Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Менің ерім дейсіз бе? — миссис Уэлдон өз құлағына өзі сенбей қайталап сұрады.
— Ие, нақ соның өзі, миссис Уэлдон, сіздің еріңіз! Мен оған әйелі мен баласын босқа қайырып бергелі тұрғаным жоқ, сатқалы тұрмын, сендерге үстеме есебінде ақысыз-пұлсыз мына есуас ағаңды да қоса берем!
Бұл оңбаған мені қақпанға түсіргелі тұрған жоқ па? — деп сұрады келіншек өзінен өзі. Жоқ, сірә бұл ойындағысын айтып тұрған болар. Бұл оңбағанның күрделі пайда түсіріп қалатын кезеңі келіп қалған шығар. Ондай жағдайда Негоро сияқты жауыздар шынын айтуға тиіс. Ашық саудадан ондайлардың қыруар пайда түсіріп қалатыны сөзсіз.
— Бұл жайлы келісімді қашан жасағыңыз келеді? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Мүмкіндігі болса неғұрлым тезірек жасауым керек.
— Қай жерде?
— Осында. Мистер Уэлдон баласын құлдықтан, әйелін күңдіктен құтқару үшін Казондеге келуден қорықпас деймін?
— Әрине, қорықпайды. Бірақ оған бұл жағдайды кім хабарлайды?
— Мен. Сіздің еріңізбен жолығысу үшін Сан-Францискоға барамын. Жолға жетерлік қаржым бар.
— «Пилигримнен» ұрлап алған ақшаңыз ба?
— Ие, ие... Одан басқа да ақшам жетерлік,— деді Негоро шімірікпестен.— Есіңізде болсын, сізді тез өткізуіммен қатар, қымбатқа сатқым келеді, арзанға бермеймін. Еріңіз сізге қалыңмал үшін жүз мың долларды аямас деймін?..
— Аямас қой, егер оның сіз талап еткен мөлшерге жетерлік қаржысы болса,— миссис Уэлдон жауапты самарқау қайырды.— Сіз менің еріме, әйеліңіз Орталық Африкада тұтқында жатыр дейсіз ғой?
— Әрине.
— Бірақ менен бірер белгі апармасаңыз, сіздің құрғақ сөзіңізге сенбейді ғой. Сіздің дәлелсіз сылдыр сөзіңізге иланып көз жұмып Казондеге келе қоймайды ол.
— Сіз оған жағдайды баяндап хат жазасыз. Хатта өзіңізді жабайылардан құтқарып қалған адал ниетті қызметкеріңіз етіп мені көрсетесіз, сол хатты оған апарып тапсырсам, мистер Уэлдон мұнда қанат байлап ұшса да жетеді.
— Мен оған мұндай арсыздық хатты жазудан үзілді-кесілді бас тартамын! — деді келіншек тартынбастан.
— Сіз хат жазудан бас тартады екенсіз ғой?
— Үзілді-кесілді!
Бұл жас келіншек Орталық Африкаға келуге тәуекел етудің қаншалықты қауіпті екенін білетін-ді.
Португалдың уәдесіне сенуге болмайды, ақшаны қолына түсіріп алса-ақ болды, ол залым мистер Уэлдонды Казондеде ұстап қалуы қиын емес, деп ойлады әйел. Осы пікірлердің бәрі қосылып Негороның ұсынысын ойланбай-ақ қабылдамауға оны мәжбүр етті. Бірақ ол бейшара бұл сәтте өзінің жалғыз емес, қасында бөбегі барын ұмытқан еді.
— Алайда, сіз ол хатты жазарсыз деймін! — деді Негоро.
— Жоқ, жазбаймын! — миссис Уэлдон қатулана жауап қатты.
— Абайлаңыз! — португал әкіреңдей түсті.— Сіз мұнда жалғыз емессіз! Өзімізбен бірге бөбегіңіз де менің билігімде! Айтқанымдай етіп сізге хат жаздырудың амалын табамын!
Миссис Уэлдон қауіп-қатердің қандай түрі төнсе де өзінің бет алған жағынан қайтпайтынын кесіп айтқысы келіп ақ еді, бірақ жүрегі аузына тығылып үн қатуға шамасы
келмей әлсіреп қалды.
— Миссис Уэлдон,— Негоро сөзін қорытуға кірісті. - сіз менің ұсынысымды ойланып көріңіз. Бір жетіден соң сізден мистер Джеймс Уэлдонға жазылған хатты алуым керек, егер менің айтқанымды істемесеңіз, қайсарлығыңыз үшін қатты өкінетін боласыз!
Португал осы сөздерді айтты да, тез-тез аттап шығып кетті. Құл саудагері бұл жолы ашуға ерік бермей өзін өзі берік ұстағысы келіп еді. Бірақ миссис Уэлдонды дегеніне көндіру үшін қиянаттың қандай түрін болса да тайынбастан қолданатыны мәлім оның.
Он төртінші таpay
ДОКТОР ЛИВИНГСТОН TУPАЛЫ ХАБАР
Негоро кеткен соң, миссис Уэлдон лашығында жалғыз қалды, бұл арада ең алдымен Негоро өз ұсынысының жауабын алуға бір жетісіз келмейтінін есіне түсірді ол. Осы мерзімнің ішінде нендей де болса бірер тіршілік істеу керек. Негороның ар-намысына сенуге болмайды, бірақ оның дүниеқор ашкөздігін пайдаланудың артықтығы болмас.