Knigionline.co » Казахские книги » Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн

  • Название:
    Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
  • Автор:
  • Жанр:
  • Язык:
    Казахский
  • Страниц:
    173
  • Рейтинг:
    5 (1 голос)
  • Ваша оценка:
Книга «Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…

Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ызыңның шыққан жерін анықтағысы келіп кезін адырайта қарады ол. Оның бөлмесіне ұшып кірген жәндік қандай да болса бұрыннан өзіне таныстары емес, жәндіктердің ішіндегі әйгілісі екенін Бенедикт ағайдың энтомологтық сезімі білдірген-ді.

Бенедикт ағай есікке жүгіріп барып тырп етпестен сілейіп тұрып бар ықыласын ызыңға аударды. Күн сәулесі дамылсыз түскендіктен, лашық ішін қара көлеңке басқан еді. Ұзақ іздеп ақырында ауада айналып ұшқан бір қаралтым нүктеге ғалымның көзі түсті. Бірақ бұл жәндік ғалымның недәуір қашықта, ол бейшара қаншама тесіліп қараса да әлгі жәндікті анықтап көре алмай-ақ қойды.

Бенедикт ағай демін ішіне тартып тұра қалды. Егер бейтаныс мейман өзін шағып жатса да тырп етпестен тұра беретін түрі бар. Өйткені қапыл қимылдан сескеніп әлгі жәндіктің қашып кетуі мүмкін.

Бұл жәндік бірнеше қайтара айналып ұшып, ақырында қыбыр етпей сілейіп тұрған ғалымның басына келіп қонды. Бенедикт ағай күлімсірей ыржиғанда, екі езуі құлағына жетті. Ол әлгі жәндіктің білінер-білінбес боп шашында жорғалап бара жатқанын сезді. Ғалымның қолы ырық бермей басына таман созыла беріп еді, бірақ ұшып кетер деп қауіптеніп қолын төмен түсіріп жіберді.

«Жоқ, жоқ! — деп ойлады Бенедикт ағай,— қолға түспей кетуі мүмкін, немесе жазым қылып алсам, қатты өкініш сол болар. Сабыр ете тұрайын, төменірек түссін. Жорғалағаны қандай тамаша! Титімдей ғана аяқтарын төбе құйқама қадай басқанын да сезіп тұрмын. Бұл сірә орасан ірі жәндік болса керек. О, егер бұл төмендеп мұрнымның дәл ұшына келсе, көзімнің қиығымен қарап, қай семьяға және қай топқа жататынын анықтар едім-ау!»

Бенедикт ағай осылай ойлады. Бірақ оның шоп-шошақ төбесі мен салбыраған ұзын мұрнының ұшына дейінгі екі ара недәуір жер, мұндай ұзақ сапарға кербез жәндіктің жүргісі келер ме екен, кім біліпті? Немесе ыз етіп ұша жөнеліп ғалымның қараңғы лашығынан шығып, күннің ыстық нұрында құжынап ұшқан өзінің туыстарына қосылып кетер ме?

Мұның ұшып кетуі ықтимал деп Бенедикт ағайдың зәресі қалмады. Энтомолог ешуақытта да тап мұндай қысылмаған еді. Оның төбесінде жүрген жәндік әлі өзіне мәлім емес Африкалық алты аяқтылардың бір түрі немесе солар сияқты бір жәндік болар. Оның түрін анықтайтын ғалымның бірден-бір жағдайы, жәндік ғалымның көз алдына бір дюйм жақындауы керек.

Ол жәндік ғалымның жабайы ескен бұта сияқтанып ұйпаланып қалған шашын аралап, жайымен маңдайына таман жылжып, кеңсірігіне қарай беттеді. Бенедикт ағайдың шыдамы таусылды, жәндік тау шоқысында тұрғандай, енді ол етекке таман қайтіп қана түспес екен?

«Мен болсам, бұлданбай-ақ төмен түсер едім!» — деді ғалым өзіне өзі.

Бенедикт ағайдың орнында басқа біреу болса, сөз жоқ, өз маңдайын шапалақпен шарт еткізіп, мазасын кетірген жәндікті жайрата салар, немесе үркітіп жіберер еді. Жәндіктің жыбырлай жорғалап денесін қытықтауына ғалым тырп етпей шыдап, шағып алады деп те сескенбеуі айта қаларлық ерлік еді. Денесін түлкі жұлмалап жатқанда ыңқ етпеген спартандық пен жанып тұрған қып-қызыл шоқты жалаңаш қолымен ұстаған римдіктің шыдамдылығы Бенедикт ағайдың шыдамынан артық емес. Энтомолог-ғалым мына екі ердің даусыз ұрпағы деуге тұрарлық еді.

Жәндік ғалымның маңдайын шарлап болып, енді кеңсірікке келіп тыныстады. Бенедикт ағайдың жүрегіндегі барлық қаны кері тепті: Жәндік қайтадан жоғары өрлеп қасқа таман бұрыла ма, немесе төмен түсіп мұрнының ұшына барар ма екен?..

Жәндік төмен түсті. Бенедикт ағай мұрнының қырында жәндік аяқтарының білінер-білінбес қыбырлағанын сезді. Жәндік оңға да, солға да бұрылған жоқ, көзілдірік батып ояң түсірген (бұл оптикалық құрал қазір бейшара ғалымда жоқ еді) кеңсірік үстіндегі ойпатқа келіп бір секундтай кідірді де, сосын тіп-тіке төмен түсіп мұрнының дәл ұшына жетіп тоқтады.

Жәндік бұдан артық қолайлы орынды таппаған тәрізді. Бенедикт ағай екі көзінің жанарын бір нүктеге түйістіріп, енді лупа арқылы қарағандай-ақ, жәндікті көре алатын болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий