Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Миссис Уэлдон өзінің келешек тағдыры жөнінде де ешнәрсе біле алмады. Жолда бірнеше күн бірге келе жатып Гэррис пен Негоро да оған бір ауыз тіл қатпаған. Казондеге келген соң олар оған қатынасуды қойды, ал миссис Уэлдонның факториядан далаға шығуына тыйым салынған.
Сақалды сәби — Бенедикт ағайдың миссис Уэлдонға ешқандай жәрдем ете алмайтынын әңгіме етудің қажеттігі болмас.
Бұл ғалым өзінің Африкада екенін білген соң да, мұнда қай себеппен келіп қалғанын біреу-міреуден сұрап білгісі де келмепті ғой. Тек бір нәрседен тауы қайтып, үнемі ренжи берді. Ол оқымысты ғалымдардың арасында бірінші болып цеце деген шыбын мен жауынгер термитті Америкадан тапқан өзім деп шынымен-ақ мақтанып жүрген, бірақ бұл мақтанышы ойда жоқта бекерге шықты, оның тауып жүргені кәдімгі африкалық жәндіктер, ғалымдар оны бұдан бұрын тауып сипаттап әлденеше рет жазған болатын. Ғалымның, осы табысыммен даңқымды шығарамын деген үміті жоққа шықты. Натуралист Бенедикттің Африкадан африкалық жәндіктер коллекциясын әкелуі кімге таң болғандай?
Бірақ торығудың бастапқы күйігі басылған соң, Бенедикт ағай: «Бұл жәндіктер жері — ол Африканы осылай атаған-ды — энтомологтар үшін сарқылмас қазына ғой»,— деген болатын. Ол «янкилер жеріне» келудің орнына Африкадан бір-ақ шыққанына өкінген жоқ. Ұтылған да жоқ, қайта ұтып шықты.
— Ызыңдауық мантикор қоңыздардың,— деді ол өзіне өзі, бұл сөзді тек қана өзіне емес, оның сөзіне құлақ салмай отырған миссис Уэлдонға да қайталап айтқан еді,— ызыңдауық мантикор қоңыздардың өсіп-өнетін жері тек қана осы ара деуге болады, ол қоңыздардың аяқтары ұзын да жүндес, қанат қабығы сүйірлеу келеді, жағы да орасан үлкен! Олардың ішіндегі ең әдемісі, әрине, бүкір мантикор. Қызыл денелі ызыңдауықтың, гвинейлік пен габондық голиаф ызыңдауықтарының да өсіп-өнетін жері осы, бұлардың аяқтарында тікенегі болады; анжид деген шұбар араның да өнетін мекені осы, олар жұмыртқасын шаянның қабығына салады, скарабай деген әулие жәндіктер де осында. Ауларды ескі египеттіктер құдайдай сыйлайды екен. Бұл жер «өлі бас» — сфинкс деген көбелектің ордасы ғой, бұл көбелектер қазіргі уақытта бүкіл Европаға таралып кетті. «Бигот масасы» деген шыбындардың қайнаған жері осы, оның шаққанынан сенегалдықтар жаман қорқады. Бұл жерден таң қаларлық жаңалықтар ашуға болатыны сөзсіз, мен ол жаңалықты ашамын да, тек мына мейірбан адамдар менің ізденуіме рұқсат етсе болғаны! — Сақалды сәбидің тілегін қараңызшы!
Бұл «мейірбан адамдардың» кімдер екені түсінікті. Бірақ оларға ренжірліктей Бенедикт ағайдың дәлелі де жоқ-ты. Негоро мен Гэррис энтомолог-ғалымға бірсыпыра ерік берді. Мұхит жағалауы мен Куанза өзені арасындағы жолда Дик Сэнд оның орман аралап экскурсия жасауына үзілді-кесілді тыйым салған. Аңқау ғалым бұл сияқты мейірімсіздікке аса налыған болатын-ды.
Егер кездейсоқ тағы бір қырсық кездеспегенде, Бенедикт ағай дүние жүзіндегі ең атақты энтомолог болар еді: оның жинақ салатын қаңылтыр қалбыры бұрынғысынша иығында ілулі жүрген. Енді мұрнының ұшына түсіре киіп жүретін бұрынғы көзілдірігі, омырауында салақтап жүретін үлкейткіш әйнегі де жоқ. Көзілдіріксіз әрі лупасыз ғалым-энтомолог болады дегенді кім естіген! Қанша айтса да бұл оптикалық құралдар Бенедикт ағайға енді қайтып оралмайтын болды. Олар өзен түбіне, Муани-Лунганың елігімен бірге көмілген-ді.
Енді бейшара ғалым ұстаған жәндіктерінің түр-сипатын ажырату үшін бәрін де бір-бірлеп көзіне тақауы керек. Бұл жағдай Бенедикт ағайдың өнебойы ренжіп, кіржиіп жүруіне себеп болды. Егер көзіне сәйкес көзілдірік табылса, ақша аямай-ақ сатып алар еді-ау, бірақ оның сорына бұл заттар Казондеден табылмайды.