Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қамысты ақырын ғана алдым да, сындырып қарадым. Қамыстың қуысында хат бар екен! Әрине, мен оны тастай қараңғыда оқи алмадым. Таң атып жарық болуын күту керек... Дингоны қайырып жібермей-ақ алып қалайын деп ем, бірақ сүйкімді төбеттің кеткісі келіп қыңсылай берді. Төбет өзіне жүктелген тапсырманың орындалғанын білсе керек.
Итті қайырып жібердім, ол бір секіріп түсті де, қалың шөптің арасына кіріп ғайып болды. Қайран төбет арыстан мен қорқау қасқырлардың аузына түспей аман-есен иесіне жетсе жарар еді-ау!
Динго аман болса, өзін жұмсаған адамға қайта оралатыны сөзсіз.
Хатты қараңғыда оқу мүмкін емес, хат қолымды күйдіріп бара жатқан тәрізді.
Бұл хатты кім жазды екен? Миссис Уэлдон ба? Әлде Геркулес жазған болар?
Ит — опа дейді ғой, Динго бұлармен қалай ұшырасты екен? Біз оны өлдіге санап едік-ау!
Бұл хатта не жазылған? Жан төзгісіз мына азаптан қашып құтылудың амалы айтылған ба? Әлде қадірлі достардың тек қана амандық хабары ма екен?
Не болса ол болсын, бірақ мына уақиға мені қуанышқа бөледі. Бірақ мұның ақыры адам айтқысыз ауыр қайғы-қасіретпен тынуы да ықтимал!
Мен аспанның көкжиекпен ұштасқан жеріне тесіле қараймын, сондағы аңдығаным, таң қылаңы. Көзім ілінбейді. Жытқыш аңдардың ақырғаны бұрынғысынша жырақтан естіліп жатыр. Бейшара Динго, бұларға кездеспей аулағырақ кете алдың ба екен?
Сарғая күткен таң да білінді. Тропикте түн қысқа болады. Жарық болысымен ешкімге білдірмей оқиын деп хатты шиыршықтап бүктеп қойдым.
Оқып көрейінші...
Әлі қараңғы, түк те көрінбейді.
Сарғая күтіп, ақыры оқыдым-ау. Хатты Геркулес жазған екен.
Бір жапырақ қағазға қарындашпен бірнеше жол сөз жазыпты, онда:
«Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп Гэррис пен Негоро бастап әкетті. Бенедикт мырза да солармен бірге. Олар керуеннен озып, үш-төрт күндік алда бара жатыр. Олармен тілдесерлік мүмкіндігім болмады. Мен Дингоны таптым. Оны біреу мылтықпен атып жарадар етіпті, бірақ қазір жазылып кетті. Менің бар ойлайтыным сендердің тағдырларың, мен қашқанда, сіздерге жәрдем ету үшін ғана қаштым.
Геркулес».
Демек, миссис Уэлдон да, кішкентай Джек те тірі екен. Олардың бізбен бірге болмағаны қандай жақсы: жарық дүниенің мына дозақтай азабына төзе алмас еді олар.
Китанда дегені талдан тоқылған зембіл, мұны екі адам иығына салып көтеріп жүреді. Үстіне жұқа матадан көлеңке етіп масахана құрып қояды.
Сөйтіп, миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп әкетіпті. Бұлар Гэррис пен Негороның несіне қажет болды екен? Шамасы ол оңбағандар Казондеге бет алған. Ие, ие, әрине, ешқандай күмәні жоқ. Оларды сол арадан іздеймін! Дингоның маған хабар әкелгені не деген қуаныш! Осы қуаныштың арқасында соңғы күндердегі көрген қорлықтарымды түгелдей ұмытып та кеттім.
11—15 май. Керуен ұдайы алға баса берді. Тұтқындағылардың халі күннен күнге нашарлай түсті... Көбінің қаны судай сорғалап жерді қып-қызыл қып бояп бара жатыр. Казондеге жету үшін әлі кем дегенде он рет көшіп қону керек деп шамаладым. Межелі жерге жеткенше қанша адам өліп азаптан мәңгі құтылар екен? Бірақ мен онда тірі жетуге тиіспін! Жетемін! Жетемін де!
Сұмдық қой бұл! Құлдар керуенінде бүкіл денесін жара басып қаны сорғалап тұрған сорлылар бар. Терісі сыдырылып қалған жалаңаш етке шынжыр батып кеткен.
Бір әйел аштан кеше өліп қалған баласының өлі денесін әлі көтеріп келе жатыр. Баласының сүйегін көзі қиып тастағысы келмейді.
Артта қалып бара жатқан жолдың үсті адам өлігінен көрінбейді десе де болады. «Желшешек» індеті ұлғая түсті.
Түбінде бірнеше адамның өлігі жатқан бір ағаштың қасынан өттік. Өліктер ағашқа шынжырлаулы жатыр. Бұлар бірер кінәсі үшін жазаға ұшыраған, аштан өлсін деп ағашқа шынжырмен байлап кеткен еріксіздердің өлігі еді.