Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қарт негр жолдастарына шындық жағдайды өздерін тұтқынға алған кезде-ақ айтып түсіндірген. Оның үш жолдасы өздерінің Африкада жүргендерін біліп қайран қалды: олар өздерін тұтқынға алған адамдардан былай айтқанда құл саудагерлерінен ешқандай рақым күтпеуге тиіс екендерін ұқты, сонымен қатар Гэррис пен Негоро құл саудагерлерінің сыбайластары, опасыздар екенін енді ғана білді.
Айдаушылар басқа тұтқындарға көрсеткен қорлықты кәрі Нанға да көрсетті. Негр кемпірі керуеннің орта шенінде, күндікке сатылатын әйелдер тобының қатарында келе жатыр. Оны екі балалы бір жас әйелге шынжырмен қосақтап қойған, бейшара әйелдің жаңа ғана апыл-тапыл басып жүрген үш жасар ұлы мен емшектен шықпаған бір нәрестесі бар. Үш жасар баланы кәрі Нан қамқорлығына алды.
Бейшара ана кәрі кемпірге алғыс айтуға да шамасы келмей, тек болғаны жасы мөлдіреген қара көздерін Нанға қарай төңкере берді. Бала, әрине үлкендерге ілесе алмайды ғой, сірә мына ұзақ сапар баланың түбіне жететін болар. Нан жас баланы көтеріп алды. Бала болғанымен өзі кәрі адамға ауыр жүк қой, көп кешікпей-ақ халден таярмын деп қорықты кемпір.
Нан нәресте негрді көтеріп келе жатып титімдейінен қолында өскен кішкентай Джекті есіне түсірді. Оған Джекті анасы көтеріп бара жатқан сияқты боп көрінді. Бейшара анаға қандай қиын!.. Науқасының салдарынан байғұс бала әбден жүдеп қаңбақтай боп қалған еді ғой, қаншама жеңіл болғанымен бала да болса өзі нәзік адамға недәуір жүк. Ол қазір қайда жүр екен? «Нендей халде? Бейшара баланы кәрі күтушісінің көретін күні болар ма?
Дикті керуеннің соңына салды. Жас жігіт Томды да, оның жолдастарын да, кәрі Нанды да көре алмады, олар шұбатылған ұзын тізбектің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан...
Дик Сэнд жолда бара жатып түпсіз шыңырау қиялға шомды, оның ойын айдаушылардың ақырып-бақырған айқайы бөліп жібере берді. Ол өз қара басының қамы туралы да, жолда кездесетін қиыншылықтарды да, өзіне дайындап қойған Негороның азабын да ойлаған жоқ. Оның бар ойлағаны миссис Уэлдонның қамы еді.
Дик жерден көзін алмай төмен қарап келе жатты: әрбір жапырылып қалған шөпке, әрбір сынған бұтаға тесіле қарайды, оның бар іздегені миссис Уэлдонның ізі еді.
Куанзадан Казондеге баратын басқа жолдың жоқ екенін Дик Сэнд жақсы білетін-ді. Демек, миссис Уэлдонды да Казондеге жөнелткен болды, бұл болжал шынында да дұрыс, миссис Уэлдон, сөз жоқ, осы арамен жүруге тиіс. Оның тағдырын хабарлап «сүйінші» деген кісіге, жас жігіт не сұраса да аямас еді.
Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен бірге Казонде жолында кетіп бара жатыр. Бұлардың өз тағдыры қаншама қатерлі, көрген зәбірлері қаншама ауыр болса да, өздерімен бірге кетіп бара жатқан еріксіз сорлылардың көрген қорлығына дәті шыдамай жандары ашыды, айдаушылардың адамгершіліктен тыс қаталдығын көргенде, бұлардың бойын ыза кернеді. Бір өкінішті жері, бұлардың мына сорлыларға жәрдем тигізетін дәрмені жоқ, ал ана қаніпезерлермен қарсыласа да алмайды.
Куанзадан шығысқа қарай көсіліп жатқан жалпақ орманның ұзындығы жиырма мильден астам. Мұндағы ағаштар теңіз жағалауы маңындағы тоғайлар сияқты қалың емес, жаңа өніп қылтия бастаған ағаш шыбықтарын пілдер тапап кететін болар немесе сан жеткісіз жәндіктердің ұрығы жойып жіберуі де мүмкін.
Ертеңгі мезгілде жол бірсыпыра тәуір болды. Бұта басып кеткен қалыңның арасымен жүргеннен гөрі, сирек орманды аралап жүру анағұрлым оңай. Бірақ жол кей жерлерде қалың жынысқа еніп, керуен мүлдем көрінбей кететін күндері де болды. Бамбук сияқтанып бойлап өскен қамыстың сабағының жуандығы бір дюймнен кем келмейтін биік шөптің арасымен адаспай жүру үшін жергілікті жермен жақсы таныс болу керек.
Керуен таң біліне жолға шығып, түс болғанша кідірместен тарта берді. Шаңқай түсте бір сағат қана тоқталып дем алды. Сол жерде хавильдарлар тайлап буылған жүктердің біреуін шешіп еріксіздерге бір уыстан маниок89 ұнын үлестірді. Егер солдаттар жолшыбай бірер қыстақты талай қойса, мына жарытымсыз асқа екі — үш батат90 немесе бір жапырақ ет қосылады.