Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бірақ аңғал ғалымның сорына, Альвец факториясы Казонденің солтүстік шетінде болатын, факторияның бір жағы ұзындығы бірнеше мильге созылатын қалың орманмен ұштасатын-ды. Егер мантикора ағаш саясында ұша қалса, бұтақтан бұтаққа ұшып қонады да жүреді. Оны қаңылтыр қалбырға қамап коллекциямды көркейтем деген үміттен біздің ғалым біржола күдер үзетін болар.
Амал нешік! Ақыры солай болды! Мантикора ауада айналып жүрді, жүрді де жерге қонды. Ойламаған жерден энтомологтың жолы бола қалды: жәндіктің қонған жерін көріп қалды да, дереу жерге үңілді. Бірақ мантикора қайтып ұшуға қамданған жоқ, бір жерден бір жерге секіріп түсіп жүре берді.
Бенедикт ағай мантикораны еңбектеп қуып үсті-басын шиедей қан қылды, қолдарын шөп жырып әбден азап шекті, сонда да болса қоңыздың соңынан қалар емес, еңбектеп бара жатыр. Біресе оң жағына, біресе сол жағына бұлталақтап, біресе жығылып қайта тұрады да, көз алдында жорғалап бара жатқан қоңырқай нүктені ұстау үмітімен екі қолын үнемі алдына қарай соза берді.
Ақырында есіл еңбек босқа кетті-ау! Оның қолы жер сипап қалды. Қоңырқай жәндік қас пен көздің арасында ғалымнан ұзап сала берді. Сөйтіп, көгілдір орманның қалың жеріне жетті де, аспандай көтеріліп, қош боп тұр, дегендей, ғалымды ызыңдай келіп бір қағып өтті де ғайып болды.
— Қарғыс атсын! — деп Бенедикт ағай енді еркін айқайлады.— Жоқ боп кеттің-ау... мейірімсіз шіркін!.. Мен саған өз коллекциямнан құрметті орын белгілеп едім! Жоқ, мен сенің соңыңнан қалмай, қайтсем де ұстаймын!
Ызаға булыққан энтомолог мұрнынан арыдағыны көрмейтіні есінде жоқ, мантикораны көк шөп арасынан іздеудің бекер әурешілік екенін мүлдем ұмытты. Бірақ ол өзін өзі билей алмай қалған еді. ЬІза мен намыс қабаттасып ғалымның жанын жегідей жеді. Сәтсіздікке ұшырауына оның өзі себепкер. Ол егер әлгі қоңызды, «мінезін табиғи түрінде тексеремін демей-ақ бас салып ұстап алса, түк те жоқ, таңғажайып экспонатты боп қалар еді.
Бенедикт ағай не қыларын білмей тұйыққа қамалды. Тіптен мантикораның соңынан еріп Альвец факториясынан далаға шығып кеткенін, осы сәтте өзінің бостандықта жүргенін де сезген жоқ. Оның мантикорасы осы күні мына қалың орманның бір жерінде ызыңдап жүр ғой.
Қайткенде де оны ұстауы керек.
Энтомолог ендігі істейтін ісін ойланбай-ақ ну орманды кезіп жүгіре берді. Оның көзіне айнала төңіректің бәрінен әлгі бір асыл жәндік елестей берді. Қолын алдына созып, оңды-солды сермеп ауа қармады. Бұл әурешілік оны қайда апарып ұрындырар екен, факторияға қайтадан жолын таба ала ма, мұнда оның жұмысы жоқ сияқты.
Сөйтіп, Бенедикт ағай орманға кіріп кем дегенде бір миль шамасы ұзап кетті.
Қайдан тап бола кеткенін кім білсін, ағаш арасынан бір алып адам шыға келді де, ғалымды бір қолымен жағасынан, екінші қолымен ышқырынан ұстап көтерді де иығына салып, есін жиғызбастан, орманның жыныс жеріне қарай ала жөнелді.
Бейшара болған ғалым-ай! Жер шарының бес континентіндегі энтомологтардың ең көрнектісі болатын мүмкіндіктен дәл бүгін біржола айрылып қалды!
Он алтыншы тарау
МГАННГА (БАҚСЫ)
Бенедикт ағай түскі асқа қайтпағасын, миссис Уэлдонның тынышы қаша бастады. Сақалды сәби қайда жоғалып кетті екен? Миссис Уэлдон оны факториядан шығып қашады дегенді ойына да алған жоқ-ты. Ол немере ағасының сырына қанық. Егер ол қаша қалған күнде қаңылтыр қалбырындағы коллекциясы артында қалатын болса, бостандықтан үзілді-кесілді бас тартуында сөз жоқ. Бірақ ғалымның Африкадан жинаған табыстарын салған қаңылтыр қалбырына ешкім тимеген-ді. Бенедикт ағай өз ықтиярымен өзінің энтомолог қазынасынан айрылмақ емес, және бұлай ойлаудың өзі орынсыз.
Әйтсе де Бенедикт ағай Альвец факториясында жоқ боп шықты.
Миссис Уэлдон сол күні, 17 июльде, ұзақты күн түкпір-түкпірді тінтіп немере ағасын іздеумен болды. Кішкентай Джек те, Халима да іздесіп жүр. Бірақ олардың бұл іздеуі бекер әурешілік еді.