Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Төртеуі де бұрынғысынша шынжырлаулы болатын, бірақ олардың қанадан шыға ызалы екендігі көз қарастарынан-ақ белгілі еді.
— Дик қайда екен, ол мұнда жоқ қой! — деді Бат алаңды көзімен айнала бір шолып шығып.
— Мәселе түсінікті! — деді Актеон.— Оны құлдыққа сата алмайды.
— Бірақ оны өлтіре алады, сөз жоқ өлтіреді де! — деді Том.— Ал біздің бәрімізді бір құл саудагері алса екен деп тілейік. Ең болмаса бірге болар едік!
— Аһ, көкежан-ай, менен сені бөліп әкетеді деп айтудың өзі қандай қасірет!.. Сен байғұс қартайған шағыңда құл боламысың...— деп Бат өксіп-өксіп өкіріп қоя берді.
— Жоқ,— деп жауап қатты Том.— Жоқ, олар бізді айырып сатпайды. Мүмкін, бізге бірер жағдай...
— Бізбен бірге Геркулес болар ма еді! — деді Актеон.
Бірақ алып негр хабар-ошарсыз кетті. Ол Дикке хат жіберген күннен бастап зым-зия жоқ. Геркулестің өмірі кісі қызығуға тұрарлық па? Ол бостандықта өлсе де, өз басын қорғай жүріп өледі ғой. Ол құлдықтың шынжырлы азабын көрген жоқ.
Енді сауда да басталды. Альвецтің агенттері еріксіздің тобына кіріп аралап жүр, сатылатын адамдардың ішінде еркек те, әйел де, бала да бар. Ері әйелінен айрыла ма, әкесі баласынан айрыла ма немесе анасы қызынан айрыла ма оныңмен құл саудагерлерінің ісі жоқ. Бұл адамдар үшін еріксіздер өздерінің асыранды малы сияқты...
Томды жолдастарымен қоса саудагерден саудагерге көрсетіп базар қыдыртты. Бұлардың алдына түсіп бастап жүрген агент Альвецтің бұл төртеуіне қойған бағасын айқайлап жар салып келеді. Орталық өлкелерден келген құл алушы арабтар немесе будандар жақынырақ келіп «товарды» бастан-аяқ көріп жатыр. Құл алушылар Замбези мен Луалаба жағалауынан айдалып келген негрлерден Томның жас жолдастарының түрі мүлдем басқа екенін байқап таң қалысты, бұлар күш-қуат жағынан да, дене құрылысынан да басқа құлдардан анағұрлым шоқтығы биік еді. Сондықтан да бұларға жоғары баға қойылған-ды. Алыпсатарлар еріксіздердің бұлшық еттерін қысып, ауыздарын ашып қарап шыр айнала көріп жүр, мұндағылардың жәрмеңкедегі жылқы алып сататын жалдаптан бірде-бір айырмасы жоқ. Олар сатылатын адамның жүрдек немесе шабан екендігін байқау үшін таяқты лақтырып жібереді де, оның артынан саудаға түскен еріксізді жүгіртіп сынайды. Құл алушылар саудалаған еріксіздерінің бәрін осылай тексеріп жатыр. Мына қорлықтан сатылушылардың ешқайсысы құтылмады. Еріксіз сорлылар бұл кемсітуді елемеді, оларға ешқандай әсер етпеді деп шамалауға болмайды. Мәселе мүлдем басқаша! Өздерінің адамгершілік қасиетінің қорланғанын сезерлік сезім оларда да бар, кім де болса мұндай қорлыққа намыстанады, ұялады, өздерін қалай қорлап жатқанға тек балалар ғана түсінбейді.
Бұл аз болғандай еріксіздерді ұрып-соғып балағаттап жатыр. Дүмбілез мас Коимбра мен Альвецтің агенттері базарға салынған құлдарға өздерінің ең жек көретін малындай қарайды. Құл сорлылар өмірдің барып тұрған ащы қорлығын, өздерін піл сүйегіне, матаға, моншаққа сатып алған жаңа қожайынынан көруі де мүмкін.
Құл саудагерлері бірінен бірі айрылып бара жатқан жұбайларды, баласынан айрылып бара жатқан аналарды бірімен бірін қоштастырмады да. Ол сорлылар бірін-бірі базар алаңында көрді де, мәңгі айрылысты.
Әдетте құл алып сататын саудагерлер әйелдерді байымен қоса сатып алмайды. Оның мәнісі былай: Шығыс мұсылмандарында көп қатын алатын салт бар, әйелдерді соларға апарып сататын саудагерлер ғана алады. Сондықтан күңдікке сатылатын әйелдер Африканың солтүстігіне жөнелтіледі. Ал еркектер Испан отарларына, Маскат пен Мадагаскарға апарып ауыр жұмыстарға пайдаланылады. Соның үшін еркектер батысқа немесе шығыс жағалаудағы факторияларға жөнелтіледі. Ерлі-зайыпты жұбайлардың бірінен бірі айрылысардағы қоштасуы жан түршігерлік аянышты көрініс, өйткені олар мәңгілік айрылысып бара жатыр, олар өлетінін, бірін бірі енді қайтып көрмейтінін біледі.