Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Дик Сэнд жалт қарады. Оның алдында өзінің ескі досы — Гэррис тұр еді.
— Миссис Уэлдонды қайда жібердің? — деп айқайлады Дик.
— Қайран келіншек,— деп жауап қатты Гэррис күйінген кісі сияқтанып,— бейшара ана! Жол азабына қайдан төзсін...
— Өлді ме? — деп айқайлады Дик. Ал оның баласы қайда?
— Бейшара бала,— деп жауап қатты Гэррис әлгі әуеніне салып,— ол байғұс жол азабын көтере алмады...
Диктің жанындай жақсы көретін адамдары өлген... Жасөспірімнің сол сәттегі күйіп-піскенін айтып жеткізу мүмкін емес. Ызалы кек оның бойын кернеді, американның белбеуіне қыстырулы тұрған пышақты бас салып жұлып алды да, сабына дейін бойлатып Гэрристің кеудесіне сұғып жіберді.
— Қарғыс атсын!..— деп айқайлады Гэррис құлап бара жатып.
Бұл Гэрристің ақырғы сөзі еді. Адамдар оның қасына келгенше американ ана дүниеге аттанып та кетті.
Оныншы тарау
ЖӘРМЕҢКЕ
Диктің шалт қимылдағаны сонша, айнала қамап тұрған адамдар оған ара түсуге үлгірмей қалды. Бірақ сол сәтте жергілікті халықтың бірнешеуі жасөспірімге жабылып кетті. Егер Негоро келіп үлгірмегенде Дикті сөзсіз өлтіретін еді.
Португал оларға, тимеңдер дегендей белгі беріп еді, Дикті қоя берді. Сосын олар Гэрристің өлігін көтеріп әкетті. Альвец пен Коимбра Дикті сол жерде өлтіріп жіберуге қамданып еді, бірақ Негоро оларға сыбырлап, егер өлтіруді бірсыпыра уақыт кейінге қалдыра тұрса, одан келер-кетері жоқ екенін айтты. Сосын жасөспірімді оңаша қамап, көз айырмай күзетіп тұрыңдар деп хавильдарға қатты тапсырды.
Кішкене отряд теңіз жағалауынан кеткелі бері Дик Сэнд Негороны көрмеген еді. «Пилигримнің» апатқа ұшырауына бірден-бір себепші Негоро екенін жасөспірім білетін-ді. Дик Сэнд оның сыбайласын қандай жек көрсе, Негороны одан да бетер жек көруге тиіс. Бірақ ол өзінің бұрынғы аспазынан жиіркенген түрмен теріс айналып, оған бір ауыз тіл қатуды өзіне ар көрді.
Гэррис миссис Уэлдонды да, кішкене Джекті де өлді деп еді ғой. Енді оның қайғыратын түгі де жоқ. Тіптен ол өз басының қамын да ойламады. Оны хавильдарлар сүйреп әкетті. Қайда апара жатыр? Қайда апарса онда апарсын, Дикке бәрібір...
Жасөспірімді қол аяғын байлады да, саңылауы жоқ бір тар сарайға апарып қамап тастады. Бұл сарай бүлік шығарып немесе басқа бірер қылмыс жасаған еріксіздерді өлім жазасына бұйырып қамайтын Альвецтің түрмесі еді. Енді Дик қараңғы түнекке түсіп бүтін дүниеден бөлініп қалды. Бірақ ол бұған өкінген жоқ. Ол өзінің жақсы көретін адамының өшін алды, енді оны өлімнің қандайы болса да қорқыта алмайды.
Дикті Негороның жергілікті халықтардың азаптап өлтіруінен арашалап қалуының себебін шамалау қиын емес, оның мәнісі, өлер алдында Негоро жасөспірімді өз қолымен әбден қинап азаптау еді. Енді он бес жасар капитан бүтіндей кеме аспазының билігінде қалды. Негороның кегі қайтып болу үшін енді Геркулес қана жетпей тұр.
Екі күннен соң 28 майда жәрмеңке ашылып, оған ішкі Африкадағы барлық факториялардан93 құл саудагерлері келді, Анголамен іргелес өлкелерден де толып жатқан халықтар жиналды. Жәрмеңкеде құл саудасы ғана болып қойған жоқ, адам саудасымен бірге Африканың құнарлы жерлерінде өсетін әртүрлі азық-түліктердің де базары болды. Таңертеңнен бастап-ақ базар алаңына ел тола бастады. Хозе-Антонио Альвецтің құлдарын қоспағанда (мұның ішінде жолдастарымен бірге Том да бар), базар алаңындағы сенделіп жүрген адамдардың саны төрт-бес мыңға жетеді. Альвец базардың аса маңызды адамы болып саналады. Ол өзінің досы Коимбрамен бірге базар алаңында жүріп, ішкі өлкелерден келген құл саудагерлеріне топ-тобымен еріксіздерді көрсетті. Құл алушылардың арасында бірсыпыра жергілікті халықтар да бар. Үлкен Көл өлкесінің сауда саттық жөніндегі бас қаласы Уджиджилік будандар мен бірнеше араб саудагерлері бар.