Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Түземдіктер әбігерлене бастаған кезде қайық пен бағананың арасы небары жүз футтай-ақ жер қалған. Жабайылардың біреуі ұшып тұра келіп қасындағы жолдасына ағып келе жатқан «көшпелі аралды» көрсетті. Олардың шырмауықтан тоқылған ауды суға салғаны сол-ақ еді, аудың парша-паршасы шығып бүліну қаупі төнді.
Сол сәтте екеуі асығып-үсігіп ауды судан шығара бастады. Олар өздерінің ауылдастарын жәрдемге шақырып аттандап жатыр. Бірнеше жабайылар лашықтарынан жүгіре шығып көпірге келді де, ауды судан шығаруға жанталаса кірісті.
Диктің сыбырлап берген командасы мен Геркулес ескегінің болмашы шылпылынан басқа қайық ішінде дыбыс жоқ, тым-тырыс. «Көшпелі аралды» қайық деп сезерліктей белгі жоқ-ты. Кішкентай Джек, абалап жібермесін деп кішкене қолымен Дингоның аузын басып отыр. Су ақырын барып бағанаға соғылды. Көпір үсті жабайылардың айқай-шуымен алай-түлей. Егер қайық, бағана арасындағы ашыққа жеткенше, жабайылар ауды судан шығарып үлгірсе, жағдайдың сәтті аяқталғаны. Егер олар ауды шығарып үлгіре алмаса, қайық ауға тіреледі де, жолаушылар түп-түгел жабайыларға тұтқын болып, құрып кету қаупі бар. Қайықты тоқтатуға да, немесе басқа жаққа бұруға да Диктің мүмкіндігі болмай қалды: қарсы алды қаз-қатар самсап тұрған бағана, екі жағы күз, өзеннің осы арасы қысаң, ағысының қатты жері еді.
Қайық көпірдің дәл астына кіре берген сәтте,— бұл не деген бақыт десеңізші! — жабайылар ақырғы күшін салып ауды судан шығарып алды. Бірақ қайық үстіндегі шөп қалқа көпір ағаштарына ілініп, сыпырылып қалды.
Жабайылардың біреуі шыңғырып жіберді. Ол оңбаған қалқа астында жасырынған адам барын байқап қалған болар ма? Әлде адам көргенін серіктеріне білдіргені шығар? Әрине солай болуы мүмкін.
Не болса ол болсын, жолаушылар қол жетер жерден ұзап кетті. Қатты ағыс қайықты алға қарай анталатып, бағана үстіндегі қыстақ оттары әп-сәтте алыста қалды.
— Сол жақ жағаға таман тарт! — деп команда берді Дик Сэнд әлденендей қауіпті ескеріп.— Ол жақта су астының тастары жоқ.
— Сол жақ жағаға!—деп Геркулес оның командасын қайталады да, қайықты кілт бұрды.
Дик Сэнд қайықтың артына барып кейін қарай бұрылып тұрды да, су бетіне түскен айдың жарығымен кейінгі жаққа тесіле қарады. Бірақ қаншама қараса да күдікті қауіп көре алмады. Бұларды қуып келе жатқан бірде-бір қайық жоқ. Шамасы жабайыларда қайық та жоқ болғаны ғой.
Ертеңгі шақ. Күн шайдай ашық. Жабайылардан ешқандай дерек жоқ. Айнала төңірек тым-тырыс.
Сонда да болса Дик Сэнд, сақтықта қорлық жоқ дегенді ескеріп, қайықты өзеннің сол жақ жиегімен ағыза берді.
Июльдің он бірі күні жолаушылар жер түрінің мүлде өзгере бастағанын байқады. Бұл арадан, Ливингстонның бір саяхатында зерттеп кеткен Калахари сахарасы сияқты, өзеннің екі беті тұтасымен көсіліп жатқан жазық дала басталды. Өзеннің бас жағындағы құнарлы алқаптарға үйреніп қалған көзге мына шөл дала өте-мөте жүдеу де түрсіз көрінді.
Ал өзеннің әлі де болса ұшы-қиыры көрінер емес, көк лента сияқтанып шұбатылып бара жатыр...
Жемісі жоқ мына құнарсыз жердің бес адамға оңайлықпен азық тауып бере алатын түрі жоқ. Ескі азық қоры ада-жұда таусылып қалған. Балық аулау кәсібі жарытар емес. Басқа түрлі әрекеттің ыңғайы жоқ. Бөкен, тағы сол сияқты шөп қоректі жануарлар бұл жерде болмайды екен, мұнда олар коректенетін түк те жоқ. Шөп қоректілер болмаған жерде жыртқыштар да болмайды. Сондықтан бұрынғы құлақ үйреніп қалған арыстан, қабылан сияқты азулы аңдардың бұл арада ақырып-бақырғаны түнге қарай естілмейтін болды. Түн тыныштығын тек бақалардың жаппай бақылдаған концерті ғана бұзатұғын.
Күн қақтап тастаған ормансыз жазық дала өзеннің екі бетін бойлай көсіліп, шығыс пен батыстың көкжиегін ұштастырып тұрған тауға барып тірелген. Бұл жазық далаға тек қана сүттіген өскен, бірақ оның да азықтыққа жарайтын үн сияқты маңыз шығаратын түрі емес, жарамсыз май шығаратын түрі еді.