәлені алдын-ала сезіп, соның салдары еңсесін басқан сияқты еді.

— Жоқ, миссис Уэлдон, мен жалғыз баруым керек,— Дик жауапты қысқа қайырды.— Менің жалғыз баруым — бәріміздің қауіп-қатерден аулақ болуымыз үшін қажет. Мен бір сағат болмай-ақ қайтып ораламын. Геркулес, сақ бола гөр!

Сосын Дик Сэнд қайықты итеріп жіберіп өзі қарғып мінді де, жағалаудан алыстай берді.

Миссис Уэлдон мен Геркулес папирус арасына тығылып, Диктен көздерін айырмай қарап тұрған.

Дик Сэнд өзен ортасына жетті. Ол араның ағысы тым қатты екен. Төменгі жағында төрт жүз футтай биіктен құлаған судың астаң-кестеңі шығып күркілдеп жатыр, судың шаңытқан көбігін батыстан ескен жел іліп әкетіп, Диктің қайығы жүзіп бара жатқан жерге жеткізді.

Өткен түні Дик ұйықтап қалған болса, қайық сарқырамаға сүңгіп, тастан тасқа соғылып, мылжа-мылжасы шыққан бес өлік әлдеқашан жағаға шығып қалар еді. Жас капитан бұл көріністі ойлағанда денесі түршікті.

Бірақ қазіргі сағат ол сияқты қауіпті емес, қайық өзенді тура кесіп өтті.

Ширек сағаттан соң Дик Сэнд Заирдың оң жақ бетіне шықты. Бірақ жағаға шығып үлгірмей-ақ, құлақ тұндырарлық айқай шығып оншақты жабайы адам қайыққа тұра ұмтылды. Бұлар анадағы су үстін мекендеген лашықтардың адамдары еді. Өзеннің оң жақ бетін жағалап жолаушыларды ұдайы сегіз күн аңдыған екен олар. Жабайылар көшпелі аралдың үстінде адам барын біліп, бұлардың соңына түскен. Олар сарқыраманың қайық жолын бөгегенін көріп, бұл олжа ешқайда қашып құтыла алмайды деп cеніскен-ді. Қашқындар сарқырамаға жеткен соң, бәрібір амалсыз жағаға шығады деп шамалаған олар.

Дик Сэнд енді құтылмасын білді. Өзімді өзім құрбан етіп жабайыларға жемтік болсам, жолдастарым аман құтыла ала ма? — деп ойлады ол. Дик байсалды қалпынан айнымады, мүлде жайбарақат қайықтың тұмсығында тұр. Жабайыларды мылтығымен жасқап өзіне жолатпады.

Бұл кезде жабайылар қайық үстіндегі шөп қалқаны жұлып тастаған-ды. Олар қайықта көп адам бар деп үміттенген, ал қазір онда болғаны жалғыз-ақ адам барын көріп, әбден ызаға булықты. Сегіз күнгі еңбегіміз босқа кетті деп итше ұлыды. Бірақ олардың біреуі өзеннің сол жағына қарай қолын созып миссис Уэлдон мен Геркулестерді көрсетті.

Ол бейшаралар арғы беттегі болып жатқан уақиғаны көріп не істерін білмей естері шыға қорқып папирус арасынан жүгіре шығып еді. Дик Сэнд өз басының тағдырын мүлде есінен шығарып, жолдастарын аман құтқарудың амалын ғана ойлады.

Жабайылар қайықтың ар жағынан келіп үске шықты да, қайықты суға итеріп жіберді. Диктің қолында мылтығы болғандықтан жабайылар бірден бас салып шабуыл жасауға батылдық ете алмады. Жабайылардың біреуі ескекті ала салып, қайықты ағысқа көлденең жүргізді.

— Қашыңдар! — деп айқайлады Дик Сэнд жолдастарына.— Қашыңдар!

Бірақ миссис Уэлдон да, Геркулес те қыбыр етіп қозғалған жоқ, тұрған жерінде тұра берді.

Қашу керек? Бірақ қашқаннан түсер пайда бар ма? Бір сағаттан соң бәрібір жабайылар оларға қуып жетеді...

Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді. Әйтсе де ол өзінің дос адамдарын құтқарудың амалын тапты. Дик мүлдем қобалжыған жоқ. Мылтығын төмен түсірді де көздеп тұрып атып жіберді. Жалғыз оқ күрек сабын жарып өтіп еді, ескек ортасынан қақ бөлінді.

Жабайылар зәресі ұшып өкіріп-бақырып азан-қазан болды. Басқарусыз бетімен кеткен қайық сарқырамаға қарай тұп-тура зымырап бара жатыр. Қайық әп-сәтте су құламасына жетті, көз ашып жұмғанша болмай қайық пен астаң-кестеңі шығып күркілдеп жатқан түпсіз шыңыраудың арасы небары жүз футтай-ақ жер қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий