Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Өте қиын, жан төзгісіз ауыр саяхат еді бұл! 1869 жылы январьда ержүрек саяхатшы әбден әлсіреп, жүре алмастай халге жеткен соң, жолдастары оны зембілмен көтеріп жүр-ді. Ол февраль айында ақыры Танганьиканы көрген екен. Оған шығыстық қоғамның Калькуттадан жіберген сәлемдемесін Уджиджиде алыпты ол. Ливингстонның ендігі көздеген мақсаты біреу-ақ — Танганьикадан солтүстікке қарай өрлеп, Ниль өзенінің басын іздеу. 21 сентябрьде Луалаба өзенінің жағасындағы Бамбарға жетті. Бұл ара Конго өзенінің басы екенін Стенли бұрын анықтаған-ды. Саяхатшымыз Мамогалге келгесін қайта сырқаттанып сексен күн төсек тартып жатқан. Сол уақытта оның қасында бар болғаны үш-ақ қызметкері қалыпты. Ақырында 1871 жылы 21 июльде Танганьикаға қайта баруға оның шамасы келмей қалды. Ол октябрьдің жиырма үшінде Уджиджиге жеткен. Науқасы меңдетіп әбден жүдегендіктен оның саудырап құр сүйегі ғана қалып еді.
Содан кейін Ливингстон көпке дейін ешқандай хабарсыз кетті. Мүмкін, Европадағылар оны өлді дейтін болар, олардың жәрдемінен саяхатшының өзі де күдерін үзген еді.
Ливингстон Уджиджиге келген соң он бір күннен кейін көл маңынан ширек миль жерден мылтық атылды. Ливингстон қосынан жүгіре шыққанда, оған бір ақ адам қарсы келді де:
— Сіз доктор Ливингстон боларсыз, солай емес пе? — деп сұрады әлгі кісі.
— Ие, солай,— деді саяхатшы.
Олар бірінің қолын бірі қатты қысып амандасып жатыр.
— Мен сізді тапқаным үшін өзімді аса бақытты санаймын.
— Сізді көргеніме мен де зор қуаныштымын,— деді Ливингстон.
Жаңа келген адам Стенли деген американ еді. Ол «Нью-Йорк Геральд» газетінде репортер болып қызмет ететін-ді, оған Ливингстонды іздетіп жіберген сол газеттің редакторы еді.
Стенли Занзибар жағалауына баратын кемеге Бомбейде мінген. Ол Занзибар жағалауынан тура Уджиджиге жөнелген екен.
Ливингстон мен Стенли екеуі бірлесіп тағы бір экспедиция құрып, Магала мүйісіне дейін барды да, сол араны әбден зерттеп болғанның соңында, Луалаба тарауларының бірі Танганьика көліне құятын болар деген қортынды шығарды. (Бірнеше жылдан соң Камерон мен Стенлидің өзі бұл жорамалдың дұрыс екенін анықтады.) 12 декабрьде Ливингстон серігімен бірге Уджиджиге қайтып келген.
Стенли елге қайтпақ болады. Екі дос сегіз тәулік сумен жүзіп 27 декабрьде Урембаға келеді. Сөйтіп, жолаушыларымыз келесі жылы февральдің 13 күні Куихараға жетеді.
Олар марттың 23 күні қош айтысып айрылысатын болған.
— Көп адамдардың тәуекелі жетпейтін іс істеп тастадыңыз,— деді Ливингстон, Стенлиге.— Сізге өте ризамын.
— Сізді есен-сау тап осы қалпыңызда, өз отанымыз Англияда тағы көрермін деген сенімім мол,— деді Стенли оның қолын қатты қысып тұрып.— Қош бола тұрыңыз. Көріскенше күн жақсы болсын!
— Қош! — Ливингстон да даусы қалтырай жауап қатты.
Стенли 1872 жылы 12 июль күні Францияның Марсель портынан барып түсті.
Ливингстон өзінің зерттеу жұмысын жүргізе берді. Ол Куихарада бес ай демалып, 25 августа Танганьика көлінің оңтүстік жағалауына зерттеу жүргізгелі кетті. Бұл жолы саяхатшының қасында Сузи, Шума, Амоде деген үш қара қызметкері, Стенли қалдырып кеткен Яков Уэнрайт және жергілікті халықтан құралған қырық салтатты адам бар-ды.
Керуен жолға шығып бір айдан соң Мурға жетті. Ауа райы құрғақ болғандықтан жаңбыр шақырған дауыл ұдайы зіркілдей берді де, соңынан жаңбыр жауа бастады. Цеце шыбыны шағып жүк артқан көліктер қырылып қалды. Жергілікті халық қастандық ниетте болды. Сонда да болса Ливингстонның отряды 1873 жылы 13 январьда Чигункуэге келді. 27 апрельде саяхатшымыз Бангвеола көлінің шығыс жағын айналып өтіп, Читамбо қыстағына қарай беттеді.
Бұл арада құл саудагерлерінің бірнешеуі, Ливингстонның келгенін өз көздерімен көрді. Олар Ливингстонның келгендігі жайлы Альвец пен оның уджиджилік, «құрметті жемтіктестеріне» хабарлаған. Ливингстон Танганьиканың оңтүстік жағалауын зерттеп болып, енді Казонде мен Анголаға келеді деп шамалауға олардың дәлелі толық еді.