Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Дик Сэнд күрестің аяқталмағанын, бірақ күрес түрінің өзгергенін байқады. Ол Негороның көзіне тайсалмай тік қарады. Бұл арада Негоро не айтса да, оған жауап қайыруды өзіне ар көрген-ді.
— Мен, өзімнің бала капитанымды, — деп бастады Негоро,— ақырғы рет көріп кетуді, оның «Пилигрим» бортындағы жүргізген әмірін бұл арада жүргізуден жұрдай болғанына көңіл айтуды өзімнің борышым деп білдім.
Диктен жауап қайтпаған соң Негоро сөзін сабақтай түсті.
— Капитан, сіз шынымен-ақ өзіңіздің бұрынғы аспаныңызды танымай тұрсыз ба? Мен сізден бұйрық алуға асыққан едім. Ертеңгі асқа не дайындайын, соны бұйырыңызшы?
Жер еденде ұзынынан түсіп жатқан жас жігітті Негоро керіліп тұрып теуіп қалды.
— Капитан, сізге тағы бір сауал берудің реті келіп қалды. Сіз Оңтүстік Америка жағалауына барғалы аттанып, Анголадан бір-ақ шыққаныңыз қалай, оның себебін білесіз бе?
Дик Сэнд өз болжалының дұрыс екенін, «Пилигрим» компасын опасыз кок бұзғанын айтпаса да сезетін-ді. Негороның мазақ сауалы бұл істі бұлтармай-ақ мойындағандық болды.
Дик ешқандай жауап қайырған жоқ. Оның жақ ашып үндемеуі Негороның зығырданын қайната бастады.
— «Пилигрим» бортында, — Негоро сөзін сабақтай түсті,— теңізші болуы, теңізші болғанда да тәжірибелі теңізші болуы сіз үшін зор бақыт болғанын мойындаңыз, капитан! Егер ол болмаса, сіз кемені мұхиттың қай аралындағы құзға киліктіріп бізді кемемен бірге жоқ қылар едіңіз! Ондай сұмдықты ойлаудың өзі қандай үрейлі! Бірақ кемедегі белгісіз теңізшінің арқасында «Пилигрим» жолаушылары өздеріне достықпен қолын созған ақ ниет адамдардың қоғамына, меймандос жерге жетіп қалды. Көріп тұрсыз ба, жігітім, сондай теңізшіні көзге ілмеймін деп оңбай қателескеніңізді!
Негоро байсалды адамша сөйлеген болды, бірақ бұған бар жігерін салды. Ол сөзін аяқтады да, еңкейіп Диктің көзіне адырая қарады. Зәр шаша үңілгенде португалдың беті қисайып, біртүрлі зұлымдықтың нышаны байқалды. Ол осы сәтте Дикті қауып алғалы тұрған ит сияқты еді. Көмейіне тығылған ашулы ызаны лақ еткізіп құса салды.
— Дүние кезек деген осы, жігітім! — Ол еліре ақырды.— Бүгін мен капитан! Мен қожа! Сапары қырсыққан күшік теңізші сенің тағдырың мына менің қолымда!
— Сен мені бүйтіп қорқыта алмайсың. Өлімнен қорқатын кісің мен емес,— дей салды Дик самарқау үнмен.
— Ол батырлығыңды әлі-ақ көрерміз! — деп құтырынды Негоро.— Сен әлде тағы біреулердің жәрдемінен үміткер шығарсың? Бұл жерді Казонде дейді, Альвец аман тұрғанда, менің ақ дегенім ақ та, қара дегенім қара. Ақымақ! Сенің жолдастарың Том тағы басқа негрлер әлдеқашан сатылып кеткен, олар осы күні Занзибар жолында кетіп бара жатыр... Жолдастарыңның сенімен ісі де жоқ, өз бастары мен өздері қайғы.
— Олар тұтқында болғанымен Геркулес бостандықта, оны қайда қоясың?— деді Дик.
— Геркулес! — деп күжілдеді Негоро жер тебініп.— Арқа сүйер негірің арыстан мен қабланның әлдеқашан жемі болған. Одан кек ала алмай қалдым, менің бар өкінішім осы!
— Егер Геркулес өлсе, Динго тірі,— деді Дик Сэнд.— Сендей пасықты жайғастыруға төбеттің де шамасы келеді. Мен сенің іші-сыртыңды әлдеқашан көріп білгенмін. Негоро, сен сужүрексің, Динго әлі де болса сені іздеп табады, кездестің-ақ, ісім бітті дей бер!
— Оңбаған неме! — Португал құтырына айқайлады.— Оңбаған! Сенің Дингоңды өз қолыммен атып тастағамын! Миссис Уэлдон мен бөбек Джектің барған жеріне төбетің де кеткен. Сол, оңбаған төбет сияқтанып «Пилигрим» бортында болғандардың бәрі де қырылып қалады!..
— Солар сияқты сен де құрисың,— деді Дик.— Бірақ бұрын құрисың.
Жасөспірімнің салмақты үні мен батыл көз қарасы Негороның зығырданын қайнатты. Ол не болғанын білмей, сөзден гөрі тікелей күшке көшуге, қорғаныссыз тұтқынды өз қолымен өлтіріп тынуға ыңғайланды. Ол атылып барып Диктің үстіне қона қалды да, жұлмалап, кеңірдегінен ала түсті... бірақ қолын дереу тартып алды. «Дикті осы қазір-ақ өлтіріп тастау, өзінің қас дұшпанын дайындаған азаптан құтқару деген» деп ойлады ол лезде.