Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Ақ адамның бір-бір тамшы қанын береді! —деп Негоро корольдің сөзін жалғап жіберді де, Альвецке қарап астыртын ым қағып еді, құл саудагері оған түсіне қалғандай басын изеді.
— Ақ адамның қаны деймісің? Сонда ақ адамды өлтіру керек пе? — Муани-Лунга қайталап сұрады. Бұл ұсынысты естігенде оның жабайы сезіміне жан еніп бірден жадырап сала берді.
— Ақ адам Альвецтің бір аяулы агентін өлтірді,— деп португал сөзін жалғап қойды.
— Гэрристі өлтірді,— деп Альвец те үстеді.— Біз одан кек алуымыз керек.
— Олай болса ол қанішерді Заирдың жоғарғы жағындағы Массонго корольге жөнелту керек. Ассуаның жауынгерлері оны тірідей турап жейді. Олар адам етінің дәмін әлі ұмытқан жоқ,— деді Муани-Лунга.
Корольдің бұл айтқаны рас еді. Орталық Африкадағы бірсыпыра руларда адам етін жейтін әдет әлі бар-ды. Ливингстон өзінің жол дәптеріне, Луалаба жағалауын мекендейтін маньем рулары соғыста өлген адамдардың етін жегені былай тұрсын, тіптен сойып жеу үшін әдейі құл сатып алады екен деп жазған болатын. Муэне-бугга деген адам жегіш руларға Камерон да кездесіпті, ал Стенли адам жегіштерді Оукустың тұрғын халықтарынан көрген екен.
Бірақ та корольдің Дикке ойлап тапқан жазасы қаншама жан түршігерлік ауыр болса да, Негороға ұнамады, оның ойы Дикті өз уысынан шығармау еді.
— Бұл ақ адам біздің досымыз Гэрристі Казонде қаласының өзінде өлтірді ғой,— деді Негоро.
— Ол осы арада өлуге тиіс,— деп үстеді Альвец.
— Альвец, сен оны қалаған жеріңе апарып өлтіре бер,— деп жауап қатты король.— Тек қана уәдеңді жұта көрме, ақ адамның әрбір тамшы қанына сонша тамшы отты су бересің маған.
— Тиісті отты суыңызды аласыз, король! — деді құл саудагері.— Сіздің алатыныңыз жалыны шықпай жанатын су! Хозе-Антонио Альвец бүгін корольді пуншамен сыйлайды!
Маскүнем король Альвецтің алақанына құлаштап тұрып шарт еткізді. Қуанғанынан есі шығып, не болғанын өзі де білмей қалды. Жабайылар отты судың қалай жанатынын ешқашан көрмеген-ді, отты суды лаулап жанып тұрған күйінде ішеді деп шамалайтын.
Соры қайнаған Дик! Оған азаптың қандай жан түршігерлік түрін дайындап қойды екен! Егер мас болса, мәдениетті адамдар да естерінен танып адам сиқынан айрылады ғой. Ал жабайылар мас болса, үмітіңді үзе бер!
Ақ адамға берілетін азап тек бұрыннан бас араздығы бap Негороның қалауынша ғана емес, Альвецтің де, Коимбраның да, тағы басқа құл саудагерлерінің де қалауымен орындалатын болды.
Әне-міне дегенше болмай күн батып, қаракөлеңке түспей-ақ түн болды.
Альвецтің ұлы мәртебелі корольге ішімдіктің жаңа түрін ұсынуы шынында таптырмайтын ақыл еді. Соңғы кездерде Муани-Лунга, отты су өзінің даңқты атағын ақтамады деп ойлай бастаған-ды. Ақыл сезімінен айрылып былдырлап қалған корольдің тіліне отты судың шипа болуы ықтимал.
Сөйтіп, ол күнгі кештің программасына бірінші кезек пунша қайнату, екіншісі ақ адамды азаптап өлтіру мәселесі енгізілді.
Дик Сэнд жападан-жалғыз қамауда жатыр, бұл арадан тек өлім жазасын тарту үшін ғана шығуы керек. Базарға салынған еріксіздердің өтпей қалғандарын айдап апарып баракқа қайта қамады. Кең алаңда тек қана король, мемлекет қызметкерлері, құл саудагерлері мен хавильдарлар қалды. Бұлар король мен сарай адамдарынан аз-мұздан сарқыт қала қойса, пуншадан ауыз тиерміз деп дәмеленіп еді.
Хозе-Антонио Альвец Негороның мәслихатымен пуншаға керекті заттардың бәрін жеткізді. Құл саудагерінің әмірі бойынша алаң ортасына кем дегенде екі жүз пента96 су сыйғандай бақыр қазан әкеліп қойды. Оған кішігірім екі-үш кеспек ең төмен сапалы спирт құйды. Бұл спирт төмен сапалы болғанымен аса күшті еді. Оның үстіне бұрыш тағы басқа сол сияқты ащы заттар қосты, өзі ащы арақ енді бұрынғысынан бетер құтыра түсуге тиіс.