Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Июльдің 15, 16, 17 және 18 күндері қашқындар қайығы жалпақ өзеннің күмістей жарқыраған бетімен төмен қарай аға берді. Өзен жағалауы енді оншалықты мәуесіз емес. Бірақ Дик Сэнд әлі де болса сақтанумен келеді. Шөптен жасалған қалқа бұрынғысынша қайықты жасырып, өзен бойлай ағып келе жатқан қайық емес, кішігірім көшпелі аралға ұқсады.
Тағы да бірнеше күн жол азабына төзсе болғаны, қайғы-қасіретті артқа салатын күн жетеді.
Бұл уақыттың ішінде олардың әрқайсысының жанқиярлықтай істеген ерлігі аз болған жоқ. Мұның ішінде ерліктің ең зоры Диктің үлесіне тиген, бірақ онысын өзі ескермесе де жолдастары аса бағалап еді.
Июльдің 19 күні түнде айта қаларлықтай зор уақиға болған. Қайықтағылардың бәрі түп-түгел құрып кетудің аз-ақ алдында қалды.
Түн ортасы ауып, сағат үштің кезінде, Дик Сэнд алыстан шыққан біртүрлі күңгірт шуылдаған өрескел дыбыс естіді. Мұның қайдан шыққан шуыл екенін ажырата алмай жас капитанның тынышы кетті.
Түн желсіз тымық еді. Ауа жапырақ селт етпестей желсіз. Миссис Уэлдон, кішкентай Джек, Бенедикт ағай тәтті ұйқыға шомып қайықтың түбінде жатқан.
— Мынау жарға соққан теңіз толқынының шуылы! — деді Геркулес.
Алыптың көзі қуанғанынан жайнап қоя берді.
— Жоқ,— деді Дик Сэнд басын шайқап,— бұл теңіз шуылы емес сияқты.
— Теңіз болмағанда ненің шуылы? — деді Геркулес.
— Білерміз, таң атсын. Әзірге сақ болайық.
Геркулес өз орнына қайтып барды. Ал Дик Сэнд тұмсықта тұрып бар ынтасын сала әлгі естілген шуылға құлақ түрді.
Таң білінісімен ілесе күн шықты. Өзеннің төменгі жағынан жарты мильдей жерден бұлт сияқтанған буалдыр бірдеңе ауада салбырап тұр. Тұман сияқты емес, түрі басқа. Күн көтерілісімен өзенге көлденең тартылған әдемі кемпірқосақ пайда болды. Дик Сэнд жаңағы шуылдың мәнісіне енді түсінді.
— Жағаға тарт, жағаға! — деп Дик Сэнд бар даусымен айқайлап жіберді.— Алдымызда сарқырама — су құламасы бар екен! Ана көрінген бұлт су «шаңынан» құралған! Геркулес, жағаға тарт!
Дик Сэнд қателеспепті. Өзен арнасы бірден жарланып, тереңдігі жүз фут шамасы құлдилап төмен еңкейді. Өзен суы пәрменімен зымырап барып құрдымға құлап жатыр. Бар-жоғы тағы да жарты миль жүрсе болғаны, қайықтың шыңырау түбіне кетуінде сөз жоқ...
Он тоғызыншы тарау
«С», «В».
Геркулес ескегін бар пәрменімен есіп, қайықты жағаға қарай бұрды. Бір жақсы жері, өзен ағысы әлі де болса екпіндей қоймаған-ды, өйткені өзен арнасы бірден құлдилап кетпей, құламаның дәл өзіне жеткенше бір қалыпты еңкеулеп барады екен.
Өзеннің сол жақ беті қарауытып тұрған орман. Орманның басын бүркеген қалың жапырақ күн сәулесін түбіне түсірмей қалқалап тұр. Дик Сэнд бұл араның адам жеушілер мекені екенін білді де, жерге мұңая қарады. Жолаушылар енді өзен жағалап жаяу жүрулері керек, әйтпесе қайықты сүйреп су құламасынан айналып өту мүмкін емес. Бұлай етуге кішкене отрядтың шамасы да келмес еді.
Өзен сағасына орналасқан Португалия еліне бүгін бе, ертең бе жетеміз деп дәмеленіп, әбден қажып біткен адамдарға бұл не деген ауыр соққы десеңізші! Қайық сол жақ жағалауға таяп қалды. Жерге жақындаған сайын Дингоның мазасы кетіп, қыңсылай берді.
Дик Сэнд әрдайым сақ келе жатқан, өйтпеске де лажы жоқ-ты. Жан-жақтан төніп тұрған қауіп бар. Дик иттен көзін алмай қарап тұр, бұл қалай, орманның қалың жерінде жабайы адамдар жасырынып тұр ма, әлде жыртқыш аң бар ма екен? — деп ойлады. Бірақ Дингоның неліктен тынышы кеткені кешікпей-ақ мәлім болды.
— Динго жылап үре ме, қайтеді? — деді кішкентай Джек.
Бала кішкентай қолымен есті төбетті мойнынан құшақтады.
Бірақ Динго баланың қолынан жұлқынып шығып, секіріп барып суға қойып кетті. Қайық жағаға тірелгенше, төбет судан шығып биік шөптің арасына кіріп жоқ болды.