Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ол кезде Казонде қаласының сауда кварталы тұтасымен Хозе-Антонио Альвец деген бір құл саудагеріне қарайтын-ды. Гэррис пен Негоро сол Хозе-Антонио Альвецтің агенті болатын.
Альвец өзінің бас конторын Казондеге орнатып, контордың бөлімшелерін Вихо мен Кассангодан ашып еді. Айтылып өткен уақиғадан соң арада бірнеше жыл өткеннен кейін Камерон Альвец конторының Кассангодағы бөлімшесінде болып, сондағы жағдайды суреттепті.
Казондедегі сауда кварталының үлкен көшелерінің екі бетіне бірдей ұзына бойға бір қатар жалпақ төбелі үйлер салынған, балшықтан соғылған төрт бұрышты ауланың ішкі жағында малдары тұрады. Үлкен көшенің бір жақ басында еріксіздер барагімен айнала қоршалған үлкен алаң бар. Үйден әлденеше есе биік көкке мойнын созып тұрған тамаша анжир ағаштары, көшенің ұзына бойына желпуіш тәрізденіп пальмалар өскен, бұл өсімдіктер тікесінен қойған сібірткіден айнымайды. Көше шаңының арасында қаланың тазалық сақтау қызметін атқарып үймелеп жатқан күшігендерді көресің. Мінеки Казонденің сауда кварталының ұсқыны осындай болатын.
Конгоның бір тарауы — Лухи өзені базар алаңының іргесінен ағып өтеді.
Казонденің сауда кварталына тірей король сарайы орналасқан, оның тұрған жері тұтас бір шаршы миль жерді қамтыпты, үйлерінің түрі үйме-жүйме салынған лашықтар тобына ұқсайды. Кейбір лашықтардың айналасын қамыспен қоршаған болыпты, енді біреулерін жас анжир ағаштарын жиі егіп қоршапты, бірсыпыраларының ешқандай қоршауы жоқ. Маниок плантациясы мен папирус сабағынан ерекше тоқылған шарбақ қоршау аралығында король құлдарының лашықтары, король әйелдерінің гаремасы91 бар, король «тембесі» де сол жерде, ол басқа лашықтардан аз-кем ғана биіктеу де кеңірек. Мінеки король сарайының болмысы осы ғана.
Казонде королі Муани-Лунга елуді қусырған адам, оның қоластындағы бұқарасы бұрынғы корольдің тұсында да күйзелген еді, енді жаңа корольдің дәуірінде мүлдем титықтап қалды. Португалиялықтың құл саудагерлері пайдаланып жүрген жалдама солдаттарының саны жиырма мыңға жеткенде, корольдің қазіргі уақытта небары төрт мыңдай-ақ әскері бар. Сондықтан қазір Казонде королінің күн сайын жиырма бес-отыз құлдан құдайға құрбан шалып тұратын бұрынғы дәурені жоқ.
Маскүнемдіктің салдары оны зұлымдық пен қиянатқа айдап салды, әлі де болса кәрілік еңсесін баса қоймаған орта жастағы адамды мезгілінен бұрын кеудіретіп, ақылынан алжастырып, ашушаң, қияли етіп жіберді Ол өзінің қыңырлығын істеп құлдарының денесіне өмірлік дақ салып жарымжан етті, әскербасылары мен министрлерінің біреуінің мұрнын кесіп пұшық, біреуінің құлағын кесіп шұнақ еттi, тағы біреуінің қолын кесіп шолақ, біреулерінің аяғын кесіп ақсақ етіп тастады. Бағынышты адамдары королінің өлуін асыға күтуде еді...
Бүкіл Казонде халқының ішінде Муани-Лунганың өлімі тек болғаны жалғыз-ақ адамды — Хозе-Антонио Альвецті ғана күйзелте алады. Құл саудагері маскүнем әкімнің көңілін аулап, бүкіл өлкені билеп алған. Король өлген соң тәж бен таққа корольдің бәйбішесі Муана ханым ие болуға тиіс. Халық әйелді әкім екен деп елемейді, лаң шығарады, көршілес елдің патшасы Оукус деген кісі Казонде елінің ішкі бүлігін пайдаланып Муани-Лунгаға шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенді Альвец. Оукус маскүнем патшадан гөрі жас та жігерлі адам еді, және ол Альвецтің бәсекелесі, құл саудагерлерінің ішіндегі ең ірісі Типо-Типо деген арабпен сыбайлас болатын.
Хозе-Антонио Альвецті сол африкалық мемлекеттің королі деуге болады, ол залым есінен айрылып ақымақ болған үкімет басқарушысын ішімдікке дәндетіп, өзіне мүлдем бағындырып алды да оның топастығын пайдаланды.
Альвецтің өзі тоқтасқан адам, ақ денелілерге жақындығы жоқ. Оның есімі ғана португалдық, о да болса сауда iсіне байланысты, қосалқы аты еді. Альвецтің негізі негр, шын аты Кенделе болатын. Ол Куанза өзенінің жағасындағы Дондода туып, мансапты ісін негр саудасының қарапайым агенттігінен бастаған-ды. Енді бұл жексұрын қақбас ірі құл саудагерлерінің бірі болып алды.